22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алдыАЛЖИР туралы айтқанда, ең алдымен аналардың ауыр тағдыры ойға оралады. Алайда сол қасіретті лагерьде аналармен бірге балалардың да репрессияға ұшырағанын ұмытпауымыз керек. Бірі лагерьге жүкті күйінде түссе, енді бірі емізулі сәбиімен келген. Кейбір әйелдер күзетшілер тарапынан зорлық-зомбылық көрген. Лагерьде дүниеге келген 1507 баланың тағдыры – соның ащы дәлелі.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, El.kz интернет порталы АЛЖИР-дің тікенек сымының ар жағында балалық шағынан айырылған сәбилердің қасіретті тағдырын зерттеп көрді.
«Ешкімді кінәлауға зерттеушілердің қақысы жоқ»
АЛЖИР лагерінде туған немесе сол жерде болған балалардың ресми тізімі ашық жарияланбаған. Көп архивтік дерек әлі де жабық. Сондай-ақ репрессияға ұшыраған балалар тақырыбы да елімізде толыққанды зерттелмеген. Себебі АЛЖИР-де бала тууға қатаң тыйым салынған. Бірақ түрмеде 1507 бала дүниеге келді деген дерек бар. Оның шамамен 90 пайызы сол жерде жан тәсілім еткен. Өйткені сәбилерге күтім жоқ, аналары ашқұрсақ жүрді.
Таришы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, АЛЖИР-ге тұтқындар екі бағыттан келген. Бірі Мәскеудегі «халық жауы» атанғандардың әйелі мен қыздары болса, екінші топ Өзбекстаннан келген. Ресейден келгендер жайлы көп жазылса да, өзбек зиялыларының әйелдері жайлы айтылмаған.
АЛЖИР-ге байланысты зерттелмей жатқан тақырыптар көп. Лагерьде дүниеге келген балалар жайлы естігенмін. Тоталитарлық жүйе зорлық-зомбылыққа негізделген қоғам болды. Бұл лагерьлер Сталин дүниеден кеткенше жұмыс істеп тұрды. Сол жүйені көзбен көргендер әлі де бар. Ол заманда НКВД «бала туса босатады» деп әдейі астыртын сөз таратуы да мүмкін. Соған алданып қалғандар да бар шығар. Ешкімді кінәлауға зерттеушілердің қақысы жоқ, – деді Жамбыл Артықбаев.
АЛЖИР лагеріне 62 ұлттың өкілі болған 20 мыңнан астам әйел этаппен жеткізілді. Олардың арасында мемлекет, мәдениет, ғылым қайраткерлерінің әйелдері мен аналары, қыздары болды: Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамал, Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза, Т. Жүргеновтың әйелі Дәмеш және басқалар.
Тұрар Рысқұловтың қызы Рида
Лагерьге балаларымен бірге қамалған қазақ әйелдері де болған. Солардың бірі – Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова. Әзизаның анасы Әрипа Есенқұлова да «күйеу баласы үшін тыңшылық жасады» деген айыппен осында қамалған. Ол кісі ақталуына бірнеше күн қалғанда миына қан құйылып, қайтыс болады. Ал Әзиза Рысқұлованың өзі мал дәрігері еді. Лагерьге бір айлық қызы Ридамен түскен, бірақ ол үшке толғанда, Осакаровтағы балалар үйіне жөнелтіледі. Ал үлкен қызы Сәулені де анасынан сұрап жатпай бірден Одесса маңындағы балалар үйіне жіберіпті. Лагерьде Әзиза Рысқұлова қатты ашығады екен. Бір үзім нанға зар болған. Аман қалу үшін ауру малдың етін жасырып, тұтқын әйелдерге берген. Әйелдер солай күнелткен.
Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян
Сәкен Сейфуллин Гүлбаһрам екеуі 1926 жылы отау құрады. 1930 жылы Лаура есімді қыз дүниеге келеді. Бірақ ол кішкентай кезінде ауырып, шетінеп кетеді. 1936 жылы отбасы ұлды болады, есімін Мұхтар Әуезов Аян қойған. Бірақ отбасы бақыты ұзаққа созылмады. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин «халық жауы» деген жаламен түрмеге қамалады. Сәкен мен Гүлбаһрам соңғы рет 1938 жылы ақпанда түрмеде кездеседі. Бір жылдан кейін Сәкен Сейфуллин атылып, Гүлбаһрам АЛЖИР-ге жіберіледі. Түрмеде Аян да ауырып, дүниеден өтеді.
Майя Рита Рысқұловамен бірге өскен
Беларусь ақыны Тодар Кляшторныйдың жары жаңа туған қызы Майямен бірге АЛЖИР-ге жіберілген. Майя кейін аналардың балаларымен қоштасу сәтін еске алып, олардың қолдан тіккен ойыншықтар сыйлағанын айтқан. Балалар үйінде Майя Рита Рысқұловамен бірге өскен. Ал Ританың әпкесі Сәуле түрлі балалар үйлерінде тәрбиеленіп, аштық пен ауруды бастан өткерген. Балалар үйлеріндегі жағдай өте ауыр болды. Балалар аштықтан, суықтан көз жұмған.
Балалар бөлек барақта тұрған
АЛЖИР лагеріндегі сәбилер «мамкин дом» деп аталатын бөлек барақта тұрған және оларға лагерьдегі тұтқын әйелдердің бірі күтуші ретінде қараған. Аналар жұмыс аяқталғаннан кейін ғана балаларымен бірге бола алған. Балалар 3 жасқа толған соң, оларды Қарағанды облысындағы Осакаров ауданындағы жетімдер үйіне жіберген.
Көптеген бала лагерьдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан дүниеге келген. Олардың әкесінің кім екені белгісіз болып қалды. Туу туралы куәліктерінде тек анасының аты-жөні жазылып, «әкесі» деген баған бос қалатын. Өйткені бұл балалардың әкелері көбіне лагерь күзетшілері немесе НКВД қызметкерлері болған.
Уақыт өте келе есейген балалар өздерінің тегін білгісі келіп, аналарына «Әкем кім?», «Ол қайда?» деген сұрақтарды жиі қоятын. Алайда аналардың көбі бұл тақырыпты қозғаудан қашқақтаған. Бірі «Әкең қайтыс болған», енді бірі «Оны айтқым келмейді» деп қысқа қайыратын.
Осындай оқиғалардың бірінде әкесін сұрай берген балаға анасының құрбысы: «Сенің әкең жақсы адам болмаған», – деп жауап берген екен. Сонда жасөспірім: «Қандай болса да, менің әкем ғой. Кем дегенде аты-жөнін білуге құқығым бар», – деп ренішін білдірген. Ақыры анасы шындықты жасыра алмай: «Сен зорлық-зомбылықтың салдарынан дүниеге келген баласың. Әкең мені еркімнен тыс қорлаған адам еді», – деп бар ақиқатты айтуға мәжбүр болған. Бұл туралы АЛЖИР мемориалды-мұражай кешенінің қызметкері Бекжамал Жалғасова Qalam-ға берген сұхбатында айтқан.
АЛЖИР мұражайы ашылғаннан кейін балалардың кейбірі келіп, естелігін бөлісіп жүріпті. Қазір дені қайтыс болып кеткен.
АЛЖИР-де дүниеге келгенін жасырып өткен
Сол балалардың бірі – Бақытжан Науанова. Ол лагерьде дүниеге келгенін өмірінің соңына дейін көпшілікке айтпаған. Анасы Ләтипа лагерьге ешқандай қылмыссыз түскен. Деректерге сүйенсек, ол жергілікті судьяның қысымына көнбегеннен кейін сотталған. Ләтипа лагерьде тоғыз жыл отырған.
Кейін лагерьдегі тұтқын Байболатпен шаңырақ көтеріп, Бақытжан дүниеге келеді. Үш жасқа толғанда қыз балалар үйіне жіберілгенімен, әкесі бостандыққа шыққан соң оны қайта алып кеткен.
Тарихшылардың айтуынша, кеңестік қуғын-сүргіннің нақты құрбандары әлі толық есептелмеген. Себебі көптеген архив құжаты жойылып кеткен, ал сол кезеңдегі жазалау жүйесі құпия әрі күрделі болған.
Лагерьде дүниеге келген алғашқы сәби
АЛЖИР туралы ең әсерлі естеліктердің бірі – лагерьде дүниеге келген Георгий Каретниковтің өмір тарихы. Ол өзін «ГУЛАГ-та туған бала» деп атаған. Георгий Николаевич 1938 жылы АЛЖИР лагерінде дүниеге келген. Анасы Ольга Гальперина «халық жауының отбасы мүшесі» ретінде сегіз жылға сотталып, жүктілігі кезінде лагерьге айдалған.
Каретниковтің айтуынша, ол лагерьдегі қоршаудың ар жағындағы өмірді бала көзімен қабылдағандықтан, алғашқы кезде оның қаншалықты ауыр орын екенін толық түсінбеген. Кейінірек ол: «Мен лагерьге анамның құрсағында келдім» деп еске алған. Оның балалық шағы АЛЖИР-дегі балалар барағында өткен.
Георгийдің естеліктерінде лагерь өмірінің ауырлығы ғана емес, аналардың мейірімі де айтылады. Ол анасының өзін емізіп отырып Моцарттың шығармаларын айтып беретінін еске алған. Кейін Каретниковтің абсолютті музыкалық есту қабілеті қалыптасып, өмірін музыкамен байланыстырғаны айтылады.
1946 жылы анасы бостандыққа шыққаннан кейін Георгий лагерьден кетеді. Кейін консерваторияны бітіріп, радио журналисі және музыкалық шолушы болып еңбек еткен. Өмірінің соңына дейін АЛЖИР тарихын ұмыттырмауға күш салып, өзінің тағдырын сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының символдық оқиғаларының бірі ретінде айтып жүрген.
