2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүрӘлем біріншілігіне қатысатын құрамаларды таныстыруды жалғастырамыз. Бүгін В тобының қатысушыларына тоқталамыз.
Канада: жаңа буынның үлкен үміті
Канада құрамасы әлем чемпионатына осымен үшінші рет қатыспақ. Бұған дейін олар 1986 және 2022 жылдары мундиальда өнер көрсеткен. Дегенмен канадалықтар әзірге әлем чемпионаттарында жеңіске жетпек түгілі тіпті ұпай да алып көрген жоқ.
Айта кету керек, Катардағы әлем чемпионатында Канада тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Марокко, Бельгия және Хорватия секілді мықты қарсыластармен тең дәрежеде күрескенімен, қиын топтан шыға алмай қалды.
2026 жылғы турнирге Канада алаң иелерінің бірі ретінде тікелей жолдама алды. Сондықтан команда іріктеу кезеңіне қатыспай, жолдастық кездесулер арқылы дайындалды. Бір қызығы, кейінгі сегіз матчта төрт ойыншы қызыл қағаз алған. Бұл бас бапкер Джесси Марш қалыптастырған жоғары қысымға негізделген агрессивті ойын стилінің салдары болса керек.
Соған қарамастан, канадалықтар тарихында алғаш рет қатарынан үш еуропалық құраманы – Украина, Румыния және Уэльсті жеңіп, өз мүмкіндігін көрсете білді.
Басты жұлдыз
Құраманың басты жұлдызы – Альфонсо Дэвис. «Баварияның» қорғаушысы соңғы жылдары ауыр жарақаттармен күресіп келеді. Бір жыл бұрын тізе байламын үзсе, кейін тағы екі рет жарақат алды. Бірақ Джесси Марш команда көшбасшысының бабына енгенін алға тартады.
Альфонсо қиындықтардың барлығын еңсерді. Қазір оның физикалық та, психологиялық та жағдайы жақсы. Ұзақ үзілістен кейін алаңға оралуға деген құлшынысы ерекше, – дейді маман.
Америкалық бапкер келгеннен кейін Канада құрамасының ойын мәнері айтарлықтай өзгерді. Марштың сүйікті 4-2-2-2 схемасы, жоғары прессинг және қарқынды футбол бүгінде команданың басты ерекшелігіне айналған.
Құрамдағы жылдам әрі мобильді футболшылардың көп болуы – Канаданы таңдауыма себептердің бірі. Мен бұл командамен өзіме жақын футболды қалыптастыра алатынымды бірден түсіндім, – дейді Джесси Марш.
Дегенмен командада шешімін таппаған мәселелер де бар. Соның бірі – қақпашы позициясы. Дейн Сент-Клэр мен Максим Крепо негізгі құрамдағы орын үшін таласып жүргенімен, әзірге ешқайсысы сөзсіз бірінші нөмір атана алған жоқ.
Босния және Герцеговина: үлкен футболға қайта оралу
Босния және Герцеговина құрамасы тарихында екінші рет әлем чемпионатына қатысады. Алғашқы мүмкіндік 2014 жылы туған еді. Сол кезде құраманың көшбасшылары Миралем Пьянич пен Эдин Джеко мансабындағы ең үздік кезеңді өткеріп жатқан.
2013 жылы босниялықтар FIFA рейтингінде 13-орынға дейін көтеріліп, өз тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Алайда әлем чемпионатында Аргентина мен Нигериядан жеңіліп, тек Иранды ұтқандықтан топтан шыға алмады.
Бұл жолғы құрамада жұлдызды ойыншылар болмағанымен, турнирдегі мүмкіндіктері жаман емес.
Әлем чемпионатына жолдама алу жолында Босния нағыз сенсация жасады. Алдымен плей-офф кезеңінде Италия құрамасын жарыс жолынан шығарды. Кездесу драмалық сценариймен өрбіп, босниялықтар пенальти сериясында жеңіске жетті. Кейін дәл осындай мінез көрсетіп, Уэльсті де жолынан тайдырды.
Бас бапкер Сергей Барбарез бұл жетістікті жаңа дәуірдің бастауы деп санайды.
Біздің тарихымыз енді ғана басталып жатыр. Немістер айтқандай, біз жеңістің дәмін сездік. Енді жаңа табыстарға деген құлшынысымыз бұрынғыдан да арта түсті, – дейді ол.
