Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдарыОлимпиаданың бес дүркін чемпионы, франциялық дзюдошы Тедди Ринер 2027 жылы президенттік сайлауға қатысуға ниетті.
Harris Interactive зерттеу компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, спортшы сайлаудың бірінші кезеңінде 10 пайыз дауыс жинауы мүмкін. Сауалнама 9 қарашада Францияның кәмелетке толған 1000 тұрғыны арасында жүргізілген.
Ринер президенттікке түсу туралы шешімін әлеуметтік желідегі видеосында және Le Parisien басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. Ол өз үндеуінде Францияның қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағдайына тоқталды. Спортшы мемлекеттік қарыздың өсуі, күнделікті өмір құнының қымбаттауы, қауіпсіздік мәселелері мен жастардың болашаққа сенімінің азаюы туралы айтты.
Мен туралы не айтатынын білемін: мені есінен адасқан, қалыптасқан жүйеге жатпайтын, оның ережелерін білмейтін және саясатпен ешқашан айналыспаған адам деп айтуы мүмкін. Бірақ бүгінгі күні ессіздік деген не? Францияның қарыз ауыртпалығынан күн сайын құлдырап бара жатқанын үнсіз бақылаудан бас тарту – ақылға қонбайтын әрекет пе? – деді Ринер президенттікке кандидат болатынын жариялаған видеосында.
Ол қарапайым отбасылардың күнделікті шығындарын өтеуде кездесетін қиындықтары мен қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне де назар аударды.
Le Parisien басылымына берген сұхбатында Ринер өзін оңшылдарға да, солшылдарға да жатқызбайтынын айтты. Оның мақсаты – «халықты татуластырып, біріктіретін президент» болу. Сайлауалды науқанына «La France qu’on veut» («Біз қалайтын Франция») деген ұран таңдаған.
Елімнің өртеніп жатқанын сырттан бақылап, соған түрлі сылтау іздеп отырмаймын. Мен бүкіл өмірімді жазу үстелінің басында өткізген жоқпын, бірақ күрес әрдайым менің болмысымның бір бөлігі болды, – деді бұрынғы чемпион.
Оның айтуынша, спорттағы мансабы күресуді, жеңілістен кейін қайта тұрып, алға ұмтылуды үйреткен.
Мен күресудің, құлаудың және қайта тұрудың не екенін білемін. Нақты өмірдің қандай екенін де жақсы түсінемін. Адал еңбек пен маңдай тердің қадірін білемін. Францияға жаттанды сөздерді қайталап, күні бойы пікірталасқа қатысатын кәсіби саясаткер қажет емес. Елге парасаттылық, табандылық, әділдік және тәртіп орната алатын адам керек, – деп атап өтті Ринер.
Алайда президенттікке түсу ниетін жариялау оның сайлауға ресми түрде қатысатынын білдірмейді. Франция заңнамасына сәйкес, кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер елдің кемінде 30 департаментінен жергілікті және ұлттық деңгейде сайланған өкілдердің 500 қолын жинауы қажет.
Ринерге қанша адам дауыс беруге дайын?
Harris Interactive сауалнамасында спортшының сайлаудағы ықтимал қолдауы 2025 жылғы маусымнан бері қалай өзгергені де көрсетілген. Сол кезде оның электоралдық әлеуеті 18 пайыз болған. Ал 2026 жылғы қаңтар мен қазан аралығында бұл көрсеткіш 12-14 пайыз шамасында сақталған.
Қарашадағы сауалнама бойынша, респонденттердің 3 пайызы Ринерге міндетті түрде дауыс беретінін айтқан. Тағы 7 пайызы оған дауыс беруі мүмкін екенін жеткізген. Ал сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы дзюдошыны қолдамайтынын мәлімдеген.
Зерттеу компаниясы бұл көрсеткіштерді сайлаудағы нақты дауыс үлесі емес, кандидаттың ықтимал электоралдық әлеуеті деп түсіндіреді. Себебі сауалнамаға қатысушылар бірнеше ықтимал немесе нақты кандидатқа дауыс беруі мүмкін екенін қатар белгілей алған. Оларға сайлау келесі жексенбіде, яғни 15 қарашада өтсе, кімге дауыс беретінін көрсету ұсынылған.
Ринерден бөлек, тізімге енген 46 адамның арасында да осындай электоралдық әлеуетке ие саясаткерлер мен кәсіпкерлер бар. Олардың қатарында «Халықтық-республикалық одақ» қозғалысының жетекшісі Франсуа Асселино мен миллиардер Ксавье Ньель де бар.
Дегенмен Ринер бұл тізімдегі ең танымал он үміткердің қатарына тек «Бағынбайтын Франция» солшыл партиясының жақтастары арасында ғана енген. Бұл партияның негізін қалаушы Жан-Люк Меланшонды қолдайтын сайлаушылардың 85 пайызы оған дауыс беруге дайын екенін білдірген.
Президенттікке басты үміткерлер кімдер?
Сауалнамаға қатысушылар ұсынған 46 адамның ішінде ең жоғары электоралдық әлеуетке оңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының кандидаты Марин Ле Пен ие. Респонденттердің 46 пайызы оған дауыс беруі мүмкін екенін айтқан.
Соңғы бір айда Ле Пен ең жақын қарсыласы, солшыл күштердің өкілі Рафаэль Глюксманнан алшақтай түскен. Қазір олардың арасындағы айырмашылық 20 пайыздық тармақты құрайды. Глюксманның көрсеткіші – 26 пайыз.
Үздік бестіктің қатарында бұрынғы премьер-министр, «Горизонттар» партиясының жетекшісі Эдуар Филипп пен «Республиканшылар» партиясынан үміткер, бұрынғы ішкі істер министрі Брюно Ретайо да бар. Екеуінің де көрсеткіші – 25 пайыз. Ретайоның қолдауы бір айда 5 пайыздық тармаққа өскен.
Ал Канн қаласының мэрі Давид Лиснар 24 пайызбен алғашқы бестікті түйіндейді. Оның көрсеткіші соңғы бір айда 9 пайыздық тармаққа артқан.
Көптеген сауалнамада Марин Ле Пенмен бірге екінші турға шығуы мүмкін үміткер ретінде аталып жүрген Жан-Люк Меланшон Harris Interactive зерттеуінде 14 пайыздық қолдауға ие болған.
Франциядағы 2027 жылғы президент сайлауы туралы не белгілі?
Францияда президент сайлауы 2027 жылғы сәуірде өтеді. Қазіргі мемлекет басшысы Эмманюэль Макрон қатарынан үшінші мерзімге сайлана алмайды. Сондықтан алдағы сайлауда елдің жаңа президенті анықталады.
Дауыс беру екі кезеңнен тұрады:
Егер бірінші кезеңде үміткерлердің ешқайсысы 50 пайыздан астам дауыс жинай алмаса, ең көп қолдауға ие болған екі кандидат екінші кезеңге өтеді.
Әзірге сайлауға қатысатын үміткерлердің түпкілікті тізімі бекітілген жоқ. Президенттікке үміткерлер тіркелу үшін, басқа талаптармен қатар, сайланған билік өкілдерінің кемінде 500 қолын жинауы керек. Кандидаттардың ресми тізімі 2027 жылғы 26 наурыздан кешіктірілмей жариялануы тиіс.
Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, Марин Ле Пен мен Жан-Люк Меланшон екінші кезеңге өтуі мүмкін негізгі үміткерлер қатарында.
Кеше, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді5 Қараша, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар