23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Алматы көшелерінде ең жиі кездесетін көлік – Toyota Camry. Ал соңғы жылдары шығарылған автомобильдер арасында Қытай маркаларының үлесі күрт артқан. Мәселен, 2024-2025 жылдары өндірілген көліктердің жартысынан астамы Қытай маркаларына тиесілі. Сонымен қатар кейбір электромобильдер тәулігіне 150 шақырымға дейін жол жүреді. Қаладағы көлік қозғалысына жүргізілген зерттеу осындай қызықты деректерді анықтады.
Зерттеу барысында Алматының 18 көшесі мен даңғылындағы көлік ағыны талданған. Мамандар автомобильдердің маркасы мен моделін, шығарылған жылын, тәулігіне жүріп өтетін орташа қашықтығын және әр көшедегі көлік құрамының ерекшеліктерін салыстырған.
Алматыда ең көп таралған көлік маркалары қандай?
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Алматы жолдарындағы әрбір бесінші көлік – Toyota. Оның үлесі жалпы көлік санының 21,4 пайызына тең. Одан кейін Hyundai (14,2%) мен Kia (7,2%) маркалары тұр. Олардың жиынтық үлесі Toyota көрсеткішімен шамалас.
Алғашқы алтылыққа Chevrolet (6%), Nissan (3,8%) және Mercedes-Benz (3,7%) маркалары да енген.
Ал нақты модельдерге келсек, Toyota Camry-дің бәсі бәрінен жоғары. Бұл көлік зерттеу қамтыған 18 көшенің барлығында бірінші орынға шыққан. Яғни Алматы жолдарындағы шамамен әр он төртінші автомобиль – Camry. Қалада жиі кездесетін бес модельдің тізімі мынадай:
Қытай көліктері нарықта қалай көбейді?
Алматы көшелеріндегі әр жетінші көлік Қытай маркаларына тиесілі. Олардың арасында Changan, Chery, Geely және BYD жиі кездеседі.
Алайда ең қызығы – автомобильдердің шығарылған жылын салыстырғанда байқалады. 2020 жылға дейін өндірілген көліктер арасында Қытай маркаларының үлесі 1 пайыздан сәл ғана асқан. Ал 2024-2025 жылдары шығарылған автомобильдер арасында бұл көрсеткіш 51 пайызға жеткен.
Яғни соңғы жылдары сатып алынған жаңа көліктер арасында Қытай өндірушілерінің бәсекесі айтарлықтай күшейген.
Ал Toyota-ның үлесі керісінше азайған. Мәселен, 1990-2020 жылдары шығарылған көліктер арасында жапон маркасының үлесі үштен бірге жуық болса, 2024-2025 жылдары өндірілген автомобильдер арасында 4 пайызға да жетпейді.
Жаңа көліктер арасында Changan CS модельдері алда тұр. Одан кейін Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, Hyundai Elantra және Kia Sportage орналасқан.
Алматының қай көшесінде қандай көлік жүреді?
Зерттеу нәтижесі қала көшелеріндегі көлік құрамының да біркелкі емес екенін көрсетті. Мәселен, жаңа автомобильдер ең көп кездесетін орын – Достық даңғылы. Мұндағы көліктердің жартысынан астамы 2021 жылы немесе одан кейін шығарылған. Ал Солтүстік айналма жолда жағдай өзгеше. Мұнда әр төртінші көлік дерлік 2005 жылға дейін өндірілген.
Кей көшелерде жүк көліктері басым болса, енді бірінде қымбат жол талғамайтын автомобильдер жиі кездеседі. Мәселен, Солтүстік айналма жолда Volvo FH және DAF XF жүк көліктері басқа көшелермен салыстырғанда бес есеге жуық жиі жүреді.
Құлжа тасжолында 1990 жылдары шығарылған Audi 100, Audi 80, Mitsubishi Galant және Volkswagen Passat секілді еуропалық әрі жапондық көліктерді жиі кездестіруге болады.
