Бүгiн, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүрҚазақстан мен Азиядағы ірі қаржы және логистика орталықтарының бірі саналатын Гонконг арасында тікелей әуе қатынасы ашылуы мүмкін. Бұл туралы ҚХР Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Ли Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесу барысында мәлімдеді.
Келіссөздер барысында Джон Ли гонконгтық әуекомпаниялардың бірі келесі жылы Алматыға тікелей рейс ашуға ниетті екенін жеткізген. Үкіметтің хабарлауынша, тараптар болашақта Қазақстан мен Гонконг арасындағы әуе қатынасының географиясы мен жиілігін кеңейту мәселесін де талқылады.
Джон Ли Гонконг әуекомпаниясының келесі жылы Алматыға тікелей рейсті іске қосу жоспары туралы хабарлады. Тараптар болашақта Қазақстанмен әуе қатынасының географиясы мен жиілігі артатынын атап өтті. Екі ел қабылдаған бірлескен шаралар туристік саланың одан әрі дамуына серпін береді, – делінген ресми хабарламада.
Қазақстан мен Гонконг арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі соңғы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. 2023 жылы сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев халықаралық маршруттар желісін кеңейту жоспары аясында 2025 жылға дейін Гонконгты қоса алғанда, бірқатар ірі әлемдік орталықтарға рейс ашу көзделгенін айтқан болатын.
Сол кезде ұзақ мерзімді жоспарлар қатарында Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур және Нью-Йорк бағыттары аталғанымен, белгіленген мерзімде Гонконгқа рейс ашылған жоқ.
Бағытты іске қосу жұмыстары кейін де жалғасты. 2025 жылы көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Гонконг халықаралық әуежайына арнайы барған.
Сапар барысында делегация Гонконгтың Көлік және логистика бюросы өкілдерімен, әуежай басшылығымен және өңірдегі ірі әуекомпаниялар – Hong Kong Airlines, Cathay Pacific және Hong Kong Air Cargo жетекшілерімен келіссөздер жүргізді.
Кездесу қорытындысында Алматы мен Астанаға жолаушылар рейстерін ашу, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы жүк тасымалын дамыту мәселелері талқыланған.
Келіссөздер барысында гонконгтық әуекомпаниялардың “ауаның 5-дәрежелі еркіндігін” пайдалана отырып, Алматы мен Астанаға жолаушылар рейстерін ашу және Қазақстан мен Гонконг арасындағы әуе жүк тасымалын ұлғайту жоспарлары қарастырылды, – деп хабарлаған болатын Азаматтық авиация комитеті.
Гонконг Қазақстан үшін туристік бағыт қана емес, маңызды логистикалық серіктес саналады.
Гонконг халықаралық әуежайы әлемдегі ең ірі жүк авиациялық тораптарының бірі болып есептеледі. Қазақстан тарапы келтірген мәлімет бойынша, әуежай соңғы 14 жыл бойы әуе арқылы жүк тасымалдау көлемі жөнінен әлемде бірінші орында келеді. 2024 жылы оның жүк айналымы 4,9 миллион тоннаға жеткен.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары Гонконгқа 14 күнге дейін визасыз бара алады. Сапар үшін жарамды төлқұжат қажет. Сонымен қатар көші-қон талаптарын сақтау, кері қайту немесе үшінші елге жол жүру билетін өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Ал арнайы рұқсатсыз жұмыс істеуге, оқуға немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысуға болмайды.
Егер жоспар жүзеге асса, Алматы мен Гонконг арасындағы алғашқы тұрақты тікелей әуе қатынасы ашылып, туристер мен іскерлік мақсатта сапарлайтын жолаушылар үшін жол жүру уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Бүгiн, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін12 Мамыр, 16:42
Ата-енеме сәлем салмаймын І Олимпиададағы өкінішті әлі ұмытқан жоқпын - Абиба Әбужақынова