Басты жұлдыз
Құраманың басты тұлғасы әлі де Эдин Джеко. Маусымның алғашқы бөлігін «Фиорентинада» өткізген тәжірибелі шабуылшы кейін Германияның «Шальке» клубына ауысып, қайтадан тұрақты түрде гол соға бастады.
Барбарез үшін Джеко тек шабуылшы емес, бүкіл команданың көшбасшысы.
Джеконың тәжірибесі баға жетпес құндылық. Ол кәсібиліктің, еңбекқорлықтың және жеңімпаз мінездің үлгісін көрсетеді, – дейді бапкер.
Сергей Барбарездің өзі де Босния футболындағы ерекше тұлға. Ұлттық құраманың бұрынғы капитаны бапкерлік лицензиясын 2011 жылы алғанымен, түрлі себептермен ұзақ уақыт бойы армандаған қызметіне қол жеткізе алмады. Оған ұлттық құрама тізгіні 2024 жылы ғана сеніп тапсырылды.
Барбарездің философиясы қарапайым.
Табыс кілті – философияда емес, тынымсыз еңбекте. Талант аз болса да, көп жұмыс істесең, жеңіске жетуге болады. Мен үшін ең маңыздысы – ойыншылармен шынайы қарым-қатынас орнату, – дейді ол.
Қазір Босния құрамасында атмосфера өте жақсы. Команда директоры Эмир Спахич пен Барбарез күн сайын байланыста. Соңғы уақытта ұжым ішінде үлкен дау-дамай тіркелмегенімен, сыртқы оқиғалар жеткілікті болды.
Мысалы, Уэльспен матч алдында Барбарез даниялық «Брондбю» клубының бас бапкерін босниялық жартылай қорғаушы Беньямин Тахировичті әдейі негізгі құрамнан шығарды деп айыптады. Кейін бұл шешімді клуб басшылығы қабылдағаны белгілі болды.
Ал Италиямен ойын алдында босниялықтардың жаттығу базасы маңынан қарсылас тарапынан ақпарат жинамақ болған адам ұсталып, бұл оқиға жергілікті БАҚ-та кеңінен талқыланды.
Қалай болғанда да, Босния әлем чемпионатына жоғары көңіл күймен аттанып барады. Ал олардың басты қаруы – ұйымшылдық пен жеңіске деген сенім.
Катар: амбициясы жоғары, бірақ сұрақтары көп команда
Катар құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына тарихында екінші рет қатысады. Алғашқы мундиальді олар 2022 жылы өз жерінде қабылдаған болатын. Бұл жолы катарлықтар турнирге Азия іріктеуінің қосымша кезеңі арқылы жолдама алды.
Әзірге Катарды Азияның ең үздік құрамалары қатарына қосу қиын. Дегенмен соңғы жылдары мемлекет футболға қомақты қаржы бөліп, нәтижесінде белгілі бір прогреске қол жеткізді. 2019 және 2023 жылдары Азия кубогын жеңіп алуы осыған дәлел болса керек.
Катар іріктеу кезеңін сәтті бастап, Кувейт, Үндістан және Ауғанстанмен бір топта бірінші орын алды. Алайда келесі кезеңде Иран, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктерінен қалып қойып, тек төртінші орынмен шектелді. Ал жолдама тағдырын шешетін қосымша турнирде Оман мен БАӘ құрамаларын басып озды.
Осы маңызды кезең алдында ұлттық құраманың тізгінін тәжірибелі испаниялық маман Хулен Лопетеги қолға алды. Ол негізгі міндетті орындап, команданы әлем чемпионатына шығарды. Алайда бұл кезең дау-дамайсыз өткен жоқ. Азия футбол конфедерациясының барлық кездесуді Катарда өткізу туралы шешімі көптеген пікірталас тудырды. Сонымен қатар катарлықтар ойындар арасында қарсыластарына қарағанда көбірек демалыс алды.
Басты жұлдызы
Құраманың басты жұлдыздары – Акрам Афиф пен Альмоэз Али. Афиф команданың шығармашылық ойындарына жауап берсе, Али гол соғу жағынан ерекше көзге түсіп жүр. Ол Азия іріктеу кезеңінің ең үздік сұрмергені атанып, 12 голдың авторы болды.
Лопетегидің алдында тұрған негізгі мәселе – қорғанысты күшейту. Себебі Азия іріктеуінің негізгі кезеңінде Катар құрамасы 24 гол жіберіп алып, бұл көрсеткіш бойынша қатысушылар арасында ең нашар нәтижелердің бірін тіркеді.
