Кеше, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыҚазақтың ұлттық киімдері бүгінде күнделікті сәннің бір бөлігіне айналып келеді. Шымкенттік Нұрбақыт пен Ақниет Байтан да осы бағытта еңбек етіп, қазақтың көне киім үлгілерін қазіргі заманға бейімдеп жүр. Олар негізін қалаған ALAN брендінің топтамаларында Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы мен Сұлтан Бейбарыс секілді тарихи тұлғалардың киім үлгілері бар. Үш ұрпақ бойы жалғасқан отбасылық кәсіп бүгінде Қазақстаннан бөлек, шетелдік тұтынушылардың да қызығушылығын тудырып отыр. El.kz тілшісі жас кәсіпкер Нұрбақыт Байтанмен атадан балаға жалғасқан тігіншілік өнері, ұлттық киімді жаңғырту жолындағы ізденістері мен кәсіп жүргізудегі қиындықтар туралы әңгімелесті.
– Нұрбақыт мырза, мамандығыңыз заңгер болса да, ұлттық киім өндірісін қолға алдыңыз. Бұл кәсіпке келуіңізге не түрткі болды?
– Бала кезімнен заңгер болуды армандадым. Сонымен қатар Қазақстанда өндірісті дамытып, өз қолымызбен өнім шығаруға да қызығушылығым болды.
Бастапқыда заңгер мамандығы бойынша оқуымды аяқтап, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білімімді жалғастыруды жоспарладым. Ал өндіріспен кейінірек айналысамын деп ойлаған едім.
Алайда 2021 жылы, университеттің төртінші курсында оқып жүргенімде, әкем өмірден өтті. Бұл жағдай жоспарымды өзгертті. Шетелде білім алу туралы ойымды кейінге қалдырып, көптен бері армандап жүрген кәсібімді бастауға бел будым. Сөйтіп, 2022 жылы жеке киім өндірісін қолға алдым.
Дегенмен заңгерлік қызметімді тоқтатқан жоқпын. Қазір де кәсіппен қатар құқық саласында жұмыс істеймін.
– Әулетіңізде тігіншілік өнері үш ұрпақтан бері жалғасып келеді. Бұл кәсіптің бастауында кім тұр?
– Бәрі нағашы атам Алтынбектен басталған. Ол кеңес заманында Түркістанда ұлттық бас киімдер тігумен айналысқан. Сол өңірге белгілі шебер болған. Ол кезде жеке кәсіпкерлікке шектеу қойылғанына қарамастан, атам тігіншілігін жасырын жалғастырған.
Атам бұл өнерін үш қызына үйреткісі келген. Солардың ішінде тігіншілікке ерекше қызығушылық танытқаны – анам Әлия. Ол тұрмысқа шыққанға дейін он жылға жуық тігіншілікпен айналысқан. Сонымен қатар мектепте еңбек пәнінен сабақ берген.
Кейін әкем отбасымыздың негізгі табысын тауып жүрді. Алайда ол зейнетке шыққаннан кейін қаржылық қиындықтар туындады. Сол кезде анам сандықта сақтаулы тұрған ескі тігін машинасын қайта шығарып, әкеммен бірге кәсіпті қолға алды.
Біз де анамызға көмектесе бастадық. Бірте-бірте тігіншілік отбасымыздың тұрақты табыс көзіне айналды. Ал 2022 жылы мен осы істі өз алдыма дамытуды шештім.
– Ал өзіңіз тігіншілікке қашан қызыға бастадыңыз?
– Бір қызығы, сегізінші сыныпқа дейін анамның тігінші болғанын білмеппін. Ол тігін машинасын қайта шығарып, жұмыс істей бастағанда қатты таңғалдым. Анамның бұл өнерді соншалықты жақсы меңгергенін сол кезде ғана білдім.
Кейін оған көмектесіп жүріп, тігіншіліктің қыр-сырын үйрендім. Тек киім тігуді ғана емес, тапсырыс қабылдауды, тұтынушылармен жұмыс істеуді, өнімді сатуды да меңгере бастадым. Сол кездегі тәжірибем кейін өз кәсібімді ашуыма көп көмектесті.
– Қарындасыңыз Ақниетпен бірге кәсіп бастауға қалай шешім қабылдадыңыздар?
