Әлем чемпионаты-2026: бүгін алаңға Роналду, Ямаль және Модрич шығады

Әлем чемпионаты-2026: бүгін алаңға Роналду, Ямаль және Модрич шығады

02.07.2026 17:11
Аян Қайырбаев
Фото: ©Carlos Rodrigues/ Getty Images

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында бүгін тағы үш кездесу өтеді. Келесі кезеңге жолдама үшін Испания – Аустрия, Португалия – Хорватия және Швейцария – Алжир құрамалары бақ сынайды. Бүгін ойындардың барлығы Астана уақытымен 2 шілдеден 3 шілдеге қараған түні өтеді.

Испания – Аустрия

Ойын күнін Испания мен Аустрия арасындағы кездесу ашады. Бұл жұптың жеңімпазы 1/8 финалда Португалия мен Хорватия арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі. Осылайша плей-оффтың ерте кезеңінде-ақ Еуропаның үздік құрамалары арасында тартысты текетірестер өтуі мүмкін.

Испания Н тобында сенімді ойын көрсетіп, топ жеңімпазы атанды. Команда Кабо-Вердеге қарсы кездесуде қиындық көргенімен, топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтап, шешуші ойында Уругвайды жарыстан шығарды. Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері дәстүрлі түрде допты бақылауда мықты болса, бұл әлем чемпионатында тактикалық тұрғыдан да өте сауатты ойын өрнегін көрсетіп келеді.

Фото: Getty Images

Аустрия плей-оффқа әлдеқайда қиын жолмен өтті. J тобындағы соңғы турда команда Алжирмен 3:3 есебімен тең ойнап, Саша Калайджичтің қосымша минуттардағы голының арқасында келесі кезеңге шықты. Бұл матч аустриялықтардың шабуылдағы әлеуетін де, қорғаныстағы әлсіз тұстарын да көрсетті.

Испания үшін басты міндет – қарсыластың күштік футболына бейімделіп, ойын тізгінін өз қолында ұстау. Ал Аустрия алғашқы қысымға төтеп беріп, стандартты жағдайларды тиімді пайдалануға тырысады. Матч сағат 00:00-де басталады.

Португалия – Хорватия

Келесі матчта Португалия мен Хорватия кездеседі. Бұл – плей-офф кезеңіне тән тәжірибелі екі еуропалық құраманың тартысты бәсекесі болмақ.

Португалия K тобында екінші орын алды. Соңғы турда Колумбиямен 0:0 есебімен тең түсіп, бес ұпай жинағанымен, топ жеңімпазы бола алмады. Соған қарамастан, команда құрамының әлеуеті жоғары және бұл кездесуде фаворит саналады.

Фото: Getty Images

Хорватия да өз тобында екінші орынмен плей-оффқа шықты. Соңғы турда Гананы жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Хорваттар мұндай қысымға толы матчтарға әбден үйренген. Команда тәжірибесі мен төзімділігінің арқасында ойын соңында нәтиже шығара алатын құрамалардың бірі ретінде танылған.

Португалия шабуылды ертерек үдетуге тырысса, Хорватия ойын қарқынын бәсеңдетіп, өз мүмкіндігін күтуді көздейді. Матч таңғы 04:00-де басталады.

Швейцария – Алжир

Ойын күнінің соңғы матчында Швейцария мен Алжир кездеседі. Бұл жұптың жеңімпазы 1/8 финалда Колумбия мен Гана арасындағы кездесудің үздігімен ойнайды.

Швейцария В тобында Канада, Босния және Герцеговина, сондай-ақ Катарды басып озып, бірінші орынмен шықты. Команда бұрынғысынша ұйымшыл ойынымен ерекшеленіп, қарсыластың қателігін тиімді пайдалануды жақсы меңгерген.

Фото: Getty Images

Алжир болса J тобында үшінші орын алып, плей-оффқа жолдама иеленді. Аустриямен өткен драмалық кездесуде Рияд Махрез дубль авторы атанып, команда жеңіске жақын болғанымен, 90+6-минутта гол жіберіп алды. Соған қарамастан бұл нәтиже Алжир үшін тиімді болды, өйткені команда Испаниямен кездесуден құтылды.

Бұл жұпта Швейцария қағаз жүзінде фаворит саналғанымен, Алжир осы турнирде қысымға төтеп бере алатынын және қауіпті қарымта шабуылдар ұйымдастыруға қабілетті екенін дәлелдеді. Сондықтан Ванкувердегі кездесу жанкүйерлер үшін күтпеген нәтижемен аяқталуы да мүмкін. Матч таңғы 08:00-де басталады.

Оқи отырыңыз