Абу Ханифа ілімі барлық мәселені шеше алатын дәрежеге көтерілді

8 Қараша 2022, 13:50 2917

Абу Ханифаның заманы дін мәселесі бойынша пікірталас және диспуттер заманы еді

Абу Ханифа – Ислам дінінің біздің ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан ханафи мазһабының негізін қалаған оқымысты. Абу Ханифа қазақ даласында «Имам ағзам» деген атпен белгілі болған. Қазақтар Ислам дінін қабылдағаннан осы күндерге дейін түрлі әдет–ғұрыптарын, жеті атадан бері қыз алыспайтын салтын, қымыз, жылқы етін қастерлі тамақтарының бірі ретінде сақтай алса Имам ағзамның ілімінің арқасында болды.  

Дамаск халифаты кезіндегі дін саласындағы ғылыми ілімнің дамуы мемлекеттің қамқорлығынан емес, Абу Ханифа секілді біртуар ғалымдардың күш–жігерінің арқасында жүзеге асты. Маула деп аталған араб еместер бұрынғы мәдениет пен ғылымның мұрагерлері ретінде діни ілімнің дамуына өз үлестерін қосты. Осы кезеңде араб тілінің грамматикасы жасалынып, араб тілі көне тілдердің сөздерімен байи түсті. Мәдени мұралар парсы, көне грек, мысыр тілдерінен араб тіліне аударылды. «Калила және Димна», «Үлкен әдебиет», «Кіші әдебиет» және басқа да әлемдік әдебиеттің озық үлгілері осы кезеңде араб тілінде сөйледі.

Абу Ханифа екі дәуірдің ортасында өмір сүрді. Өмірінің басы Пайғамбардан (ғ.с.) кейін билік құрған төрт халифадан кейін пайда болған Дамаск халифаты кезіне келді. Бастапқы кезеңде халифалар мұсылмандардың ішіндегі ең лайықтыларынан сайланатын. Алдыңғы халифа өзінен кейінгі халифаны атап кететін. Мысалы, Омар халифа осылай сайланды. Немесе Абу Бакр және Османды тағайындағандай ұсыныссыз жүзеге асатын. Ал Осман халифа осы екі тағайындаудың ортақ варианты ретінде билікке келді. Ал Дамаск халифаты дүниеге келгенде халифа мұрагерлік жолмен тағайындалатын болады. Дамаск халифатының негізін қалаушыны мұсылмандардың көпшілігі қолдаса, кейін мұрагерлік жолмен келгендер мұсылмандардың көз алдында басқаша сипатқа ие болды. Пайғамбар (ғ.с.) отбасына жатпайтындар билік басына заңсыз келді деушілер көбейді, соның салдарынан тұрақсыздық орнап, мұсылмандар сырттай білдірмесе де іштей ызалы еді. Дамаск халифатының негізін қалаған Мағауияның баласы Язид билікке келгенде Пайғамбардың немересі Хусейнді қатігездікпен өлтіреді.  Пайғамбардың қызы Фатимадан туған  ұл–қыздарды тұтқынға алып кетеді. Осы Дамаск билеушілері кезінде Хазірет Әлидің баласы Зейд, інісі Яхия, оның баласы Абдалла да өлтіріледі. Осы кезеңде халифат мешіттерінде Хазірет Әлидің атына лағынет айтылатын құтпалар жүретін. Діни тарихын зерттеушілер бұл дін тұрғысынан алғанда халифа Мағауия бин Абу Суфиян жасаған күпірлік деп бағалайды. Осыған байланысты Пайғамбардың (ғ.с.) жұбайы Умм Салма халифаға хат жолдап, онда: «Сендердің мінберлерден Хазірет Әлиге лағынет айтқандарың Алла мен Пайғамбарға лағынет айтқандарың. Себебі оны Алла да, Пайғамбар да сүйген» деп жазады. Соған қарамастан Хазірет Әлиге лағынет айту жалғаса берген.

