Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?

Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?

Аян Қайырбаев
Фото: Chris Unger/Zuffa LLC/gosrezerv.kz

Қазақстанда әлемдегі ең танымал аралас жекпе-жек ұйымы – UFC турнирі алдағы екі жылда өтуі мүмкін. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов келіссөздер жүргізіліп жатқанын және оның қорытындысы қараша айының соңында жарияланатынын мәлімдеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер министрден UFC турнирін Қазақстанда өткізу мүмкіндігі туралы сұрады.

Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, жыл басынан бері ұйым өкілдерімен бірнеше кездесу және келіссөз жүргізілген. Қазір тараптар 2027-2028 жылдары Қазақстанда турнир ұйымдастыру мәселесін талқылап жатыр.

Жыл басынан бері UFC турниріне қатысты бірнеше келіссөз бен жұмыс кездесулерін өткіздік. Келіссөздер жалғасып жатыр. Айдың соңында 2027-2028 жылдары Қазақстанда UFC турнирін өткізуге қатысты қандай шешімге келгенімізді толығырақ айтамыз. Барлық жұмыс атқарылды, айдың соңында қорытындысын жариялаймыз, – деді министр.

UFC делегациясы Алматыға келген

Бұған дейін, 10 қарашада UFC-дің ресми делегациясы Алматыға барғаны хабарланған. Америкалық ұйым алдымен Қазақстанда Zuffa Boxing бокс турнирін өткізуді, одан кейін 2027 жылы толыққанды UFC турнирін ұйымдастыруды жоспарлағаны айтылды.

Айта кетейік, Zuffa Boxing – UFC президенті Дана Уайт пен Турки Әл аш-Шейхтің бірлескен жобасы.

Қазақстанда жекпе-жек кешін өткізу мәселесіне UFC президенті әрі бас директоры Дана Уайт та пікір білдірген. Ол баспасөз мәслихатында Қазақстандағы турнирді ұйымдастыру бойынша жұмыс жүріп жатқанын және оның жақын арада өтуі мүмкін екенін айтқан.

UFC турнирін өткізу мәселесі

Қазақстанда UFC турнирін ұйымдастыру жоспары алғаш рет 2020 жылы көтерілген. Ол кезде жарысты маусым айында елордадағы «Астана Арена» стадионында өткізу көзделген еді. Басты жекпе-жекте ресейлік Петр Ян мен бразилиялық Марлон Мораес кездесуі тиіс болған.

Бұл ақпаратты Петр Янның және бірқатар қазақстандық спортшылардың мүддесін қорғайтын белгілі менеджер Саят Әбдірахманов та растаған болатын.

Алайда коронавирус пандемиясына байланысты жоспар жүзеге аспады. Көптеген турнир тоқтатылып, кейін Біріккен Араб Әмірліктері мен АҚШ-та көрерменсіз өткізілді.

2024 жылы аралас жекпе-жек сарапшысы Михаил Краймер Қазақстанда UFC турнирін өткізу үшін отандық спортшылардың бірі ұйым чемпионы атануы қажет деген пікір білдірген. Сондай-ақ ол UFC-дің өзге елдердегі турнирлері нөмірленген жарыстар қатарына жатпайтынын, сондықтан Қазақстанда чемпиондық жекпе-жек өткізу мүмкіндігі шектеулі екенін айтқан.

Ал 2025 жылғы мамырда Қазақстандағы OCTAGON аралас жекпе-жек лигасының президенті Нұраддин Садықов UFC басшысы Дана Уайтпен елде турнир өткізу жөніндегі келіссөздер бұрыннан жүргізіліп келе жатқанын мәлімдеген.

Осылайша, Қазақстанда UFC турнирін өткізу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Енді келіссөздердің нақты нәтижесі қараша айының соңында жариялануы мүмкін. Егер тараптар ортақ шешімге келсе, Қазақстан 2027–2028 жылдары әлемдік аралас жекпе-жек додаларының бірін қабылдауы ықтимал.

Оқи отырыңыз

{