Сұхбат

Адамдар сырқаты туралы ашылып айта бермейді, сондықтан сенімге ие болу маңызды – дәрігер

21.06.2026 10:10
Ажар Лаубаева
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бірі адам өмірін сақтап қалса, бірі ауыр дертпен күресуге көмектеседі. Мыңдаған адамның денсаулығына жауапты мамандар үшін әр науқастың сауығып кетуі маңызды. Маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Медицина қызметкері күні қарсаңында уролог Бақтияр Қасымовпен әңгімелесіп, мамандықтың жауапкершілігі мен заманауи урологияның мүмкіндіктері туралы сұрадық.

«Науқастың сенімін ақтау үшін бар күшіңді саласың»

Бақтияр Қасымов урология саласын осыдан он бес жылдан астам уақыт бұрын таңдады. Содан бері өз мамандығына деген қызығушылығы мен адалдығы бір сәтке де бәсеңдеген емес. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының №4 хирургия бөлімшесін басқаратын дәрігердің айтуынша, уролог үшін кәсіби шеберлікпен қатар адам жанын түсіне білу де аса маңызды.

Өйткені бұл мамандықта диагноз қою немесе операция жасау ғана емес, науқастың сеніміне ие болу да үлкен рөл атқарады. Көп жағдайда адам өз сырқаты туралы бірден ашылып айта бермейді. Сондықтан дәрігер асықпай тыңдап, әр науқаспен жеке тіл табыса білуі керек.

Науқастардың әрқайсысының өз тағдыры, өз жолы бар. Ең қуантатыны – олардың саған сенім артуы. Себебі сол сенімге ие болған кезде, оны ақтау үшін бар күш-жігеріңді жұмсайсың, – дейді Бақтияр Қасымов.

«Бұрын жасалмаған операциялар бүгінде қолжетімді»

Бөлімшеде жасалатын операциялардың басым бөлігі несеп-тас ауруына байланысты. Бүйрек пен несепағардағы тастарды емдеу барлық хирургиялық араласудың шамамен 70-80 пайызын құрайды. Бүгінде ауруханада ашық операциялардан бастап эндоскопиялық, лапароскопиялық және роботталған хирургияға дейінгі заманауи әдістердің барлығы қолданылады. Олар бүйрекке, қуыққа, қуықасты безіне және төменгі несеп шығару жолдарына жасалатын күрделі оталарды аз жарақатпен орындауға мүмкіндік береді.

Маманның айтуынша, медициналық технологиялардың дамуы көптеген науқастың ем алу мүмкіндігін кеңейтті.

Бұрын қажетті технологиялардың жоқтығынан елімізде кейбір күрделі операциялар жасалмайтын. Қазір біздің ауруханада әлемдік тәжірибеде қолданылатын барлық негізгі операция түрлері орындалады, – дейді дәрігер.

Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?

Поликлиникаға жүгінетіндердің едәуір бөлігін цистит пен простатит сияқты қабыну аурулары бар адамдар құрайды. Ал мұндай дерттердің алдын алуда дәрігер күрделі әдістерден гөрі күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттердің маңызын жоғары бағалайды. Оның ішінде жеткілікті мөлшерде су ішу, белсенді қимыл-қозғалыс және ағзаны суыққа шалдықтырмау бар.

Бақтияр Қасымов күйзелістің де адам денсаулығына әсерін ерекше атап өтеді. Оның байқауынша, стресс көбіне несеп шығару жүйесіндегі түрлі жайсыздықтардың туындауына ықпал етеді. Сондықтан денсаулықты сақтау үшін тек физикалық емес, эмоционалды тепе-теңдікке де көңіл бөлу қажет.

Сондай-ақ дәрігер 45 жастан асқан ер азаматтарға қуықасты безін жыл сайын тексертіп тұруға кеңес береді. Себебі соңғы жылдары бұл ағзаға қатысты аурулар, оның ішінде қатерлі ісік те бұрынғыдан жиірек және ертерек анықталып жатыр.

«Урологқа әйелдер де қаралуы қажет»

Уролог тек ер адамдарды қарайды деген түсінікпен Бақтияр Қасымов келіспейді. Оның пікірінше, әйелдер де урологиялық тексеруден тұрақты өтіп тұруы қажет.

Бүйрек те, қуық та барлық адамда бар. Сондықтан урологқа қаралу ерлерге ғана емес, әйелдерге де қажет, – дейді ол.

Дәрігердің бұл сөзі оның кәсіби көзқарасын ғана емес, науқастың көңіліндегі қобалжуды сейілте білетін қасиетін де аңғартады.

Урологияда білім мен тәжірибе жеткіліксіз. Әр науқасқа жол таба білу, оны түсіну, кейде орынды әзілмен көңілін сергіту де маңызды, – дейді Бақтияр Қасымов.

Көп жылдық еңбек жолында ол кәсіби тәжірибе мен заманауи медицинаның мүмкіндіктерін ұштастыра отырып, өз ұжымында тиімді жұмыс жүйесін қалыптастырды. Оның түсінігіндегі урология – ең алдымен нақты нәтижеге бағытталған мамандық. Мұнда басты мақсат – дертті емдеп қана қоймай, адамның қалыпты өмір ырғағына қайта оралуына мүмкіндік беру.

Оқи отырыңыз