«Балаларға мүлде немқұрайды қарайтын»
Біз зерттеу барысында «АЛЖИР: саяси қуғын-сүргін құрбаны болған балалар тағдыры» атты ғылыми мақаланы таптық. Онда кеңестік үкіметтің балаларға қарсы жүргізген репрессиялық саясаты зерттеледі. Авторлар лагерь тұтқындарының, олардың балалары мен куәгерлердің естеліктеріне сүйене отырып, АЛЖИР-дегі балалардың ауыр тағдырын көрсеткен.
Архив деректеріне сәйкес, жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар аналарға да жеңілдік жасалмаған. Олар суық жүк вагондарымен тасымалданып, балалар лагерьдегі арнайы барақтарға орналастырылған. Аналарға балаларын күніне бірнеше рет қана көруге рұқсат етілген, ал сүті тоқтағаннан кейін кездесулер де тоқтатылған.
АЛЖИР тұтқындарының бірі Хава Волович өз естеліктерінде былай деп жазған:
Лагерьде күтушілер балаларға мүлде немқұрайлы қарайтын. Таңғы сағат жетіде олардың сәбилерді қалай оятқанын көрдім. Жылынбаған төсектен оларды итеріп, теуіп тұрғызатын. Балалардың арқасынан жұдырықпен итеріп, былапыт сөздер айтып жүріп, жөргектерін ауыстырып, мұздай сумен жуындыратын... 17 балаға бір ғана күтушіден келетін. Ол балаларды тамақтандыруы, жуындыруы, киіндіруі және бөлмені таза ұстауы керек еді.
АЛЖИР-де алты жыл отырған инженер-химик Галина Семенова да:
Мұндай балалардың тағдырына қызықпайсың. Олар мейірім де, жылу да, тіпті махаббат та көрмеді. Көпшілігі ауырып, емделместен көз жұмды. Қара жұмысқа жегілген әйелдер оларды қалай болса солай күтетін. Мысалы, балаларды тамақтандырғанда аузына ботқаны лық толтырып тығатын, бала тұншығып қала жаздап, оны жұта алмайтын. Сөйтіп, ақыры аш қалатын, – деген екен.
Балаларды ата-анасына қарсы қойған
АЛЖИР тұтқыны Галина Степанова-Ключникованың естелігінде баласынан айырылған аналардың қасіреті ерекше суреттеледі. Оның айтуынша, бір әйел түрмеде баласынан айырылғаннан кейін есінен адасып, ал баласы балалар үйінде қайтыс болған.
Балалар үйі мен колонияларда тәрбиеленген балаларға ата-аналарының «халық жауы» екені айтылып, оларды жек көруге тәрбиелеген. Соның салдарынан кейбір балалар өз ата-анасына өшпенділікпен өскен.
Бөшкеде тірі жатқан шақалақты тапқан
ГУЛАГ-тың санитарлық бөлімінің дерегінше, тек 1939 жылдың өзінде АЛЖИР бағынған КарЛаг жүйесінде 350 баланың 114-і көз жұмған. 1941-1944 жылдары 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1130 бала қайтыс болған. Балаларды Долинка ауылы маңындағы кейін «Мамочкино кладбище» аталып кеткен жерге жерлеген. Қыста жер қатқандықтан, сәбилердің денелері көктемге дейін ағаш бөшкелерде сақталған.
Сол кезеңдегі оқиғалардың бірі туралы естелікте НКВД қызметкері Валентина есімді санитарка бөшкеден тірі жатқан кішкентай қазақ қызын байқап қалып, оны үйіне алып кетіп, сегіз жыл бойы өз қызындай тәрбиелегені айтылады. Кейін анасының жазасы аяқталған соң баланы өзіне қайтарған.
Айта кету керек, АЛЖИР лагері 1937 жылдың 3 желтоқсанында КарЛагтың «26-нүктесі» ретінде құрылған. Мұнда 1938 жылдан бастап мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен саясаткерлердің жұбайлары қамалды. Кейбір әйелдер лагерьде балаларымен бірге жазасын өтеген.
1950 жылдардың басында жағдай өзгере бастады. 1951 жылғы 24 сәуірден бастап кеңестік түрмелер мен лагерьлерден жүкті әйелдер, лагерьде балалары бар әйелдер, сондай-ақ балалары лагерьден тыс жерде жүрген көптеген әйелдер босатыла бастаған.
22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін12 Мамыр, 16:42
Ата-енеме сәлем салмаймын І Олимпиададағы өкінішті әлі ұмытқан жоқпын - Абиба Әбужақынова30 Сәуір, 23:45
Өзбек боксшыларының осал тұсын таптым І Түнгі 10-да ұйықтап қаламын – боксшы Темірлан Мұқатаев