«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының өзегінде адам және оның үміті мен қажеттілігі тұр – Айбек Дәдебай

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының өзегінде адам және оның үміті мен қажеттілігі тұр – Айбек Дәдебай

Мадина Асылбекова
Фото: adilet-partiyasy.kz

«Әділет» партиясының III кезектен тыс съезінде партияның сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, құжат азаматтардың күнделікті мәселелерін шешуге және жаңа Конституция қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған.

Бүгін бекітілген партияның сайлауалды бағдарламасы кабинетте отырып жазылған жоқ. Оның негізіне Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың стратегиялық бастамалары, әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы, «Әділет» партиясы өткізген көптеген стратегиялық талқылаудың нәтижесі, сондай-ақ азаматтардың ұсыныс-пікірі мен жетекші сарапшылардың ұсыныстары арқау болды, - деді Айбек Дәдебай.

Оның айтуынша, құжат алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап қана қоймай, бүгінде қоғам үшін ең өзекті мәселелерді шешетін нақты тәсілдерін де көрсетеді.

Біздің бағдарламаның басты ерекшелігі – оның мемлекеттік аппараттың емес, азаматтардың мүддесіне негізделуінде. Бағдарламаның әрбір бөлімінің өзегінде нақты адам, оның тұрмыс-тіршілігі, мүддесі, үміті мен қажеттілігі тұр, – деді партия төрағасы.

Айбек Дәдебай Сайлауалды бағдарлама бекітілгеннен кейін партия сайлау науқанына дайындықтың келесі кезеңіне кірісетінін айтты. Ендігі негізгі назар өңірлердегі азаматтармен жұмысқа және бағдарламаның негізгі ережелерін кеңінен түсіндіруге бағытталады.

Жаңа Конституция Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Енді маңыздысы – сол мүмкіндіктерді қалай пайдалана алатынымыз. Елді өзгертетін – адамдар: олардың идеялары, жауапкершілігі, адал еңбегі және халқына қызмет етуге деген даярлығы. Бүгін біз алдағы сайлауда «Әділет» партиясының атынан түсетін, осы жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын кандидаттар тобын бекіттік. Сіздермен бірге ел игілігі жолында еңбек етуге дайын пікірлес азаматтардың біртұтас командасын жасақтадық. Олар уәде берумен ғана шектелмейді. Кінәліні іздемейді. Өткенмен өмір сүрмейді. Болашақты бірге құрады, – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.

Сонымен қатар съезд барысында Құрылтайының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. «Әділет» партиясы 186 кандидаттан тұратын ең ауқымды партиялық тізімді ұсынды. Оның құрамына ғылым, білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық сала, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам өкілдері енді.

Оқи отырыңыз

{