25.04.2026
11:00
386

Абылай ханның шапаны Динара Сәтжанның атасының қолына қалай түскен?

Ұлттық музей залын аралаған әрбір келушінің назарын өзіне бірден аударатын тарихи мұраның бірі – Абылай ханның шапаны. Бұл жәдігер – қазақ мемлекеттілігінің символына айналған ұлы ханның өз дәуірінен жеткен көзіндей құнды мұра. Оның әрбір тігісі, өрнегі ел тарихының терең қатпарынан сыр шертеді.

Шапанның сыртқы бөлігі күреңқызыл түсті пүліш матадан тігілген. Іші жібек астармен көмкерілген. Киімнің ұзындығы – 127 сантиметр, иық ені – 88 сантиметр, жең ұзындығы – 66 сантиметр.

Иықтан етекке дейін үшбұрыш пішінде пішілген бұл шапанның жағасы мен жең ұштары екі қатар алтын жіппен зерленген. Ортасына толқын тәрізді өрнектер түсіріліп, ішкі жиектеріне гүл бейнелі оюлар кестеленген. Мұндай сән-салтанат хандық биліктің айбыны мен мәртебесін айқын аңғартады.

El.kz/ Амангүл Тілейқызы 

Мұражайға келушілер бірден көз алдына кең иықты, сұсты жүзді, қайсар мінезді баһадүр тұлғаны елестетеді. Өйткені бұл жай ғана киім емес, қазақтың тағдырлы кезеңінде ел тізгінін ұстаған ұлы қолбасшының үстінде болған шапан.

Жәдігердің мұражайға жету жолы мен расталуы

Ұлттық музейдің Қазақстан тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Серікқазыұлының айтуынша, Абылай ханның шапаны музей қорына кездейсоқ түскен жоқ. Бұл жәдігердің шығу тегі, сақталу тарихы және музейге қабылдану жолы арнайы зерттеліп, құжаттық негізде рәсімделген.

Маманның сөзінше, шапанның жұрнағы 2007 жылы сол кездегі Президенттік мәдениет орталығы қорына тапсырылған. Ол кезеңде мекемені мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков басқарған. Жәдігерді Қарағанды облысы Жаңаарқа өңірінен Хамзе Сәтжанов әулеті жеткізген.

Назымның жеке мұрағатынан 

Бұл шапан бізге толық күйінде емес, тек жұрнақ түрінде келді. Соған қарамастан жәдігердің тарихи маңызы өте жоғары болды. Қор сақтау комиссиясының шешімімен қабылданып, барлық заңдық құжаттары рәсімделді, – дейді Сырым Қасенов.

Сырым Қасенов шапанның материалы да оның жоғары дәрежелі адамға тиесілі болғанын аңғартатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қымбат маталар сол кезеңде Бұқара, Хиуа секілді ірі сауда орталықтарынан Жібек жолы арқылы жеткізілген.

Абылай ханға тиесілі екені қалай анықталды?

Абылай хан дүние салғаннан кейін шапан үлкен ұлы Уәли ханға өтеді. Кейін Уәлидің бәйбішесі, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным ханымның қолында сақталған. Одан соң бұл қасиетті мұра хан кеңесшісі болған Байдалы биге табысталған.

Белгілі журналист Динара Сәтжан әулетінде ұзақ жылдар сақталған осы жәдігер туралы былай дейді:

Динара Сәтжанның парақшасынан 

Менің атам Хамзе Сәтжанов 2002 жылы Ұлттық музейге Абылай ханның шапанын тапсырды. Біздің үлкен атамыз Байдалы би Абылай хан қайтыс болғанда көңіл айтуға барады. Сонда Айғаным ханым: «Қандай сыйлық аласыз?» деп сұраған екен. Сонда атамыз осы қызыл шапанды таңдайды. Егер қателеспесем, оған қоса жылқы да береді. Сол шапан әулетімізде ұзақ жылдар сақталды. Сандықта жатты, тіпті Кеңес өкіметі кезінде жер астына көміп жасырған кездер де болған. Атам бұл мұра жайында көп жыл ешкімге айтпаған, – дейді журналист.

Оның айтуынша, тарихи жәдігерді сақтау оңай болмайды. Уақыт өте келе мата тозып, шапан ескіреді. Сондықтан мұражай мамандары оны арнайы консервацияға жіберіп отырған.

Қайта жаңғырған қастерлі киім

Ғасырлар жүгін көтерген шапан кейін кәсіби реставрациядан өтті. Бұл жұмысты суретшілер одағының мүшесі, белгілі реставратор Тұрсынгүл Жайлаубаева атқарды. Айтуынша, жәдігердің арқалық бөлігі толық жыртылған, астары түгелге жуық шіріп кеткен. Жібек пен мақта талшықтары кеуіп, иілмейтін күйге түскен.

Реставратордың қызы Назым Жайлаубаева анасының бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарағанын айтады.

суретте: Тұрсынгүл Жайлаубаева

Абылай ханның шапаны өте ауыр жағдайда келді. Арқасы тұтас жыртылған, астары сақталмаған десе де болады. Тек кішкентай ғана бөлігі қалған еді. Алдымен шапанның артқы бөлігін толық қалпына келтірдік. Жоғалған металл әшекейлерін қайта жасатып, орнына орнаттық. Жаңа астар тігіп, түпнұсқа жібек  бөлігін реставрация заңдылығына сай жаңасына жамадық . Ең қиыны – мата талшықтарының ылғалын жоғалтып, морт сынғыш күйге түсуі болды. Арнайы технологиялар арқылы оның беріктігін қайта қалпына келтірдік, – дейді реставратордың қызы Назым.

Реставрациядан кейін шапан қайтадан тасымалдауға, көрмеге ілуге жарамды болады. Бұрын оны бүктеудің өзі мүмкін емес еді.

Назымның жеке мұрағатынан 

Тұрсынгүл Жайлаубаева – Қазақстандағы тоқыма бұйымдарын қалпына келтіру ісінің санаулы шеберлерінің бірі. Оның қолынан Абылай ханның шапанынан бөлек, Қазыбек бидің шапаны, «Алтын адамның» реконструкциясы және басқа да көптеген құнды мұралар өткен.

Қалай сақталып отыр?

Көне тоқыма бұйымдарын сақтау – аса күрделі жұмыс. Сондықтан шапан тұрақты түрде арнайы температурада, ылғал режимде ұсталады. Маманның айтуынша, жәдігер алты ай экспозицияда тұрса, кейін белгілі уақыт қорға алынып, тынықтырылады.

El.kz/Амангүл Тілейқызы 

Егер шапан ұзақ уақыт көрмеде тұрса, матасы төмен түсіп, әлсіреуі мүмкін. Сол себепті біз оны алты ай сайын қорға ауыстырып, қайтадан көрмеге шығарамыз, – дейді Сырым Серікқазыұлы.

Бүгінде Абылай ханның шапанына қызығушылық жоғары. Оны көруге келетін келушілер саны көп, зерттеушілер де назар аударып отыр. Мұражай мамандары жәдігерді халықаралық деңгейде таныстыру, ғылыми тұрғыдан насихаттау жұмыстарын жалғастырып жатыр.