Әлемде алғашқы гибрид ұшақ 2027 жылы әуеге көтеріледі

Әлемде алғашқы гибрид ұшақ 2027 жылы әуеге көтеріледі

Мадина Асылбекова
Фото: Maxwell

Алдағы уақытта поршеньді қозғалтқыш пен электр моторы қатар жұмыс істейтін гибрид ұшақтар дәстүрлі авиацияға бәсекелес бола бастауы мүмкін.

Ұшатын қайықтар шығарумен айналысатын Maxwell компаниясының жаңа жобасы – осы бағыттағы ерекше әзірлемелердің бірі. Оның басты ерекшелігі – электр қозғалтқыштарының жалпы қуаты дизельді қозғалтқыштардан төрт есе көп.

Гидроұшақтардың бір қиындығы бар: олар судан көтерілу үшін алғашқы сәтте орасан зор қуат жұмсауы керек. Өйткені су бетінде екпін алып, ауыр машинаны әуеге көтеру оңай емес. Ал биіктікке көтерілгеннен кейін ұзақ қашықтықты еңсеру үшін отынды барынша үнемдеп, бірқалыпты ұшуға көшеді.

Сондықтан мұндай ұшақтарға қуатты әрі салмағы ауыр қозғалтқыш орнатуға тура келеді. Бірақ оның бар мүмкіндігі ұшудың алғашқы бірнеше минутында ғана қажет. Кейін қозғалтқыш толық қуатында жұмыс істемей, ұшаққа артық салмақ болып қалады.

Maxwell компаниясы осы мәселені шешу үшін өзінің жаңа M-1 ұшағын дизель-электр гибридті күш қондырғысымен жабдықтауды ұйғарған. Жүйе ұшақтың екі тартқыш әуе бұрандасын қозғалысқа келтіреді.

Күш қондырғысының жалпы қуаты – 1500 ат күші. Оның небәрі 300 ат күші екі дизельді қозғалтқышқа тиесілі болса, қалған қуатты электр моторлары қамтамасыз етеді. Алайда борттағы аккумулятор заряды алты минутқа ғана жетеді. Сондықтан электр қозғалтқыштары ұшақ екпін алып, әуеге көтерілгеннен кейінгі алғашқы биіктікке көтерілу кезеңінде ғана іске қосылады.

Осындай гибридті жүйенің арқасында шағын ұшақтың өзі 900 келіден астам жүк алып, 1852 шақырымға дейін ұша алады.

Әзірге компания жобаның өзге техникалық сипаттамаларын жариялаған жоқ. Жаңа ұшақты жұртшылыққа 2027 жылдың соңында таныстыру жоспарланып отыр. Қазір Maxwell инновациялық күш қондырғысына патент рәсімдеу жұмыстарының аяқталуын күтіп отыр.

Дизель-электрлі авиацияға жол ашылады

Maxwell M-1 жобасының басты ерекшелігі – тарихта сызба түрінде болса да ұсынылған алғашқы дизель-электрлі гидроұшақ болуы. Бұған қоса оның электр қозғалтқыштарының қуаты поршеньді қозғалтқыштардың қуатынан айтарлықтай басым.

Дегенмен гибридті күш қондырғысы қолданылған алғашқы ұшақ бұл емес. Бұған дейін Ampaire компаниясы турбодизельді қозғалтқыш пен электр моторлары орнатылған Cessna Caravan ұшағының жаңартылған прототипін таныстырған болатын.

Компанияның мәлімдеуінше, ұшаққа электр қозғалтқыштарын қосу оның отын үнемдеу тиімділігін 54-57 пайыз арттырған.

Оқи отырыңыз

{