Ал Әл-Фараби даңғылында Tesla Model Y, Mercedes-Benz G 63 AMG, BMW X7 және Lexus LX 600 сияқты қымбат автомобильдер көп. Достық даңғылында Zeekr 001, Li L9, Range Rover және Porsche Cayenne модельдері жиі ұшырасады.
Ал Абай даңғылы, Төле би, Розыбакиев және Жандосов көшелеріндегі көлік құрамы қаланың жалпы көрсеткішіне жақын.
Қымбат көліктер қай даңғылда көп?
Зерттеуге қатысқан әрбір отызыншы автомобильдің құны 25 миллион теңгеден жоғары. Мұндай көліктердің үлесі Әл-Фараби даңғылында 6,5 пайыз, Достық даңғылында 6,3 пайыз болған. Ал Саин көшесінің жалғасында бұл көрсеткіш небәрі 1,2 пайызды құрайды.
Бағасы 25 миллион теңгеден асатын көліктер арасында Li L9 және Toyota Land Cruiser 200 жиі кездеседі.
Ал құны 80 миллион теңгеден басталатын автомобильдердің үлесі жалпы көлік санының шамамен 0,25 пайызына тең. Басқаша айтқанда, әрбір төрт жүзінші көлік осы санатқа жатады.
Мұндай қымбат автомобильдер Достық даңғылында Саин көшесінің жалғасымен салыстырғанда 12 есе жиі кездеседі. Олардың жартысына жуығы Lexus LX 600 және Mercedes-Benz G 63 AMG модельдері.
Электромобильдер бензинмен жүретін көліктерден көп жол жүреді
Зерттеудегі тағы бір қызықты дерек – электромобильдер мен гибридті көліктердің жүріп өтетін қашықтығына қатысты.
Қаладағы жалпы көлік санының 4,5 пайызы ғана электромобильдер мен электр желісінен қуатталатын гибридтер болғанымен, олардың жүріп өткен жолы барлық автомобильдердің жиынтық қашықтығының 7 пайызына жуық.
Sergek ITS зерттеуінше, бұл санаттағы көліктер тәулігіне орта есеппен 59 шақырым жол жүреді. Ал қалған автомобильдердің орташа көрсеткіші – 38 шақырым. Яғни электромобильдер мен қосылатын гибридтер өзгелерге қарағанда шамамен 1,5 есе көп қозғалады.
2024-2025 жылдары шығарылған көліктердің әр алтыншысына жуығы осы санатқа жатады. Электромобильдер мен гибридтердің үлесі Достық даңғылында 10 пайызға жуықтаса, Әл-Фараби даңғылында 9 пайызға жеткен.
Тәулігіне 150 шақырым жүретін көліктер бар
Алматыда ең көп жол жүретін автомобиль модельдерінің арасында Қытай маркалары көш бастап тұр.
Мәселен, BYD Qin EV электромобилі тәулігіне орта есеппен 150 шақырым жол жүреді. Hongqi EH7 моделінің көрсеткіші шамамен 120 шақырым. Ал қалада жиі кездесетін Toyota Camry тәулігіне орта есеппен 38 шақырым қозғалады.
Мамандар мұндай айырмашылықты кейбір көліктердің коммерциялық мақсатта, соның ішінде такси қызметінде пайдаланылуымен байланыстырады. Дегенмен автомобильдің жүріп өткен қашықтығына қарап, оның нақты қандай мақсатта қолданылатынын анықтау мүмкін емес.
Айта кетейік, зерттеу 2026 жылғы 16-22 қараша аралығында жүргізілген. Автомобильдер қала бойынша және зерттелген әр көше бойында тәулігіне бір рет қана есепке алынған. Көліктердің орташа жасы шамамен 13 жылды құрайды.
Зерттеу Алматыда тіркелген барлық автомобильді емес, аталған кезеңде қала көшелерімен жүрген көліктерді қамтиды. Сондықтан алынған деректер мегаполистегі нақты көлік қозғалысының құрамын және соңғы жылдары автомобиль нарығында болған өзгерістерді аңғартады.
23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?23 Қараша, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік