Алматыда «Стартап – QZ» телехикаясының түсірілімі басталды

Алматыда «Стартап – QZ» телехикаясының түсірілімі басталды

Мадина Асылбекова
Фото: «Хабар» агенттігі / «Стартап – QZ» сериалының түсірілім алаңынан

Қазақстандық жастардың арманы, ғылымға деген құштарлығы мен өмірлік таңдауы арқау болған «Стартап – QZ» драмалық телехикаясының түсірілімі басталды.

Бұл идеяның табысқа, ал арманның нақты жобаға айналу жолын баяндайтын оқиға. Телехикая «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша «Б.А.С.про.кз» ЖШС тарапынан түсірілуде.

Кино өндірісіндегі игі дәстүрге сай алғашқы кадр түсірілгеннен кейін шығармашылық топ естелік тәрелкені сындырып, жаңа жобаға сәттілік тіледі.

«Стартап – QZ» сериалынан кадр

Телехикаяның оқиғасы еліміздегі инновациялық стартаптар байқауы аясында өрбиді. Қатысушылар үздік жобаны ұсынып қана қоймай, өз армандары үшін күреседі. Бұл жолда оларды бәсеке, достық, сатқындық, күмән мен үлкен жауапкершілік күтіп тұрады.

Сериалдың басты кейіпкері – 17 жастағы Әлинұр. Робототехникаға ғашық жасөспірім анасының ауыр сырқаты туралы естіген сәттен бастап медициналық робот жасауды өмірлік мақсатына айналдырады. Оның арманы жеңіске жету ғана емес, ең жақын адамын аман алып қалу. Осы мақсат жолында ол талай сынақтан өтеді.

«Стартап – QZ» сериалының түсірілім алаңынан

Продюсер Ақылбек Досжановтың айтуынша, «Стартап – QZ» ғылым туралы құрғақ әңгіме емес, көрерменді толғандыратын адам тағдырлары арқылы өрбитін оқиға.

Біз ғылымды оқулықтың тілімен емес, адам тағдыры арқылы көрсеткіміз келді. Себебі кез келген жаңалықтың артында арманына адал, тынымсыз еңбек еткен адам тұрады, – деді продюсер.

Телехикаяда жас өнертапқыштардың тың жобалары көрініс табады. Олардың қатарында медициналық робот, жасанды интеллектке негізделген жаттықтырушы, «ақылды» киім және баламалы энергия өндіретін жүйелер бар. Осылайша көрермен қызықты оқиғаны тамашалап қана қоймай, қазіргі ғылым мен технологияның мүмкіндіктеріне де жақыннан танысады.

«Стартап – QZ» сериалынан кадр

Түсірілім бірнеше айға созылады. Жаңа телехикая «Хабар» телеарнасының алдағы телевизиялық маусымында көрерменге жол тартады.

Оқи отырыңыз

{