Алматыдағы жер сілкінісі: қазақстандық өнер жұлдыздары не деді?

23 Қаңтар, 14:50 3417

Қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түні болған жер сілкінісі алматылықтарды біраз абдыратып тастағаны анық. Қоғамда танымал азаматтар да оқиғаға қатысты үнсіз қалған жоқ, бірі қатты уайымдап қалғанын айтса, енді құтқарушылар қызметіне көңілі толмайтынын жеткізіп жатты, енді бірі пайдалы кеңестерін бөлісті.

Танымал актер Санжар Мәди Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты тұрғындарға телефондарына зілзала туралы хабарлама қосуды ұсынып, оның жолдарын көрсетті.

Оқи отырыңыз:

Ал «МузАРТ» тобының солисі Сәкен Майғазиев Алладан бәрінің жақсы болуын тіледі:

Бәрі Алланың қолында. Түрлі табиғи апаттардан, зілзаладан, су тасқынынан, от апатынан, соғыстан сақтағай, - деп жазды ол.

Әзілкеш Марат Оралғазин жарық шамын Қазақстандағы үздік сейсмолог деп атады. Оралғазин оқырмандарын да, әсіресе блогерлер мен әріптестерін де түрлі жалған ақпарат таратып, көпшілікті дүрліктірмеуге шақырды.

Сабыр сақтаңыз, өмір бойы Алматыда тұрған адам ретінде айтайын, ондай болып тұрады. Бастысы, даурықпаңыз, құжаттарыңызды алып, киініп, көлікте не далада күтіңіз. Туыстарыңыздың үйлеріне барсаңыз да болады, - деді ол.

Астаналық актер Данияр Алшынов та өзінің Алматыда екенін айтып, қандай күйді бастан кешкенін бөлісті.

Біз көлікте болдық, сондықтан аса сезінген жоқпыз. Өмірімде бірінші рет мұндай жағдайды бастан кештім, соңғы деп үміттенемін, - деді актер.

Өнер иесі такси құнын шарықтатып жіберген жүргізушілерге де килікті.

Жер сілкінісі кезінде бағаны аспанға шығарған біздің мейірімді таксистерге сәлем. Досымды алып кетуге барғанмын. Бәрі бір-бірінің жолын кескестеп жүр, - деп атап өтті Алшынов.

Шетелде демалып жүрген әншілер Ерке Есмахан мен Қарақат Әбілдина да шетте қалмай, отандастарына амандық тіледі.

Алматыда жер сілкінгенін естіп алаңдап қалдық. Елімді, жерімді, жаратқан Алла, тілсіз жаудан сақтай гөр, - деп жазды Әбілдина.

Ал актриса, блогер Жания Журинская оқырмандарынан жағдай сұрап, мұндай сәтте қорқыныштан өзінің күле беретінін жеткізді.

Өзімді ақырзаман туралы фильмдегідей сезіндім. Қолыма түскен киімді киіп шықтым. Масқара! Қорқынышты. Шынымды айтсам, мұндай сәттерде қорыққанымнан күле беремін. Есінен адасты демеңіздер. Тек осындай кезде өз-өзімді бақылай алмай қаламын. Өте қорқынышты, - деп жазды ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Алматыда 6,2 балдық жер сілкінісі болғаны туралы хабар тараған, дегенмен мамандар зілзала күші 5 балдан аспағанын айтты. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: