Жаңалықтар

Алматыда алғашқы роботакси таныстырылды

16.06.2026 12:15
Амангүл Тілейқызы
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Алматыда Yandex Qazaqstan компаниясының жүргізушісіз таксиі таныстырылды. Әзірге сервис іске қосылған жоқ, бірақ болашақта мұндай көліктер еліміздің ірі қалаларында пайда болуы мүмкін. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.

Демонстрация барысында Көлік вице-министрі Дамир Қожахметовке Hyundai Sonata базасында жасалған жүргізушісіз автокөлік көрсетілді. Жоба интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту және Қазақстанда автономды көлік технологияларын енгізу мүмкіндіктерін зерттеу аясында таныстырылған.

Роботаксилер кезең-кезеңімен енгізіледі

Министрліктің мәліметінше, жүргізушісіз такси қызметін бірден жалпы қолданысқа шығару жоспарланып отырған жоқ. Алғашқы кезеңде роботаксилер шектеулі аумақта пилоттық режимде жұмыс істейді. Бұл технологияның нақты қалалық ортадағы жұмысын тексеруге және қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік береді.

Компания өкілдері мұндай көліктер тәулік бойы диспетчерлік орталықпен байланыста болатынын және жолаушылардың сапары сақтандырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ жүйенің барлық әрекеті бақылауда болып, кез келген төтенше жағдайда мамандар араласуға дайын болады.

Жүргізушісіз көліктерге арналған заң дайындалып жатыр

Көлік министрлігі Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанда жүргізушісіз көліктерді пайдалануға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

Жаңа түзетулер роботаксилерді пайдалану тәртібін айқындап, мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылауға және автономды көліктердің қауіпсіз жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, жүргізушісіз көліктерді жолға шығарудан бұрын жауапкершілік, сақтандыру, жол-көлік оқиғалары кезіндегі әрекет алгоритмі және деректер қауіпсіздігі секілді мәселелер заң жүзінде толық реттелуі тиіс.

Алғашқы болып Алматы мен Астана таңдалуы мүмкін

Министрлік роботакси қызметін енгізуге ең қолайлы қалалар ретінде Алматы мен Астананы атап отыр. Өйткені бұл қалаларда цифрлық инфрақұрылым жақсы дамыған, жол қозғалысын бақылау жүйелері мен заманауи технологияларды енгізуге қажетті мүмкіндік бар.

Дегенмен ведомство технологияны енгізу кезінде қауіпсіздік басты орында болатынын атап өтті. Сондықтан жүргізушісіз көліктердің жұмысы барлық талапқа сай болған жағдайда ғана кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

Әлем роботакси дәуіріне қадам басты

Кейінгі жылдары жүргізушісіз таксилер әлемнің бірнеше елінде қоғамдық көлік жүйесінің бір бөлігіне айнала бастады. АҚШ пен Қытайда мұндай қызметтер жекелеген қалаларда тестілеуден өтіп, коммерциялық пайдалануға берілген.

Алайда технологияның дамуымен бірге түрлі қиындықтар да туындап отыр. Мәселен, бұған дейін Сан-Францискода электр қуаты өшіп, роботаксилердің жаппай тоқтап қалғаны хабарланған. Ал АҚШ-тың Остин қаласында жүргізушісіз такси оқиға орнында жұмыс істеп жатқан төтенше жағдай қызметтерінің жолын бөгеп, қоғамда қызу талқылауға себеп болды.

Соған қарамастан көптеген мемлекет автономды көліктерді болашақтағы қалалық мобильділіктің маңызды элементі ретінде қарастырады. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмай, жүргізушісіз көлік технологияларын енгізудің құқықтық және техникалық негіздерін қалыптастыруға кірісіп отыр.

Оқи отырыңыз