– Екеуіміздің қызығушылығымыз бір-бірін толықтырды. Мен Қазақстанда өндірісті дамытып, өз өнімімізді шығарғым келді. Ал Ақниет бала кезінен сурет салуға, түрлі киім үлгілерін ойлап табуға әуес болды. Осылайша қызығушылықтарымыз тоғысып, бірге кәсіп бастауға шешім қабылдадық.
Ақниет қазір 22 жаста. Медицина университетінің алтыншы курсында оқиды, дәрігер-интерн. Екеуіміз де сән дизайны бойынша жоғары білім алған жоқпыз. Тігіншіліктің негізін анамыздан үйрендік. Қарындасым дизайнды өз бетінше меңгеріп, кейін арнайы тігін курсына да қатысты.
Қазір шығармашылық бағытқа Ақниет жауап береді. Жаңа киім үлгілерін ойластырып, дизайнын әзірлейді. Ал мен өндірісті ұйымдастыру, цех жұмысын басқару, серіктестермен байланыс орнату, маркетинг және логистика мәселелерімен айналысамын.
Әрине, кейде пікіріміз келіспей қалады. Мұндайда бірге ақылдасып, ортақ шешім іздейміз. Егер келісе алмасақ, екі идеяны да жүзеге асырып көреміз. Кейін нәтижесін салыстырып, қайсысы сәтті шыққанын анықтаймыз.
– Отбасылық кәсіпке ALAN деген атау беріпсіздер. Оның қандай мағынасы бар?
– Бұл атаудың біздің отбасымыз үшін ерекше мәні бар. «AL» – тігіншілік кәсібінің негізін қалаған нағашы атам Алтынбектің есімінің алғашқы екі әрпі. Ал «AN» – әкем Анарбектің есімінен алынған.
Осылайша отбасымыздағы екі адамның есімін біріктіріп, олардың еңбегін кәсіптің атауында сақтағымыз келді.
– Алғашқы өнімдеріңіз қандай болды? Кәсіпті бастауға қажетті қаражатты қалай жинадыңыздар?
– Бастапқыда сол кездегі сұранысқа сай шапан, камзол, тақия және басқа да ұлттық бас киімдерді тіктік. Ол уақытта ерекше дизайнерлік үлгілеріміз болған жоқ.
Кейін өзімізге тән, өзгеше киімдер жасағымыз келді. Бірақ ойымыздағы үлгілерді жүзеге асыру үшін арнайы кесте тігетін машина қажет болды.
Сол кезде президенттік стипендия алып жүрген едім. Стипендиямды жинап, шамамен 300 мың теңгеге тұрмыстық кесте тігетін машина сатып алдым. Осылайша жаңа үлгілерді әзірлеуге мүмкіндік туды.
Алғашқы өнімдерімізді анамның таныстары мен базардағы көтерме саудагерлерге саттық. Ол кезде интернет арқылы сауда жасауды енді ғана үйреніп жүргенбіз. Сондықтан алғашқы тұтынушыларымыз негізінен базардағы сатушылар болды.
– Қазақтың көне киім үлгілерін зерттеуге не себеп болды?
– Қазақтың ұлттық киімі дегенде көпшіліктің ойына ең алдымен шапан түседі. Бір күні бізде «Қазақтар шапаннан басқа киім кимеген бе?» деген сұрақ туындады.
Осы сұраққа жауап іздеп, ұлттық киімнің тарихын зерттей бастадық. Архивтік фотосуреттерді қарап, бұрынғы қазақтардың қалай киінгеніне назар аудардық. Киімдердің пішімін, жағасын, жеңін, ою-өрнектерін зерттедік.
Сол кезде қазақтың дәстүрлі киімдері біз ойлағаннан әлдеқайда алуан түрлі екенін байқадық. Бұрынғы үлгілердің ерекшеліктерін сақтай отырып, оларды қазіргі заманға бейімдеу идеясы осылай пайда болды.
– Тарихи киім үлгілерін жаңғыртқанда қандай дереккөздерге сүйенесіздер? Мамандармен де кеңесесіздер ме?
– Негізінен кітаптар мен ғылыми еңбектерді оқимыз. Қазақстандық және шетелдік авторлардың ұлттық киімдер мен ою-өрнектерге қатысты зерттеулерін қараймыз. Интернеттегі мәліметтер мен архивтік фотосуреттерді де пайдаланамыз.
Бізге көп ақпарат берген еңбектердің бірі – Ералы Оспанұлының «Қазақ ою-өрнегінің этнографиялық атласы». Бұл кітаптан ою-өрнектердің тарихы мен мағынасына қатысты көптеген мәлімет алдық.
Әзірге тарихшылармен немесе этнографтармен арнайы кездесіп, кеңес алған жоқпыз. Көбіне олардың жазған еңбектеріне сүйенеміз.
– Алаш қайраткерлерінің киім үлгілерін де жаңғырттыңыздар. Мәселен, «Алаш» жейдесін жасағанда қандай тарихи ерекшеліктерді сақтадыңыздар?
– Біз тарихи киімнің ең алдымен өзіне тән пішімін сақтауға тырысамыз.
Мысалы, «Алаш» жейдесін жасағанда сол кезеңдегі фотосуреттерді зерттедік. Алаш қозғалысының көптеген өкілдері киген жейделердің жағасы қазіргі киімдердегідей бөлек тігілмеген. Ол кезде тұтас пішілген жағалар кең тараған.
Біз осы ерекшелікті сақтап, жейденің заманауи нұсқасын жасадық. Сонымен қатар кеуде тұсына Алаш партиясының туы мен белгісін бейнеледік.
Басты мақсатымыз – тарихи киімдерді айнытпай көшіру емес, олардың өзіндік ерекшелігін жоғалтпай, бүгінгі адамға ыңғайлы етіп ұсыну.
– Тағы қандай тарихи тұлғалардың киім үлгілерін жаңғырттыңыздар?
– Біз қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың шапандарын, Әлихан Бөкейханның жейдесін, Алаш қозғалысының қайраткері Асқар Дулатов пен Міржақып Дулатұлының шекпендерін қазіргі заманға бейімдеп шығардық. Сондай-ақ Сұлтан Бейбарысқа арналған жеке топтама әзірледік. Онда мәмлүктер тарихына байланысты ою-өрнектерді қолдандық.
Біз үшін мұндай киімдердің тарихи мәні де маңызды. Адамдар сол тұлғалар туралы көбірек білсе дейміз.
Мысалы, кейбір сатып алушыларымыз «Сұлтан Бейбарыс деген кім?» деп сұрайды. Сондықтан әр киіммен бірге арнайы ақпараттық ашықхат береміз. Онда киімнің кімге арналғаны, сол тарихи тұлғаның өмірі мен тарихтағы орны туралы қысқаша мәлімет жазылады.
Осылайша адам киімді сатып алып қана қоймай, оның тарихымен де таныса алады. Тіпті кейбірі сол тұлға туралы қосымша ақпарат іздей бастайды.
Біздің мақсатымыз – ұлттық киім арқылы тарихи тұлғаларды танытып, олардың есімін ұмыттырмау.
– Ұлттық ою-өрнектерді зерттегенде сізді ерекше таңғалдырған қандай мәліметтер кездесті?
– Өкінішке қарай, көптеген ою-өрнектің бастапқы мағынасы ұмытылып кеткен. Кейде бір өрнектің тарихына қатысты аз ғана ақпарат табудың өзі қиын.
Бірде бір әжейден «қошқармүйіз» оюына қатысты қызық әңгіме естідім. Ол кісінің айтуынша, бұл өрнек қошқардың мүйізін емес, Меккедегі қасиетті ағаштың бейнесін білдіреді екен. Мұндай түсінікті қажылыққа барған адамдар алып келген деген пікір айтты.
Әрине, мұны нақты тарихи дерек деп айта алмаймын. Өйткені оны растайтын басқа мәлімет кездестірмедім. Дегенмен ою-өрнектерге қатысты осындай әңгімелердің өзі қызық.
Бұрын оюлар тек әшекей үшін қолданылмаған болуы мүмкін. Олар адамдардың бір-біріне ақпарат жеткізуінің өзіндік тәсілі болған деген де әңгімелер бар.
Мысалы, тұрмысқа шыққан қыз белгілі бір оюды тоқу арқылы төркініндегі ата-анасына жаңа отбасындағы жағдайын білдірген деген түсінік кездеседі.