Шиіттер – Ислам тарихындағы алғашқы топ осылай сахнаға шығады. Халифа Османның кезінде саяси топ ретінде қалыптасып, Халифа Әлидің кезінде күшейіп, кең тарай бастаған. Кейін Халифат басына Бени Умайа тайпасы келіп Дамаск халифаты құрылған кезде Хазірет Әли ұрпақтары қуғынға ұшыраған соң Хазірет Әли мен оның ұлы Хусейн қасірет шеккен тұлғаларға айналып, шиіт мазһабы халық арасында ерекше таралады. Олар мұсылман үмбетін Хазірет Әлидің ұрпақтары ғана басқаруға тиіс деген принципті ұстанған. 

Оның үстіне Дамаск билеушілері, яғни бени умайа тайпасы араб шовинистік, ұлттық астамшылық позициясын ұстанды. Олардың кезінде Исламға дейінгі арабтардың көптеген әдет–ғұрыптары қайта жанданды. Олардың ішінде пайдалысы бар, зияндысы бар, бірақ нәтижесі араб еместерге расистік көзқарасқа дейін әкелді. Араб еместер, мұсылман болған араб еместердің құқықтары шариғат бойынша тең болғанымен аяққа тапталды. Ислам діні мұсылмандар нәсіліне қарамай тең, олардың артығы мен жақсысы тақуалығына қарай деген принцип сөз жүзінде қалды.  Мысалы, ол кезеңде жүріп жатқан шайқастардан қолға түскен олжа араб емес мұсылмандарға берілмейтін. Сондықтан мұсылман дінін жаңа қабылдаған түрлі ұлттар мен ұлыстар Дамаск халифатын басқарып отырған араб билігіне іштей наразы, оның құлауына тілектес еді. Осының салдарынан түрлі иеліктердегі көтерілістер мен бүліктер көбейе бастады. Күл астындағы шоқ секілді әділетсіз билікке уақыты келгенде жалынға айналуға дайын еді. Осындай іштей наразылық түбінде парсылардың жасырын қозғалысының тууына және билік басына Аббас әулетінің келуіне жол ашты.

Абу Ханифаның он бес жасында Куфа қаласын билеп тұрған Хаджадж деген қаніпезер Пайғамбар (ғ.с.) әулетіне жасаған қылмыстарын, қастық әрекеттерін өз көзімен көргенде туындаған наразылығы жасы ұлғайған сайын беки берген. Өзінің де азап пен қорлықтан Меккеге қашуына тура келеді.

Аббас әулетінің билігін қуана қарсы алғанымен, жаңа халифаның алдында барлық ғұламалардың атынан билікке адалдық туралы ант бергенімен уақыт өте келе Хазірет Әли тұқымдары аяусыз жаншылып, өлтіріле бастағанда Абу Ханифа биліктің тек аты ғана өзгергеніне көзі жетеді.  Өзі де солардың қолынан қаза табады.

Абу Ханифа Ирақ жерінде туып өсіп, сол жерде өмірінің басым бөлігін өткізді. Сол жерде оның құқықтық мектебі қалыптасты. Ол кездегі Ирақ қалаларында парсылар, түркілер, рүмдер, үнділер және тағы басқа ұлттар мен ұлыстар тұратын. Заңгер осындай қоғамда түрлі әлеуметтік, экономикалық түрлі мәселелер мен сұрақтарды шешуіне тура келді. Осындай түрлі оқиғалар мен сұрау, өтініштер, арыздармен Ислам шариғатының негізінде жұмыс істей отырып, фақиһ ретінде мол тәжірибе жинады, ғылыми көкжиегі кеңіді.

Түрлі пікірлер бесігі саналған Ирақ жері туралы сол кездің ғұламасы Ибн Аби Хадид «Наһджу–л–балаға» кітабында шиіттердің пайда болуы туралы айта келіп: «Пайғамбар заманын көргендер мен кейінгілер арасындағы айырмашылық – Ирақ, оның ішінде Куфа бұрынғы заманнан түрлі мазһабтардың, пікірлердің отаны болғандығында. Парсы патшалары кезінде олардың арасынан Мани, Дисан, Маздак және басқалар шыққан. Хиджаз жері ондай жер емес, Хиджаз тұрғындарының деңгейі ондай деңгей емес» – деп жазды.

Яғни Ирақ жерінде Исламнан бұрын және ол орнаған соң да түрлі пікірлер мен сенімдер отаны ретінде қала берді. Мурджизм(43), қадария(44), джабрия(45) және тағы басқа топтар мен діни наным–сенім қағидаттары бойынша ымырасыз күрес жүріп жатты. Басқа діндегілер мұсылмандар арасында араздық, пікірталас туғызу үшін Ислам мен мұсылмандарға жат сұрақтар мен мәселелерді көтерген. Ислам принциптерін сынайтын, әсіресе, көп әйел алу, талақ, Кағбадағы қара тасты қастерлеуді христианның крестке табынуымен салыстыратын. Сот үкім арқылы әділет орнату, тағдыр, адам еркі, ол тәуелсіз бе, тәуелді ме деген сұрақтар жаңа қырынан қойылды. Мысалы, тағдыр мен адам еркінің бостандығы Ислам тарағаннан тұрған философиялық мәселе еді. Бірақ Ирақ жерінде ерекше пікір таластар орын алады. Омар халифа кезінде бір ұрыны ұстап алып неге ұрладың дегенде «Алланың әмірімен» деп жауап береді. Халифа ұрлығы үшін қолын кесуге, Аллаға өтірік айтқаны үшін дүреге жыққызады. Осман халифаны өлтіргендер «Османды біз емес Алла өлтірді» деуден танбаған. Оларды Османның алдына алып келгенде де «сені атқан Алла» деген. Осман оларға «Алла атса дәл тигізетін еді» – деген екен.

Христиандар Құран кәрімде айтылатын Иса пайғамбар жөніндегі аяттарды өздерінің мақсаттарына қолдануға тырысқан. Мысалы, Дамаск халифаты кезінде жоғары мансапта болған христиан Юхна Димашқи деген өзінің діндестеріне дін туралы мұсылмандармен қалай пікірталас жүргізу керектігін үйретеді. Ол атап айтқанда: «Егер араб сенен Иса туралы не айтасың?» – деп сұраса, оған «Ол Алланың сөзі» – деп жауап бер де одан «Иса Құранда қалай аталған» – деп сұра. Ол жауап бергенше әңгімені жалғастырма. Сонда араб саған «Мариям ұлы Иса – Алланың елшісі, Алланың Мариямға айтқан сөзі, жіберген рухы» – деп айтуға мәжбүр болады. Егер осылай жауап берсе «Алланың сөзі мен рухы – жаратылған ба немесе жаратылмаған ба?» – деп сұра. Ол жаратылған десе «онда Алланың өзі де рухы да жоқ дегенің бе?» – деп сұра. Осыны айтсаң бұл пікірді ұстанған адам мұсылмандардың түсінігінше зиндиқ (діннен безген) екендігін араб түсінеді.

Осылармен қатар Халифат кезінде көне грек философиясына негізделген пікір үстемдігі орнайды. Дамаск халифаты кезінде бастау алған бұл қозғалыс Бағдат халифаты кезінде көне грек, парсы, үнді тілдерінен жасалған түрлі аудармалардың арқасында кеңінен етек жаяды. Ислам жорықтары кезінде басып алынған жерлердің тұрғындары ұлт–азаттық қозғалыстарға белсенді түрде қатысады.

