Абиба тағы да жеңілді: Қазақстан құрамасы Загребте қалай өнер көрсетті?

Абиба тағы да жеңілді: Қазақстан құрамасы Загребте қалай өнер көрсетті?

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

13-16 қараша аралығында Хорватияның Загреб қаласында дзюдодан Гран-при турнирі өтті. Қазақстан құрамасы жарыста бір алтын, екі күміс медаль еншіледі. 

Абибаның неге жолы болмай жүр?

Әдеттегідей, турнирдің бірінші күні  әйелдер – 48 кг, 52 кг, 57 келіде, ерлер 60 кг, 66 кг салмақта сынға түсті. Ә дегенде Абиба Әбужақынова жарыс жолынан шығып қалды. 1/16 айналымда Польша қызы Виктория Шлензоктан ұтылып қалды. Бұл бәсеке турнирдің сенсациясы ретінде тіркелді. Татамиде Абиба өзін таба алмай жүргендей көрінді. Өйткені Польша қызы анау айтқандай мықты қарсылас емес еді. 

Абиба биыл бес жарысқа қатысты. Жыл басында Австрия гран-приіндегі қола жүлде үшін тартыста Амабер Гершестің осал тұсын таба алмады. Одан кейін 26 маусым күні Циндао Гран-при турнирінің алғашқы айналымында әзербайжандық Шафак Хамидовадан жеңіліп қалды. Артында  Айчи-Ногаяда өткен Азия ойындарында күміс жүлде алды. 4 қазан күні Бакуде өткен Әлем чемпионатында түрік қызы Мерве Азактан жеңіліп, сенсация жасады. Көп өтпей Загреб татмиінде де алғашқы айналымнан сүрінді. 

фото: ҰОК

Иә, Абиба бабына келе алмай жүр. Бұған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Естеріңізде болса, ол биыл Чехияда өткен оқу-жаттығу жиынында иығынан жарақат алды. Мамыр айының ортасында сауығып, Чиндао гран-приіне баратынын мәлімдеді. Аталған турнирде жақсы нәтиже көрсетпесе де, Жапонияда өткен Азия ойындарының финалына шықты. Десе де, оны нағыз қарсыластары әлем чемпионатында күтіп тұрды. Бірақ Әбужақынова алғашқы айналымнан ары аса алмады. Ал жанкүйерлер оның Ассунто Скутто, Ваканда Кога, Сабина Глязовамен белдесуін күтті.  Өткен әлем чемпионатында топ жарған Скутто биылғы әлем біріншілігінде күміс еншілесе, Загреб татамиінде қарсылас шақ келтірген жоқ. 

Жыл аяқталуға жақын. Гран-при жарыстары аяқталды. Алда Токио Гранд Слэм турнирі күтіп тұр. Ал Абиба Әбужақынованың осы жарысқа баруы екіталай. 

Ғалия суырылып шықты

Загреб татамиі Ғалия Тынбаеваға тағы да күміс жүлде сыйлады.  48 келіге дейінгі салмақтағы шешуші белдесуде отандасымыз әлем чемпионы, италиялық Ассунта Скуттомен кездесіп, тартысты бәсекеде қарсыласына есе жіберді. 

Ғалия Тынбаева финалға дейінгі жолында төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Атап айтқанда, италиялық Азия Аванзато мен испаниялық Ева Перес Солерден басым түсті. Ширек финалда бразилиялық Наташа Феррейраны, ал жартылай финалда австриялық Жаклин Шпрингерді жеңді.

фото: ҰОК

Ғалия турнир бойы жинақы өнер көрсетті. тек финалда Ассунта Скуттоның атынан үрікті ме, қорқақтап күресті. Скуттоның юкосына юкомен жауап қатқанда үміт оты жалт ете қалған. Алайда әккі балуан ваза-ари ұпайын еншілеп, белдесудің тағдырын шешіп кетті. Ғалия өзіне сенімді күрескенде алтын жүлде алар ма еді, кім білсін?!.

Оның ұлттық құрамадағы нөмірі екінші дзюдошы екенін еске түсірсек, биыл ол төрт жарыста ел намысын қорғады. Ұланбатырда өткен Гранд Слэм жарысында екінші айналымда ұтылды. Бакуде өткен әлем чемпионатында да екінші белдесуде қарсыласына жол берді. Өйткені алдынан әйгілі моңғол балуаны Баасанхүү Бавуудорж шықты. 

Аманның алғашқы жүлдесі

Аман Бақытжан мансабында алғаш рет Гран-при турниріне қатысып, күміс жүлдегері атанды. Загреб татамиінде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз жарыс жолында бірнеше мықты қарсыласынан басым түсіп, финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Тайпей өкілі Янг Юнг Вэймен кездесіп, қарсыласына есе жіберді.

фото: IJF

Айта кетерлігі, дзюдошымыз ширек финалда украиналық Дильшот Халматовты, жартылай финалда словениялық Дэвид Старкелді жеңді. Сондай-ақ іріктеу кезеңдерінде Үндістан өкілі Хараш Синх пен израильдік Ариэль Шульманнан басым түсті.

Көптен күткен алтын

Нұрқанат Серікбаев 66 келі салмақта Загреб Гран-приінің чемпионы атанды. Ол финалға дейін төрт кездесу өткізді. Іріктеу кезеңдерінде бразилиялық Кристиан Силва мен аргентиналық Минору Тамашироны жарыс жолынан шығарды. Одан кейін ширек финалда португалиялық Мигель Нери Гагоны, жартылай финалда италиялық Валерио Аккоглиді қапы қалдырды.

Шынтуайтынында, Валерио Аккогли тісқаққан қарсылас еді. Соңына дейін күресіп, финал жолдамасын оңайлықпен берген жоқ. Жарысқа бабында келген Нұрқанат барынша сақ қимылдап, Аккоглидің осал тұсын таба білді. 

фото: ҰОК

Ал финалда  бразилиялық Роналд Лимамен кездесіп, қарсыласын уақытынан бұрын иппон ұпайымен ұтты. Турнирдегі белдесулерді еске алсақ, отандасымыз үшін финалдан гөрі жартылай финалдағы қарсыласы қауіпті болған екен. 

Биыл Нұрқанат Серікбаев сегіз турнирге қатысты. Соның екеуінен алтын олжалады. Наурызда Тблиси татамиінде топ жарса, қарашада Загреб Гран-приінде алтыннан алқа тақты. Серікбаев 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 66 келіге ауысты дегенімізбен, осы салмақта әлемдік додаларға қатысып жүргеніне бір жылдан асты. 66 келіге жылдам бейімделіп, осы салмақтағы ұлттық құраманың нөмірі біріншісі Ғұсман Қырғызбаевқа лайықты бәсекелес атанды.

фото: ҰОК

Осылайша, Қазақстан құрамасы Загребте өтіп жатқан әлемдік Гран-при жарысынан 1 алтын, 2 күміс жүлде алды. Жалпы, жарысқа 66 елден 462 дзюдошы қатыстф. Эсмигүл Куюлова (-63 кг) мен Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) турнирдің қола жүлдесіне таласқанымен, нәтиже көрсете алмады. 

Оқи отырыңыз

{