Бұл ою-өрнектердің астарында біз әлі толық білмейтін мағыналар болуы мүмкін екенін көрсетеді.
– «Қазақ» деп аталатын оюды да өздеріңіз жасадыңыздар. Оның астарында қандай идея жатыр?
– Бұл идея әлеуметтік желідегі пікірлерден кейін пайда болды. TikTok пен Instagram-да адамдардың руға бөлініп, бір-біріне қатысты түрлі стереотип айтатынын жиі байқайтынбыз.
Сол кезде қазақтың әртүрлі рудан құралғанымен, біртұтас халық екенін көрсететін ою жасағымыз келді.
Өрнектің ортасына руна жазуымен «Қазақ» деген сөзді орналастырдық. Ал айналасына Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз және жүзге кірмейтін рулардың таңбаларын біріктірдік. Оюдың өзі дөңгелек пішінде жасалған.
Негізгі ойымыз – руымыз әртүрлі болғанымен, бәріміз бір қазақ екенімізді көрсету. Ұлттық киім арқылы адамдарды бөлінуге емес, бірлікке шақырғымыз келді.
– Соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық артып келеді. Сіздің ойыңызша, қоғамның ұлттық киімге деген көзқарасы қаншалықты өзгерді?
– Біз кәсіпті бастаған кезде ұлттық киімге қатысты стереотиптер көп болатын. Адамдардың басым бөлігі оны тек тойда, мерекеде немесе Наурызда киюге арналған деп қабылдайтын. Тіпті мұндай киім жастарға жараспайды, оны көбіне үлкен кісілер киеді деген түсінік те болды.
Қазір жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Ұлттық нақыштағы киім тігетін отандық кәсіпкерлер көбейді. Бұл – жақсы үрдіс.
Біз де әлеуметтік желілерде ұлттық киімдердің заманауи үлгілерін көрсетіп, түрлі бейнежазбалар жарияладық. Кейбір видеоларымыз миллионнан астам қаралым жинады. Соның нәтижесінде ұлттық киімге қызығушылық танытатын аудитория қалыптасты.
Меніңше, бүгінгі ұлттық киім тарихи үлгілерді сол күйінде қайталаумен шектелмеуі керек. Ол қазіргі заманның талғамына сай, күнделікті киюге ыңғайлы болуы қажет. Сонымен қатар оның тарихи ерекшелігі мен ою-өрнектерінің мағынасы сақталғаны дұрыс.
– Кейбір ұлттық киім үлгілерін өзге халықтардың дәстүрлі киімдеріне ұқсататындар бар. Мұндай пікірлерге қалай қарайсыз?
– Иә, мұндай пікірлерді жиі естиміз. Мысалы, кейбір киімдерімізді қытайдың дәстүрлі киімдеріне ұқсататындар бар.
Қазақ пен қытай халықтары ежелден көрші өмір сүрген. Сондықтан олардың киім мәдениетінде ұқсас элементтердің кездесуі заңды.
Мәселен, қазақтарда да алдыңғы бөлігі айқастырылып жабылатын шекпендер болған. Мұндай пішім қытайдың дәстүрлі киімдерінде де кездеседі. Дегенмен әр халықтың өзіне тән ерекшеліктері бар.
Меніңше, мәселе – біздің өзіміздің бұрынғы киім үлгілерімізді толық біле бермейтінімізде. Уақыт өте келе кейбір пішімдер мен ерекшеліктер ұмытылып кеткен.
Сондықтан қазақтың дәстүрлі киімдерін зерттеп, олардың тарихын қайта таныстыру маңызды деп ойлаймын.
– Кәсіп барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
– Ең қиын кезеңдердің бірі Шымкентте дүкен ашқан кезіміз болды. Оған дейін негізінен интернет арқылы сауда жасап, тігін цехымызды жүргізіп келген едік.
Кейін базардан сауда орнын ашуды шештік. Ол үшін жалға алу құқығына ие болу мақсатында бастапқы жарна ретінде шамамен 5 миллион теңге төледік. Одан бөлек, дүкенді жөндеуге тағы 2 миллион теңгедей қаражат жұмсадық.
Алайда күткеніміздей көп сатып алушы келген жоқ. Өйткені негізгі тұтынушыларымыз Астана мен Алматыда тұратын. Басқа өңірлерден де тапсырыстар түсетін. Ал Шымкенттегі сұраныс біз ойлаған деңгейде болмады.
Оның үстіне жөндеу жұмыстары да сәтсіз шықты. Технологиялық талаптар дұрыс сақталмағандықтан, қабырғадағы ою-өрнектер түсіп, бояулар бүлінді. Жөндеуге жұмсаған қаражатымыз да зая кетті деуге болады.
Осылайша дүкен ашуға жалпы 7 миллион теңгедей қаражат жұмсадық. Оның бір бөлігі несиеге алынған ақша еді. Бұл біз үшін қаржылық тұрғыдан өте қиын кезең болды.
Дегенмен осы жағдайдан сабақ алдық. Қазір сол орынды шоурум ретінде пайдаланамыз. Бір бөлігінде тігіншілер жұмыс істесе, екінші бөлігінде дайын өнімдер сатылады. Яғни өндіріс пен сауданы бір кеңістікке біріктірдік.
– Қазір өндіріс көлемі қандай? Ай сайын қанша өнім шығарасыздар және кәсіптің қаржылық айналымы қанша?
– Қазіргі таңда екі сауда орнымыз бар. Екеуінде де тігіншілер жұмыс істейді.
Айына орта есеппен 130-ға жуық өнім шығарамыз. Әрине, бұл көрсеткіш маусымға байланысты өзгеріп отырады. Кейде тапсырыс көбейсе, кей кезеңдерде азаяды.
Кәсіптің орташа айлық айналымы шамамен 3 миллион теңгені құрайды.
Тапсырыстарымыздың 90 пайызға жуығы Instagram мен TikTok арқылы түседі. Сондықтан әлеуметтік желілер біздің негізгі сауда алаңымызға айналған.
Алғашында TikTok арқылы танылып, кейін Instagram-ды да белсенді жүргізе бастадық. Ұлттық киімдердің заманауи үлгілері туралы бейнежазбалар көп қаралым жинап, соның нәтижесінде тапсырыс саны да артты.
– Шетелден де тапсырыс қабылдайсыздар ма? Қай елдерден сұраныс жоғары?
– Иә, шетелден де тапсырыстар түседі. Әлеуметтік желідегі аудиториямыздың 77 пайызы Қазақстаннан болса, қалған 23 пайызы – шетелдік қолданушылар.
Шетелдік тапсырыстардың басым бөлігі Ресейден келеді. Сонымен қатар Қырғызстан, Польша, Эстония, Германия және Еуропаның басқа елдерінен де қызығушылық бар. АҚШ-тан да тапсырыстар түскен.
Дегенмен шетелге жеткізу құны қымбат болғандықтан, барлық тапсырысты бірдей қабылдай алмаймыз.
Менің ойымша, шетелдіктерді көшпенділер мәдениетінің ерекшелігі қызықтырады. Қазір адамдар өзгелерден ерекшеленетін, өзіндік стилін көрсететін киімдерді іздейді. Ал қазақтың дәстүрлі киім үлгілерінде мұндай ерекшелік жеткілікті.
– Алдағы уақытта кәсіпті қай бағытта дамытуды жоспарлап отырсыздар?
– Қазіргі ең үлкен мақсатымыз – жеке тігін кешенін ашу. Оның бірінші қабатында дүкен, екінші қабатында тігін цехы орналасса дейміз. Яғни өндіріс пен сауданы бір ғимаратқа біріктіруді жоспарлап отырмыз.
Қазір осы мақсатқа қаражат жинап жатырмыз.
Сонымен қатар шетел нарығына кеңірек шығуды көздейміз. Болашақта халықаралық маркетплейстер арқылы өнімдерімізді сатқымыз келеді.
Біздің басты мақсатымыз – қазақтың ұлттық киімдерін Қазақстанда ғана емес, әлемге таныту. Ұлттық киім тек мерекелерде киілетін бұйым болып қалмай, күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналғанын қалаймыз. Ол үшін ұлттық киімдер заманауи, ыңғайлы әрі халыққа қолжетімді болуы керек деп ойлаймын.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Кеше, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыКеше, 11:03
Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленеді14 Қазан, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады13 Қазан, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады