30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыӘлемдік футболдағы ең беделді жеке марапаттардың бірі – «Алтын допқа» (Ballon d’Or) үміткерлердің тізімі жарияланды. Биыл жүлдеге 30 футболшы таласады.
Үміткерлер тізімін «Алтын доптың» негізін қалаған француздың France Football журналы жариялады. 2026 жылғы номинанттар қатарында Лионель Месси, Килиан Мбаппе, Эрлинг Холанд, Ламин Ямаль, Харри Кейн, Родри және былтырғы жеңімпаз Усман Дембеле секілді әлем футболының жұлдыздары бар.
Биыл «Алтын допты» кім алуы мүмкін?
Үміткерлер жарияланғаннан кейін әлемдік спорт басылымдары биылғы «Алтын доптың» ықтимал жеңімпаздарын атай бастады. Басты үміткерлер қатарында Харри Кейн, Ламин Ямаль, Килиан Мбаппе, Родри және Лионель Месси бар.
The Guardian басылымы «Бавария» мен Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейнді жүлденің басты фавориті деп атайды. Кейн өткен маусымда клуб пен ұлттық құрама сапында 65 матч өткізіп, 73 гол соқты. Ол «Бавариямен» Германия чемпионатын, Германия кубогын және Суперкубогын жеңіп алды.
Кейннің басты бәсекелестерінің бірі – Ламин Ямаль. 19 жастағы футболшы Испания құрамасымен 2026 жылғы әлем чемпионатында топ жарды. L’Équipe басылымы әлем чемпионатынан кейінгі «Алтын доп» бәсекесінде Ямальмен қатар Родри, Лионель Месси, Килиан Мбаппе, Харри Кейн және Усман Дембеленің мүмкіндігін де қарастырған.
Килиан Мбаппенің де мүмкіндігі жоғары бағаланып отыр. Франция құрамасының шабуылшысы әлем чемпионатында 10 гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені атанды.
Дегенмен L’Équipe әзірге «Алтын доп» үшін бәсекеде айқын фаворит жоқ екенін жазады. Басылымның пікірінше, дауыс беру кезінде әлем чемпионатындағы жетістік пен клубтық маусымдағы нәтижелердің арақатынасы маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Былтырғы «Алтын доп» иегері Усман Дембеле де биылғы фавориттерін атады.
France Football-ға берген сұхбатында ол үздік үштікке Хвича Кварацхелия, Харри Кейн және Килиан Мбаппені енгізген. Сондай-ақ Майкл Олисе, Ламин Ямаль, Фабиан Руис пен Вильян Пачоның да мүмкіндігін атап өтті.
Дембеленің болжамынша, биыл «Алтын доп» тағы да ПСЖ футболшыларының біріне бұйыруы мүмкін.
Биыл марапат Лондонда табысталады
2026 жылғы «Алтын доп» иегері 26 қазанда белгілі болады. Марапаттау рәсімі алғаш рет Англия астанасы Лондондағы London Palladium театрында өтеді. Бұған дейін салтанатты кеш дәстүрлі түрде Парижде ұйымдастырылып келген.
Лондонның таңдалуы да кездейсоқ емес. Биыл «Алтын доптың» тағайындала бастағанына 70 жыл толып отыр. Марапат алғаш рет 1956 жылы табысталған, оның тұңғыш иегері Англия футболының аңызы Стэнли Мэтьюз болған. Сондықтан мерейтойлық рәсімді Лондонда өткізу арқылы ұйымдастырушылар алғашқы жеңімпазға құрмет көрсетпек.
«Алтын допты» France Football журналы 1956 жылдан бері табыстап келеді. 2024 жылдан бастап марапаттау рәсімін France Football журналына иелік ететін L’Équipe Group пен УЕФА бірлесіп ұйымдастырады.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды