06.05.2026
10:39
121
Жаңалықтар

Әлемде ең көп сатылған смартфон анықталды

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Apple компаниясының iPhone 17 моделі әлемдегі ең көп сатылған смартфон болды.

Counterpoint Research сарапшыларының мәліметінше, аталған құрылғы жаһандық смартфон сатылымының 6 пайызын иеленген.

Мамандардың айтуынша, iPhone 17-нің жоғары сұранысқа ие болуына құрылғыдағы елеулі жаңартулар әсер еткен. Атап айтқанда, смартфонның мүмкіндіктері Pro-нұсқаларға барынша жақындай түскен. Оның ішінде жады көлемінің ұлғаюы мен жоғары жаңарту жиілігіне ие дисплей ерекше рөл атқарды. Нәтижесінде модель Қытай мен АҚШ секілді негізгі нарықтарда екі таңбалы өсім көрсетті.

Рейтингте екінші және үшінші орындарға iPhone 17 Pro Max пен iPhone 17 Pro жайғасты. Бұл құрылғылар жетілдірілген камераларымен, ұзақ жұмыс істейтін батареясымен, сондай-ақ жаңа дизайн және түстерімен ерекшеленеді.

Ал Android смартфондары арасында ең көп сатылған модель – Samsung Galaxy A07 4G болды. Сарапшылар мұны дамушы елдердегі жоғары сұраныспен байланыстырады. Жалпы, үздік ондыққа Samsung компаниясының бес смартфоны енген.

Тізімге Xiaomi Redmi A5 моделі де кірді. Бұл – рейтингтегі ең қолжетімді смартфондардың бірі. Бір қызығы, үздік ондықтағы Android құрылғыларының ешқайсысы флагмандық санатқа жатпайды.

2026 жылдың І тоқсанындағы әлемдегі ең көп сатылған 10 смартфон:

Apple iPhone 17

Apple iPhone 17 Pro Max

Apple iPhone 17 Pro

Samsung Galaxy A07 4G

Samsung Galaxy A17 5G

Apple iPhone 16

Samsung Galaxy A56

Samsung Galaxy A36

Samsung Galaxy A17 4G

Xiaomi Redmi A5

Сарапшылар дерегінше, осы он модель әлемдік смартфон сатылымының 25 пайызын қамтамасыз еткен. Бұл – бірінші тоқсан бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Мұндай нәтиже Apple-дің жаңа смартфондарына деген тұрақты сұраныспен қатар, жаппай сегменттегі өндірушілерге әсер етіп отырған жады тапшылығымен де байланысты. Өйткені компоненттердің қымбаттауы нарықтағы бәсекеге айтарлықтай ықпал етуде.