Жаңалықтар

Америкалық блогердің бір жазбасы қазақстандық жарнаманың тағдырын өзгертті

15.06.2026 14:25
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Әлеуметтік желіде трендтерді қайталау – үйреншікті құбылыс. TikTok, Instagram және Threads платформаларында бір форматтың мыңдаған нұсқасы пайда болады. Алайда шабыт алу мен өзгенің еңбегін көшірудің арасы қай жерде ажырайды?

Соңғы күндері дәл осы сұрақ қазақстандық блогер Ақбота Нұрахын мен америкалық фуд-блогер Вэй арасындағы дау аясында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Даудың басталуына макарон брендіне арналған жарнамалық ролик себеп болды. Америкалық контент авторы @feastwithwei өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында басқа блогер оның видеосын негізге алып, жасанды интеллект көмегімен өңдеп пайдаланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, роликтегі кадрлардың композициясы, монтаж тәсілі және баяндау стилі түпнұсқаға тым ұқсас болған.

Блогер Вэй туралы

Вэй (@feastwithwei) – тағам тақырыбында контент жасайтын америкалық фуд-блогер. Ол ерекше рецептілерді, аспаздық тәжірибелерді және тағамға қатысты танымдық видеоларды жариялайды. Контентінің басты ерекшелігі – сапалы түсірілім, мұқият монтаж және авторлық баяндау стилі. Блогердің айтуынша, кейбір видеоларды дайындауға ондаған сағат жұмсалады.

Сондықтан ол бұл мәселеде тек идеяның емес, нақты еңбектің көшірілгеніне назар аударғанын айтты. Желіде 372 мың оқырманы бар.

Контент ұрлаудың бірнеше түрі бар

Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік желідегі контент ұрлау бірнеше формада кездеседі:

Ал трендті қайталау немесе белгілі бір форматтан шабыт алу плагиат болып саналмайды. Мысалы, мыңдаған блогер бірдей дыбыс, бірдей челлендж немесе бірдей формат қолдануы мүмкін. Бірақ кадрлар, мәтін, монтаж және идеяның берілу тәсілі толық көшірілсе, бұл этикалық тұрғыдан сұрақ тудырады.

Заң не дейді?

Көптеген елде идеяның өзі емес, оның нақты көрінісі – мәтін, бейне, музыка немесе визуалдық шешім авторлық құқықпен қорғалады. Сондықтан заңгерлер контенттің көшірілген-көшірілмегенін анықтағанда идеяға емес, орындалу тәсіліне назар аударады.

Әсіресе жарнамада қолданылған контентке талап қатаңырақ. Себебі мұндай жағдайда бейнеролик коммерциялық пайда табу құралына айналады.

Соңғы жылдары Sora, Runway және басқа да нейрожелілердің пайда болуы мәселені ушықтыруда. Егер біреудің видеосы жасанды интеллект көмегімен өңделсе, ол жаңа туынды болып есептеле ме, әлде түпнұсқаның көшірмесі болып қала ма?

Қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты әлемде бірыңғай жауап жоқ. Бірақ көптеген автор жасанды интеллекттің көмегімен өңделсе де, бастапқы контент иесінің еңбегі мойындалуы керек деп есептейді.

Қоғам не ойлайды?

Pasta Mia төңірегіндегі дау тағы бір маңызды мәселені көтерді: әлеуметтік желі дәуірінде авторлық еңбекке құрмет қандай болуы керек?

Контенті әдемі екен мына жігіттің. Бірақ өзара келісу керек еді. Ал Бота контент авторы ретінде Вэйді белгілеу керек еді, – дейді Айнұр Адамбаева есімді оқырман.

Бір тарап мұны трендтің кезекті бейімделуі деп санайды. Екінші тарап коммерциялық жарнамада өзге автордың жұмысын рұқсатсыз пайдалануды әділетсіз әрекет деп бағалайды.

Ең қызығы америкалық блогердің мәлімдемесінен кейін Ақбота Нұрахын өз видеосын желіден алып тастаған.

Оқи отырыңыз