Жаңалықтар

«Анасы әлі табылмады»: ақтөбеліктер тастанды балаға ат қойды

03.06.2026 10:15
Айзат Айдарқызы
Фото: NEGE.kz

Ақтөбе көшелерінің бірінде әлдебіреу сәбиді пакетке салып, тастап кеткен еді. Қазір сәби балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлер оны сәбилер үйіне тапсырады.  

Мамандар сәбиге Батыр деп ат қойған. Нәрестенің анасы табылмаған, полицейлер іздестіріп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға түскен кезде оның салмағы 2 келі 900 грамм болса, қазір 3 келіден асады. Жағдайы орташа ауыр делінген.

Баланың дене салмағы жас нормаларына сәйкес көбейді. Қазір қорғаншылық органдары мен полиция өкілдерімен бірлесіп, қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Барлық процедура аяқталғаннан кейін бала «Үміт» балалар үйіне жіберіледі, - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова КТК арнасына берген сұхбатында.

Оқиға қашан болды?

 23 мамыр күні 11 жастағы қыз Гагарин көшесіндегі екі қабатты үйдің жанынан нәресте тауып алады. Ол құрбысымен серуендеп жүріп, пакетте жыбырлап жатқан тіршілік иесіне көзі түседі. Бастапқыда марғау деп ойлайды. Ағаштың түбінде жатқан пакетті ашып, қарайды. Марғау емес, сәби екенін түсінеді. 

Тұрғындардың айтуынша, нәресте табылған аумақ қоқысқа толы жер. Қараусыз қалған гараж көп. 

Осы жерді ретке келтіріп, гараждарды бұзса екен дейміз. Балалар бұл жерден өтуге қорқады. Енді, міне, баланы да осында тастап кетіпті. Қайта оны уақытында тауып алғаны жақсы болды, - деп сұхбат берген аудан тұрғындары.

Александр есімді жергілікті тұрғын көршісінің қызыл көйлек киген әйелдің қоқысқа баланы тастағанын көргенін айтады. Ол алдымен пакетті үйдің жанына тастап, кейін ағаштың түбіне ауыстырып, тездетіп кетіп қалған. Бесінші пәтерде тұратын тұрғын көршілеріне пакетте жаңа туған шақалақ жатқанын, нәрестенің үсті-басы қан-қан болғанын айтып берген. 

Ақтөбе облысының полициясы баланың анасы әлі табылмағанын хабарлады. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 119-бабы "Қауіпті жағдайда қалдыру" бойынша тергеу жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз