30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыАлматыдағы көпқабатты үйлерде 8 420 лифт бар. Олардың 10 пайыздан астамы алдағы бірнеше жылда міндетті түрде ауыстырылуы тиіс. Жаңа лифт орнату қанша тұрады және оның шығынын кім өтейді?
Қазіргі уақытта Алматыда барлығы 14 523 лифт пайдаланылып жатыр. Бұл санға тұрғын үйлердегі ғана емес, бизнес-орталықтардағы, сауда және ойын-сауық орталықтарындағы және басқа да нысандардағы лифтілер кіреді.
Ал көппәтерлі тұрғын үйлерде 8 420 лифт бар.
Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, соның 935-і 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.
Қолданыстағы техникалық регламенттер мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес, бұл лифтілер 2030 жылға дейін міндетті түрде ауыстырылуы қажет.
Лифтіні толық ауыстыру – қомақты қаражатты қажет ететін жұмыс. Сондықтан Қазақстанда 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Әр өңір мен қалада бағдарламаның өз операторы бар. Алматыда бұл міндетті «Алматы тұрғын үй» ЖШС атқарады.
Жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мемлекет беретін пайызсыз несие арқылы тұрғындар үйдің қасбетін, шатырын, инженерлік желілерін және лифт жабдықтарын жаңарта алады.
Алайда бұл қаражат қайтарымды негізде беріледі.
Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін кондоминиумды басқару органы пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің деректерін операторға ұсынады. Соның негізінде бюджет қаражатын қайтару кестесі жасалады.
Әр меншік иесінің ай сайын төлейтін сомасы оның кондоминиумның ортақ мүлкіндегі үлесіне, яғни иелігіндегі үй-жайдың ауданына қарай есептеледі.
Қаражатты қайтару мерзімі – 7 жылдан 15 жылға дейін.
Бағдарламаға қатысу үшін пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жалпы жиналыс өткізіп, лифт жабдығын ауыстыру туралы шешім қабылдауы керек.
Шешім қабылдануы үшін барлық меншік иелерінің кемінде 51 пайызы қолдауы қажет.
Одан кейін кондоминиумды басқару органы жалпы жиналыстың хаттамасы мен бағдарламаға қатысу туралы өтінімді «Алматы тұрғын үй» ЖШС-не жолдайды.
Оператор осы құжаттар негізінде бюджеттік өтінімді қалыптастырады. Жұмыстар бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады, кейін тұрғындар бөлінген ақшаны белгіленген мерзім ішінде қайтарады.
Алматы қаласының тиісті басқармасы негізгі лифт маркаларының орташа бағасын да жариялаған.
Fuji (Қытай) – 15,89 млн теңге.
Fujizy (Қытай) – 17,98 млн теңге.
LiftComp (Түркия) – 15,24 млн теңге.
Могилевлифтмаш (Беларусь) – 15,19 млн теңге.
LGS (Қазақстан, Қытай және Кореяның бөлшектері) – 13,86 млн теңге.
Дегенмен нақты баға таңдалған брендке ғана байланысты емес. Құнға ғимараттың қабат саны, лифтінің жүк көтергіштігі, аялдамалар саны, техникалық сипаттамалары, монтаждау жұмыстарының күрделілігі және ғимарат конструкциясының ерекшеліктері де әсер етеді.
Осы бағаларды негізге алсақ, 935 лифтінің барлығын ауыстыруға шамамен 13–17 миллиард теңге қажет болуы мүмкін. Нақты шығын әр үйге таңдалатын жабдық пен монтаж жұмыстарына байланысты анықталады.
2026 жылы Алматыда қанша лифт ауыстырылады?
2011-2025 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарлама аясында Алматыдағы 1 128 көппәтерлі тұрғын үйде 2 372 лифт ауыстырылған.
Бұл жұмыстарға жалпы 18,3 миллиард теңге жұмсалған.
2026 жылы пайызсыз қаржыландыру тетігі арқылы тағы 57 тұрғын үйдегі 105 лифтіні жаңарту жоспарланған.
Осылайша, 2030 жылға дейін Алматыда пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан 935 лифтіні кезең-кезеңімен ауыстыру міндеті тұр.
Лифтіні ауыстыруға қажетті қаражат бастапқыда бюджеттен бөлінеді. Сондықтан тұрғындарға бірден бірнеше миллион теңге жинаудың қажеті жоқ.
Бірақ бұл тегін жөндеу емес. Бюджеттен бөлінген қаражат кейін пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері тарапынан 7-15 жыл ішінде бөліп төлеу арқылы қайтарылады.
Әр меншік иесінің төлем мөлшері өзіне тиесілі жылжымайтын мүліктің ауданына қарай есептеледі.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды