Жаңалықтар

Әлемдегі ең қауіпті әуежай қайда орналасқан

08.06.2026 17:44
EL.KZ
Фото: wikipedia.org

Лукладағы (Непал) әуежай тағы да әлемдегі ең қауіпті әуежайлардың қатарына енді. Бұған қысқа ұшу-қону жолағы, таулы аймақта орналасуы және құбылмалы ауа райы әсер еткен.

Неліктен бұл әуежай қауіпті саналады

Express Daily басылымының мәліметінше, Лукладағы Тенцинг пен Хиллари атындағы әуежай теңіз деңгейінен 2844 метр биіктікте орналасқан. Әуежайдың ұшу-қону жолағының ерекше параметрлері ұшып-қону процесін едәуір күрделендіреді. Жолақтың ені небәрі 20 метр, ал ұзындығы 527 метрді құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, халықаралық әуежайлардың көпшілігінде ұшу-қону жолағының ұзындығы шамамен 3000 метр болады.

Сонымен қатар әуежайдың ұшу-қону жолағы 12 пайыздық еңіспен салынған. Мұндай ерекшелік ұшақтардың қону кезінде жылдамдығын тезірек төмендетіп, шектеулі аумақта қауіпсіз тоқтауына мүмкіндік береді.

Aviation Safety Network мәліметінше, 2004 жылдан бері бұл әуежайда жеті ірі авиациялық апат тіркеліп, салдарынан 56 адам көз жұмған.

Ұшуға қандай факторлар кедергі келтіреді

БАҚ мәліметінше, Лукла әуежайында ұшу мен қонуға бірқатар фактор әсер етеді. Ең алдымен, теңіз деңгейінен жоғары орналасуына байланысты ауа сирек болады. Бұл қозғалтқыштардың тиімділігін төмендетіп, ұшақ қанаттарының көтеру күшіне әсер етеді.

Сонымен қатар ұшу-қону жолағының қысқалығы да пилоттар үшін қосымша қиындық тудырады. Ұшақты тоқтатуға немесе қажетті жылдамдықпен ұшыруға берілетін қашықтық өте шектеулі.

Тағы бір маңызды мәселе – Гималай тауларындағы құбылмалы ауа райы. Мұнда тұман, қатты жел немесе қарлы боран бірнеше минуттың ішінде пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар ұшып-қону операцияларын күрделендіріп, кейде рейстердің кейінге шегерілуіне немесе тоқтатылуына себеп болады. Әсіресе жаңбырлы маусымда рейстер жиі кейінге қалдырылады.

Соған қарамастан, ауа райы қолайлы күндері әуежай қарқынды жұмыс істейді. Кей деректерге сәйкес, Лукла әуежайы тәулігіне 50-ге дейін рейс қабылдай алады.

Қандай ұшқыштарға бұл жерде жұмыс істеу рұқсат

Луклаға рейс орындауға тек жоғары тәжірибелі ұшқыштар ғана жіберіледі. Непалдың авиациялық органдары мұнда қатаң талаптар енгізген:

Егер рейстер тоқтатылса, туристер балама бағыттарды таңдауға мәжбүр болады. Олар көршілес Рамечхап қаласындағы Мантали әуежайы арқылы қатынай алады немесе Джири мен Саллери елді мекендерінен Луклаға дейін бірнеше күндік жаяу жолды еңсереді.

Әлемде тағы қандай қауіпті әуежайлар бар

Лукла әуежайы әлемдегі ең қауіпті әуе айлақтарының бірі саналады. Алайда табиғи жағдайы, географиялық орналасуы немесе инфрақұрылымының ерекшелігіне байланысты ұшқыштардан аса жоғары шеберлікті талап ететін басқа да әуежайлар бар.

Paro Airport (Бутан)

Гималай тауларының арасында орналасқан бұл әуежайға қону оңай емес. Ұшақтар тар аңғар арқылы ұшып өтіп, бірнеше күрт бұрылыс жасағаннан кейін ғана қонады. Осы себепті мұнда ұшуға арнайы дайындықтан өткен санаулы пилоттарға ғана рұқсат беріледі.

Barra Airport (Шотландия)

Бұл – әлемдегі жағажайға қонатын жалғыз коммерциялық әуежай. Ұшақтар құмды жағалауға қонады, ал рейс кестесі теңіздегі толқынның деңгейіне тікелей байланысты.

Ice Runway (Антарктика)

Антарктикадағы бұл ұшу-қону жолағы мұздың үстіне салынған. Ауа райы мен мұздың жағдайы жиі өзгеретіндіктен, мұнда әрбір рейс ерекше сақтықпен жүзеге асырылады.

Madeira Airport (Португалия)

Мадейра аралындағы әуежай күшті желімен және күрделі рельефімен танымал. Ұшу-қону жолағының бір бөлігі арнайы тіректердің көмегімен теңіз үстіне салынған. Сондықтан мұнда қону тәжірибелі ұшқыштар үшін де оңай емес.

Princess Juliana International Airport (Сен-Мартен аралы)

Бұл әуежай әлемге жағажай үстінен өте төмен биіктікте ұшатын ұшақтарымен белгілі. Туристер үшін әсерлі көрініс болғанымен, күшті жел мен шектеулі кеңістік ұшқыштар үшін қосымша қиындық туғызады.

Авторы: Аружан Қали

Оқи отырыңыз