Әлеуметтік драма: буллинг туралы фильм жарық көреді

Әлеуметтік драма: буллинг туралы фильм жарық көреді

Айзат Айдарқызы
Фото: фильм баспасөз қызметінен

Мектеп қабырғасындағы буллинг, құрдастардың қатыгездігі және жақындарының немқұрайлығы жасөспірімнің өмірін нағыз тозаққа айналдыруы мүмкін. Бала бұндай жағдайда, өз қорқынышымен жалғыз қалғанда қандай қадамдарға баруы мүмкін? Режиссер Арыстан Каунев өзінің «Тоқылдақ» атты дебюттік фильмінде осындай ауыр тақырыптарды көтереді. Жасөспірімдер арасындағы буллинг туралы әлеуметтік драма жақында үлкен экранға шығады. 

Фильмнің басты кейіпкері – сыныптастарының үнемі қорлауына ұшырап жүрген Олжас. Болған жағдайды анасына айтып бергені үшін құрдастары оған «Тоқылдақ» деген лақап ат қояды. Алайда мектептегі әдеттегі жанжал көп ұзамай қорқынышты оқиғаға ұласады. Қолдау көрмей, тығырықтан шығар басқа жолды таппаған жасөспірім ішкі күйзелісін жұмбақ дәптердің беттеріне түсіре бастайды…

фото: фильм баспасөз қызметінен

Сценарист Арыстан Каунев үшін бұл режиссер ретіндегі алғашқы қадам. Көпшілік көрерменге ол «Sheker» атты сериалдың авторларының бірі ретінде таныс. Сонымен қатар Арыстан «Брат или брак», «Қазақша бизнес» және «Дәстүр: Теріс бата» сияқты танымал жобалардың сценарийлерін жазуға көмектескен.

фото: фильм баспасөз қызметінен

Sheker сериалында біз адамның моральдық тұрғыдан құлдырауын, оның біртіндеп құбыжыққа айналуын зерттедік. «Тоқылдақта» да осы тақырыпқа қайта ораламыз, бірақ бұл жолы оған басқа қырынан қарап, мүлде өзгеше жағдайларды көрсетеміз, — дейді режиссер.

Кинотуынды 26 қарашада прокатқа шығады. Фильм авторлары буллингке қарсы және экрандағы оқиғалар қазіргі қоғамдағы нақты мәселелермен байланысты екенін атап өтуде. Олардың пікірінше, мұндай проблемаларды қоғам бірлесе отырып шешуі қажет.

фото: фильм баспасөз қызметінен

Балалардың пікіріне құлақ асып, олармен тең дәрежеде сөйлесу маңызды. Бәлкім, фильмді көргеннен кейін кейбір ата-ана баласымен қарым-қатынасына жаңаша көзқараспен қарайтын шығар, – дейді фильмде басты кейіпкердің анасының рөлін сомдаған актриса Толқын Нұрбекова.

Олжастың рөлін отандық киноның жас жұлдызы Магзаман Торенияз («Тренер аға») сомдап шықты. Сондай-ақ фильмге Асель Акбарова («Эскорт»), Амина Оразбай («Папа умер в субботу»), Жасұлан Айтен («Заманback»), Алмагүл Сағындық («Бақыт»), Кенжебек Башаров («7 қарақшы») және басқа да актерлер қатысқан.

фото: фильм баспасөз қызметінен

Фильмнің бас продюсерлері – Анна Чакиртова мен Анара Жунусова. Олардың бұған дейінгі жобаларының қатарында жасөспірімдер тақырыбын қозғайтын «Приговор», «Чёрный двор», «Қара бекіре» және «Таргет» сериалдары бар.

Оқи отырыңыз

{