Әлем чемпионаты: қазақстандық жас боксшылар сегіз медаль жеңіп алды

Әлем чемпионаты: қазақстандық жас боксшылар сегіз медаль жеңіп алды

Мадина Асылбекова
Фото: AI көмегімен өңделді

Қазақстанның 19 жасқа дейінгі боксшылар құрамасы Черногорияның Будва қаласында өткен 2026 жылғы әлем чемпионатында сегіз медаль иеленді.

Ұлттық құрама қоржынына бір алтын, үш күміс және төрт қола медаль түсті.

Әлем чемпионаты 16-27 қазан аралығында World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Байрақты бәсекеге 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасындағы он-он салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.

Зарина Толыбай – әлем чемпионы

Қазақстан құрамасына жалғыз алтын медальді Зарина Толыбай сыйлады. Ол әйелдер арасындағы 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында ресейлік Самира Итониевадан 4:1 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.

Үш отандасымыз күміс жүлдеге қол жеткізді. 70 келіге дейінгі салмақта Бибарыс Әшірбай финалда ирландиялық Джон Дохониге 0:5 есебімен есе жіберді. 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Алина Құдайгенова ресейлік Анастасия Голуновадан жеңіліп қалды. Ал 90 келіден жоғары салмақтағы Владислав Саможонов шешуші жекпе-жекте өзбекстандық Ислам Салиховқа 1:4 есебімен жол берді.

Қазақстан құрамасының еншісіне төрт қола медаль да бұйырды. Жүлдегерлер қатарында Мадира Жұмақан (51 келіге дейін), Индира Қыдырмолдаева (60 келіге дейін), Данияр Ақбисенов (60 келіге дейін) және Еркетан Жарқынбек (90 келіге дейін) бар.

Қазақстан жалпыкомандалық есепте төртінші орын алды

Әлем чемпионатының медальдар есебінде Ресей құрамасы көш бастады. Ресейлік боксшылар бес алтын және бес күміс медаль жеңіп алды. Екінші орынға төрт алтын, екі күміс және екі қола медаль иеленген Өзбекстан құрамасы жайғасты. Ал екі алтын, бір күміс және екі қола медаль еншілеген АҚШ құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстан құрамасы бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Отандастарымыз медаль саны бойынша Өзбекстан құрамасымен тең түскенімен, алтын жүлде саны жағынан қарсыластарынан кейін қалды.

1. Ресей - 5+5+0

2. Өзбекстан - 4+2+2

3. АҚШ - 2+1+2

4. Қазақстан - 1+3+4

5. Қытай - 1+3+1

6. Ирландия - 1+1+4

7-8. Үндістан - 1+1+2

7-8. Украина - 1+1+2

9. Англия - 1+0+3

10. Бразилия - 1+0+2

11-12. Аргентина - 1+0+0

11-12. Шотландия - 1+0+0

13-15. Испания - 0+1+0

13-15. Иран - 0+1+0

13-15. Жапония - 0+1+0

16-17. Алжир - 0+0+3

16-17. Италия - 0+0+3

19. Әзербайжан - 0+0+2

19-28. Армения - 0+0+1

19-28. Канада - 0+0+1

19-28. Куба - 0+0+1

19-28. Грузия - 0+0+1

19-28. Германия - 0+0+1

19-28. Грекия - 0+0+1

19-28. Венгрия - 0+0+1

19-28. Қырғызстан - 0+0+1

19-28. Түркия - 0+0+1

19-28. Венесуэла - 0+0+1.

Оқи отырыңыз

{