Алтынға бергісіз күміс: Кирилл Проходов туралы не білеміз?

Алтынға бергісіз күміс: Кирилл Проходов туралы не білеміз?

Айзат Айдарқызы
Фото: Владислав Семенов

Қазақстандық шпагашы Кирилл Проходов Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Шпагамен семсерлесуден ерлер арасындағы жекелей сында 19 жастағы отандасымыз финалда әлемнің ең мықты спортшыларының бірі, жапониялық Коки Каномен кездесті. Тартысты өткен шешуші бәсекеде Проходов екі дүркін Олимпиада чемпионына 13:15 есебімен есе жіберді. Финал тағдырын небәрі екі ұпай шешті.

Коки Кано – Токио-2020 Олимпиадасының командалық сындағы және Париж-2024 Олимпиадасының жекелей сындағы чемпионы. Сондай-ақ Париж Олимпиадасында командалық жарыста күміс жүлде иеленген.

Кирилл Проходовтың небәрі 19 жасында Азия ойындарының финалына дейін жетіп, Олимпиада чемпионымен соңына дейін тең дәрежеде тартысуы – жас қазақстандық спортшының жоғары әлеуетін көрсететін нәтиже.

Жүлдеге жету жолында Проходов бірқатар мықты қарсыласты жарыс жолынан шығарды. 1/8 финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Илу Гастон Гийомоны 15:14 есебімен жеңсе, кейін Азияның екі дүркін чемпионы қытайлық Лань Минхаодан 15:7 есебімен басым түсті.

фото: Владислав Семенов


Айта кетейік, Кирилл Проходов – 2026 жылғы Азия чемпионатының командалық сындағы жеңімпазы. Сол құрлықтық додада Қазақстан құрамасы финалда Жапонияны жеңген болатын. Сол кездесуде Проходов Коки Каноны 9:5 есебімен ұтқан еді.

Азия ойындарының күміс жүлдесі – жас қазақстандық шпагашының спорттық мансабындағы ірі жетістіктерінің бірі.

Семсерлесуге қалай келді?

Кирилл Проходов – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында спортшы фехтингке сегіз жасында келгенін айтқан. Оның айтуынша, үйінің маңындағы «Олимпиец» ғимаратына анасымен бірге кірген кезде қолында шпага ұстаған қызды көріп, осы спортқа қызығушылық танытқан. Бұған дейін ауыр атлетикамен айналысқан Кирилл кейін семсерлесуге ауысқан.

Спортшының фехтингті таңдауының бір себебі – бұл спорттағы қарсыластар арасындағы өзара құрмет. Кириллдің алғашқы жаттықтырушысы – Ксения Вендерских. Кейін оның жеке бапкерлері Алексей Пеньков пен Эльдар Алимжаннов болды.  

Алғашқы ірі жетістігі

2025 жылдың ақпанында Кирилл Проходов Кувейтте өткен кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ол жарыстың іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, негізгі кезеңде Иордания мен Қытай спортшыларын жеңді. Ширек финалда тағы бір қытайлық қарсыласынан басым түсті. Жартылай финалда Гонконг өкілі Ман Юэнге 14:15 есебімен жол беріп, жарысты үшінші орынмен аяқтады. 

Бұл нәтиже жас спортшының халықаралық деңгейдегі алғашқы маңызды жетістіктерінің бірі болды. 2025 жылы Кирилл  ересектер арасындағы ұлттық құрама сапында әлем чемпионатына қатысты. 

Тбилисиде өткен әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы командалық шпагадан қола жүлде алды. Бұл – Қазақстан семсерлесуінің әлем чемпионатындағы тарихи нәтижелерінің бірі болды. Кирилл Проходов 18 жасында команда құрамында өнер көрсетті. 

«Хабарға» берген сұхбатында спортшы әлем чемпионатына дейін шамамен он жыл жаттығу жасағанын айтқан. 

Медальдарға толы маусым

2026 жыл Кирилл Проходовтың спорттық мансабындағы ерекше кезеңге айналды. Маусым айында Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы командалық шпагадан чемпион атанды. Чемпиондар құрамында Кирилл Проходов та болды. 

Бір айдан кейін қазақстандық шпажистер әлем чемпионатында да тарихи жеңіске жетті. Гонконгте өткен әлем чемпионатының финалында Қазақстан Украина құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, командалық шпагадан алғаш рет әлем чемпионы атанды. Қазақстан құрамында Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов өнер көрсетті. 

Финалдағы шешуші кезеңдердің бірінде Кирилл Проходов Роман Свичкарьмен кездесіп, соңғы жекпе-жекте жеңісті жұлып алды. 

Осы біріншілікте  Проходов жеке есепте де жақсы нәтиже көрсетті. Ол турнирдің үздік 16 шпажисінің қатарына кірді.

1/16 финалда қазақстандық спортшы финляндиялық Керкко Ярвиді 15:5, кейін датиялық Конрад Конгстадты 15:9 есебімен жеңді. Ширек финалға шығу үшін жапониялық Масару Ямадамен кездесіп, 11:15 есебімен жеңілді. Осылайша, Кирилл әлем чемпионатын жеке есепте 16-орынмен аяқтады. 

Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) профилінде Проходовтың негізгі қаруы — шпага, оң қолмен семсерлесетіні жайлы жазылған. 

Оқи отырыңыз

{