Маған өмір әлем чемпионатында бапкер ретінде жұмыс істеуге қарыз сияқты көрінеді, – деп әзілдеген еді Лопетеги жолдама алғаннан кейін.
Испаниялық маман Катар футболының дамуын жоғары бағалайды.
Бұл елде футболды жақсы көреді және соңғы жылдары үлкен прогресс бар. Алаңсыз жаттығуға барлық жағдай жасалған. Бірақ басты ресурс – футболшылар. Катардың деңгейі басқа құрамалардан төмен екенін бәрі түсінеді. Соған қарамастан біз армандауды тоқтатпаймыз, – дейді ол.
Әлем чемпионатына дайындық барысында катарлықтар тек мықты қарсыластармен жолдастық кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында Аргентина, Сербия, Ирландия және Парагвай құрамалары бар.
Швейцария: тұрақтылықтың символына айналған команда
Швейцария құрамасы кейінгі онжылдықта әлем футболындағы ең тұрақты командалардың біріне айналды. Олар фавориттердің қатарына кірмегенімен, кез келген ірі турнирде топтан шығып, мықты қарсыластарға қиындық туғызуды дәстүрге айналдырған.
2014 жылдан бері швейцарлықтар бірде-бір әлем немесе Еуропа чемпионатын жіберген жоқ. Ең бастысы – осы кезеңдегі барлық турнирде плей-оффқа жолдама алып келеді. Команданың ең жоғары жетістігі – ширек финал.
2026 жылғы әлем чемпионатына Швейцария сенімді түрде жолдама алды. Олар Косово, Словения және Швеция құрамалары өнер көрсеткен топта бірінші орыннан көрінді. Бас бапкер Мурат Якин іріктеу кезеңін қысқа қашықтықтағы жарыспен салыстырды.
Мұндай форматтағы басты міндет – сүрініп қалмау. Біз қажет нәтижеге қол жеткіздік, – деді маман.
Құраманың басты тұлғасы – капитан Гранит Джака. Ұлттық құраманың рекордшысы саналатын тәжірибелі жартылай қорғаушы бүгінде де команданың көшбасшысы болып отыр.
Бір қызығы, Джака 30-дан асқан соң жаңа деңгейге көтерілді деуге болады. Ол соңғы бірнеше маусымда ойнаған командаларының нәтижесіне айтарлықтай әсер етіп келеді. «Байердің» чемпион атануында да, кейінгі клубтарындағы табыстарда да оның рөлі ерекше болды.
Тәжірибелі футболшы кәсіби мансабымен қатар бапкерлік лицензия да алып үлгерген. Германияда тіпті төменгі дивизион командаларының бірінде қысқа уақыт жұмыс істеген.
Ұлттық құраманы Мурат Якин басқарады. Ол командадағы бұрыннан қалыптасқан ойын жүйесін сақтай отырып, жаңа элементтер енгізуге тырысуда. Соңғы іріктеу кезеңінде Швейцария толықтай төрт қорғаушымен ойнауға көшті. Дегенмен қажет жағдайда үш қорғаушы жүйесін де қолдануға дайын.
Командадағы ең маңызды өзгерістердің бірі қақпашылар позициясында болды. Ұзақ жылдар бойы негізгі құрамда ойнаған Ян Зоммердің орнын Грегор Кобель басты. Ол бірден сенімді ойын көрсетіп, ұлттық құрама тарихындағы ең ұзақ «құрғақ» сериялардың бірін тіркеді – 497 минут бойы гол жіберген жоқ.
Швейцариядағы ең үлкен дау-дамайдың өзі айтарлықтай тыныш өтті деуге болады. «Лидс» шабуылшысы Ноа Окафор бапкер Мурат Якиннің өзімен ұзақ уақыт байланысқа шықпағанын айтып, ренішін білдірген. Кейін жағдайға Гранит Джака араласып, екі тарап арасындағы түсініспеушілікті реттеуге көмектесті.
Жалпы алғанда, Швейцария әлем чемпионатына сабырлы әрі тұрақты жағдайда келіп отыр. Команданың басты артықшылығы – тәжірибе, тәртіп және қалыптасқан ойын жүйесі.
Бұған дейін А тобындағы көшбасшылар туралы жазғанбыз.
2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін12 Мамыр, 16:42
Ата-енеме сәлем салмаймын І Олимпиададағы өкінішті әлі ұмытқан жоқпын - Абиба Әбужақынова