Жаңалықтар

Әкімшілік рақымшылық мас жүргізушілерге қатысты қолданылмайды – ІІМ

17.06.2026 11:12
Мадина Асылбекова
Фото: magnific.com

Қазақстанда биыл алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіледі. Алайда бұл жеңілдік барлық құқық бұзушылыққа бірдей қолданылмайды.

Ішкі істер министрлігі әкімшілік рақымшылық мас күйде көлік жүргізген азаматтарға таралмайтынын мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, рақымшылық тек заңнамада нақты көрсетілген жағдайларда ғана қолданылады. Сонымен қатар сот шешімімен тағайындалған жазаларға, қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мемлекет мүддесіне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға бұл шара жүрмейді.

ІІМ әсіресе алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушілерге ешқандай жеңілдік қарастырылмайтынын атап өтті.

Министрлік дерегінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында мас жүргізушілердің кінәсінен елімізде 165 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан сегіз адам қаза тауып, 263 азамат түрлі деңгейде жарақат алған.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеніспаевтың айтуынша, әрбір статистиканың артында адам тағдыры мен орны толмас қайғы жатыр.

Бұл – алдын алуға болатын қайғылы жағдайлар. Заңнаманың қатаңдатылғанына және тұрақты рейдтердің жүргізілуіне қарамастан, кейбір азаматтар әлі күнге дейін алкоголь ішкеннен кейін көлік тізгініне отырады. Осы арқылы олар өз өмірін ғана емес, айналасындағылардың да өмірін қатерге тігуде, – деді ол.

Мамандар пікірінше, алкоголь аз мөлшерде қабылданғанның өзінде жүргізушінің реакциясын баяулатып, зейінін әлсіретеді және дұрыс шешім қабылдау қабілетін төмендетеді. Ал жол үстіндегі төтенше жағдайда секундтың үлесі шешуші рөл атқаруы мүмкін.

ІІМ Қазақстанда мас күйде көлік басқаруға қатысты «мүлде төзбеушілік» қағидаты қолданылатынын еске салды. Алкоголь, есірткі пайдаланып көлік жүргізгендерге заң бойынша қатаң жауапкершілік қарастырылған.

Жыл басынан бері ел аумағында мас күйде көлік басқарудың шамамен 10 мың фактісі анықталған.

Министрлік Түркістан облысында болған қайғылы оқиғаны мысалға келтірді. Мас күйдегі әйел жүргізуші көлікті басқара алмай, жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Салдарынан бес адам зардап шегіп, олардың үшеуі, оның ішінде екі бала оқиға орнында көз жұмған.

Сондай-ақ Алматыда мас жүргізушінің жоғары жылдамдықпен бірнеше жасты қағып, олардың қазасына себеп болған даулы оқиға да қоғамның есінде.

ІІМ өкілдері жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігі мен тәртібінен басталатынын атап өтті.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет. Сондықтан заң талаптарын бұзудың кез келген әрекетіне қатаң тосқауыл қойылады, – деп мәлімдеді министрлік.

Оқи отырыңыз