Ислам бастауындағы ғылымның басты ерекшелігі – білім беру тыңдау арқылы жасалатын. Дамаск халифатының соңына қарай білім беру – тіркеу, жазу арқылы жүзеге аса бастайды. Себебі бұл кезеңде ғалымдар білім бағыттары бойынша бөлініп, бір пәнді зерттейтін ғалымдар шыққан еді. Бірте–бірте энциклопедист ғалымдармен қатар бір сала бойынша маманданған ғалымдар өз еңбектерімен ерекшеленеді. Діни және дәл ғылымдардың өз ережелері қалыптасады. Фақихтер мен мухаддистер Дамаск халифатының соңына қарай өздерінің діни тұжырымдамалары, пәтуалар мен хадистерді жазып алу дәстүрін жолға қояды.

Қалай болғанда да Абу Ханифаның заманы дін мәселесі бойынша пікірталас және диспуттер заманы еді. Түрлі топтар арасындағы рухани тартысқа Абу Ханифа да бастапқы кезде белсенді түрде қатысады. Имам түрлі топтармен сайысқа түсу үшін Басра қаласына 22 рет барғандығы соның дәлелі. Басраның және басқа жерлердің ғұламалары Куфа қаласына осы мақсатпен келетін. Фиқһ саласы бойынша пікірталас әсіресе қажылық кезінде жүретін. Жалпы алғанда, фақиһтер арасындағы диспут нәтижесінде қол жететін тұжырымдар мен пәтуалар түрлі ағымдар мен топтар арасындағы айтыстан гөрі адамдарға тікелей көмегі, пайдасы бар еді. Себебі осы пікірталастар барысында мұсылмандардың өмірін жеңілдетуге, олардың түрлі сұрақтарына ең тиімді деген жауап табуға күш–жігер жұмсалатын.

Пайғамбар (ғ.с.) дүниеден өткен соң имамдар заманына дейін фақиһтердің бір бөлігі – хадис айтуда, екінші бөлігі – жеке ой–пікір, пайым жасаумен ерекшеленеді. Сахабалардың ішінен де хадис айтушылар және өз пайымын білдірушілер шықты. Осы құбылыс табиғиндер, одан кейін муджтаһид имамдар, яғни Абу Ханифа кезінде де жалғасын тапты.

Шаһристани (1087–1154) «Милал уа нихал» деген еңбегінде: «Ғибадат пен іс–әрекеттерге қатысты өмір иірімдері мен оқиғаларына сан жетпейді. Соның барлығы мәтінде көрініс тапты деп айта алмаймыз. Мәтіндердің шегі болса, оқиғалардың шегі жоқ. Ал шегі жоқ заттың шегіне ғылым жете алмайды. Зерттеу мен салыстыру тәсілдері қолданылуы керек. Әр оқиға жеке зерделенуі қажет. Сондықтан Пайғамбар (ғ.с.) дүниеден өткен соң сахабалар шегі жоқ, есепке алуы мүмкін емес оқиғаларды Алланың кітабы, Пайғамбардың сүннеті арқылы үкімін шығарды. Егер кітаптан үкім таба алмаса, Пайғамбардың осыған ұқсас жағдайларда қандай үкім шығарғандығын басшылыққа алды. Егер араларында ондай хадисті еске сақтағандары табылмаса, онда олар өз пайымдары мен пікірлеріне сүйеніп үкім шығарды», – деп жазды. Бір ауыз сөзбен айтқанда заңда анық көрсетілмесе үкім шығарушы адал, тура, дұрыс деп тапқан үкімді өзінің жеке түсінігіне сүйене отырып шығарған.

Абу Ханифа заманындағы фақиһтер осы жолмен жүріп, кез келген мәселе, іс бойынша Құраннан, сүннеттен жауап іздеп, таба алмаса, жеке пайымдау мен тұжырымға сүйенген. «Егер Кітап пен сүннеттен жауап таппасаң, осы мәселеге немесе сұраққа ұқсас мәселелермен салыстыр» – деген тәсілмен үкім шығарылған.

Сахабалардың өздері жеке ой–пікірді қаншалықты пайдалануға болады деген сұрақта түрлі көзқарастарды ұстанған. Олардың бір бөлігі қажет кезде кеңінен пайдаланса, кейбіреулері сирек қолданған, ал келесі бір тобы Құран мен сүннеттен жауап таба алмаса мәселені жылы жауып тастайтын. Ал батылдары «Бұл тұжырымды өз пайымыммен айтып отырмын, егер ол дұрыс шықса Алладан, қате шықса шайтаннан» – деп ашып айтатын. Сахабалар Пайғамбардың (ғ.с.) өзі де осы тәсілді қолданған деп атап өткен.  Екінші топ дін істері ойынша өз пайымдаулары мен пікірлерінің негізінде пәтуа жасайтын.

Сахабалар ұят пен жауапкершілік күшіне қарай осы екі тәсілдің бірін қолдануға мәжбүр еді. Сондықтан алғашқы топқа жататындар Пайғамбар (ғ.с.) туралы хадистерді, кейінгілер діни мәселелерді шешуде басшылыққа алулары үшін молынан қалдыруға күш–жігерлерін жұмсаған. Сонымен сахабалар заманында жеке ой–пікір тұжырымдамасын жасау немесе хадистерге арқа сүйеу және осы жолдан таймау еді.  Фақиһтердің бір бөлігі хадиске сүйенгенде оның әлсіздерін де қолдана беретін, ал жеке ой–пікір, пайым жасаумен белгілі топ әлсіз хадистерді назарға да алмайтын.

Сахабалардан кейін олардың шәкірттері – табиғундар заманы келеді.  Олардың кезінде екі өзгеріс орын алады.

Біріншісі, бұл кезеңде мұсылмандар түрлі топтарға, партияларға бөлінген, қарама–қайшылық желдей ескен заман еді. Осы түрлі топтар бір–бірін күпірлік, пасықтық, бүлікшілдік деп оңай айыптап, қатынастары шиеленіскен кезде қылышқа ұмтылатын. Ислам үмбеті хариджиттерге, шиіттерге және басқа да іштей түрлі бағыттарға бөлінеді. Кейбір топтар көзқарасы бойынша Ислам дінінен шығып кеткен шекке жетсе, кейбір топтар дінді іштен іріту үшін мұсылмандық шапанын бүркенді. Пайғамбарға (ғ.с.) тіл тигізу, түрлі жалған хадистер осы кезеңде кең етек алды.

Екіншісі, Омар халифаның кезінде Мәдина қаласы сахабалардан шыққан фақиһтер мен ғұламалардың орталығына айналды. Қурайш тайпасынан шыққан сахабалардың ғұламаларына Омар орнатқан тәртіп бойынша Хиджаздан басқа жаққа кетуге тыйым салынған еді. Пайғамбардың көзін көргендер оның рұқсатынсыз екі кварталдан алысқа бара алмайтын. Омар қаза тапқан соң сахабалар мұсылман иеліктеріне тарап кетіп, сол жақта жаңа фиқх мектептері қалыптаса бастайды. Ал табиғиндер заманында әр мұсылман иелігінде өзінің бетке ұстар фақиһтері бар еді. Түрлі иеліктерге көшіп келген сахаба өзімен алып келген хадистерге, тұрғылықты жердің әдет–ғұрыптарына, басқа да ерекшеліктеріне қарай  өзіндік діни мектеп қалыптасады.

Абу Ханифаның өмір жолы, тұлғасы, ілімінің негіздері мен заманы туралы қысқаша сипаты осындай. Абу Ханифаның және оның шәкірттерінің арқасында ханафи мазһабы мұсылман құқығының ерекше мектебіне айналды және фиқһке қатысты барлық мәселелерді шеше алатын дәрежеге көтерілді.

Бұған дейін Имам Абу Ханифаның өмір жолы туралы мақаланың бірінші,  екінші бөлімі және үшінші, төртінші, бесінші бөлімі жарияланған болатын. Сондай-ақ Имам ағзам ілімнің қайнар көзін қайдан алғаны туралы да жазған болатынбыз.

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Қайрат Сәки
Бөлісу: