A$AP Rocky-дің бейнебаянын түсірген Айсұлтан Сейітовтің басы дауға қалды

A$AP Rocky-дің бейнебаянын түсірген Айсұлтан Сейітовтің басы дауға қалды

Мадина Асылбекова
Фото: A$AP Rocky мен Айсұлтан Сейітов. Іnstagram.com/aisultan

Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов пен ProdCo продакшн-компаниясы америкалық рэпер A$AP Rocky-дің Shroom Clouds әніне түсірілген бейнебаянның бастапқы режиссерлік нұсқасын ұсынды.

Бұл қадам әлеуметтік желіде қызу талқыланған жасанды интеллект дауына қатысты мән-жайды түсіндіру мақсатында жасалған. Продакшн-компанияның мәлімдеуінше, бастапқы нұсқада ЖИ көмегімен жасалған немесе өңделген кадрлар жоқ.

Shroom Clouds клипі YouTube платформасында 19 қазанда жарық көрген. Оның режиссерлерінің қатарында A$AP Rocky, Айсұлтан Сейітов және Пьетро Биз Бьязия бар. Алайда видео жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары ондағы бір көріністің америкалық видеорежиссерлер Cache Bunny мен Ari Fararooy-дың 2019 жылы түсірген жұмысына ұқсайтынын байқаған.

Cache Bunny-дің айтуынша, клиптің соңғы нұсқасын әзірлеу кезінде оның жұмысы рұқсатсыз пайдаланылып, бастапқы видеодағы кейіпкердің орнына жасанды интеллект арқылы A$AP Rocky-дің бейнесі қойылған. Ал кадрдағы шөп пен көлеңке секілді қоршаған орта бөлшектері өзгеріссіз қалған.

instagram.com/cache_bunny

Өнер иесін бұл жағдайдан бөлек, клип авторларының өзімен байланысқа шықпағаны да қынжылтқан.

Визуалды өнерге деген шығармашылық көзқарасы үшін A$AP Rocky-ді үлгі санайтынмын. Сондықтан бұл жағдайды қабылдау маған ерекше ауыр тиді. Клипті жасауға қатысқан өзге адамдардың барлығы ақы алды және/немесе олардың аттары титрлерде көрсетілді. Ал біздің командамызбен ешкім байланысқа шықпады, – деп жазды Cache Bunny.

Оның сөзінше, ол болған жайтты алғашында достарының хабарламалары арқылы білген. Кейін басқа адамдардан да жүздеген хабарлама алғанын айтып, әзірге қандай әрекет жасайтынын шешпегенін жеткізген.

«Бұл мен түсірген нұсқа емес»

Дау өршіген соң Айсұлтан Сейітов те үнсіз қалған жоқ. Режиссердің айтуынша, көпшілікке ұсынылған клип оның командасымен бірге дайындаған бастапқы жұмысынан өзгеше.

Командеммен бірге бұл видеоға ұзақ уақыт бойы бар күшімізді салып жұмыс істедік. Оның ақыры жарық көргеніне шын жүректен қуандым. Алайда жарияланған нұсқа мен бастапқы нұсқаның айырмашылығы бар, – деп жазды Сейітов.

Режиссер даулы кадрлардың автор рұқсатынсыз пайдаланылуы мүмкін екенін жақында ғана білгенін айтты. Оның сөзінше, команда клиптің бастапқы режиссерлік нұсқасын әзірлеп, оны бөлек жариялауды жоспарлаған. Алайда бұл үшін музыкалық лейблдің рұқсаты қажет болған.

Кейін ProdCo компаниясы Instagram парақшасында клиптің бастапқы нұсқасын жариялағанын хабарлады. Бұл жазбамен Айсұлтан Сейітовтің өзі де бөлісті.

ProdCo не деді?

ProdCo компаниясының мәліметінше, жаңадан жарияланған режиссерлік нұсқа – 2024 жылдың қаңтарында толық аяқталып, тапсырыс берушіге тапсырылған бастапқы жұмыс.

Бұл – Айсұлтан мен A$AP Rocky-дің шығармашылық серіктестігі нәтижесінде дүниеге келген түпнұсқа жұмыс. Онда кейін жасанды интеллект арқылы жасалған қосымша кадрлар, ЖИ көмегімен өңделген көріністер және кейін пайда болған даулы бейнелер жоқ. Біз бұл нұсқаны бастапқы жобаның мән-жайын және оның кейінгі нұсқасына қатысты жағдайларды нақтылау үшін жариялап отырмыз. Жұмыстың өзі бәрін айтып тұр деп сенеміз, – делінген ProdCo мәлімдемесінде.

Компания өкілдері осы жарияланым арқылы жобаға қатысуын және туындаған мәселелерді шешуге байланысты жұмысын аяқтайтынын да жеткізген.

Бұған дейін ProdCo өкілдері клиптің соңғы нұсқасы режиссер мен продюсерлік топқа алдын ала ескертусіз жарияланғанын айтқан. Компания видео жарық көргеннен кейін ғана оған жасанды интеллект арқылы жасалған немесе өңделген қосымша көріністер енгізілгенін байқаған.

Продакшн-компания мәліметінше, жобаға қомақты қаражат жұмсалғанымен, дайын клипті елеулі түрде өзгертуге қатысты шешімдер қабылдауға олар қатыспаған.

Сонымен қатар компания ресми клиптің титрлеріне қатысты да мәселе көтерген. Оның мәлімдеуінше, бастапқы материалдар тапсырылған кезде жобаны әзірлеуге қатыспаған тағы бір режиссердің аты режиссер ретінде көрсетілген. Ал жобаның бастапқы өндірісіне қатысқан ProdCo компаниясының өзі продюсерлер қатарында аталмаған.

Осыған байланысты компания Cache Bunny-ді қолдап, автордың есімін көрсетуге және оған тиісті қаламақы төлеуге шақырған. Сондай-ақ Айсұлтан Сейітов түсірген, кейін қосылған ЖИ кадрлары жоқ бастапқы нұсқаны жариялауды талап еткен.

ProdCo өкілдерінің пікірінше, мұндай әрекеттер қазақстандық режиссердің шығармашылық ойын және бүкіл команданың ұзақ жылғы еңбегін құнсыздандырады.

Клиптің бастапқы нұсқасын кімдер түсірді?

ProdCo компаниясы Director’s Cut нұсқасымен бірге бастапқы клипті жасауға қатысқан мамандардың толық тізімін де жариялады. Онда режиссерлер деп A$AP Rocky мен Айсұлтан Сейітов көрсетілген. Жобаның өндірісіне ProdCo және North of Now Films компаниялары қатысқан.

 

Шығармашылық топ құрамында:

Продюсерлер: Иан Понс Джевелл, Зико Джадж және Элизабет Кук;

Оператор-қоюшы: Оли Миллар;

Монтаж режиссері: Юра Карих;

Визуалды эффектілер: Mathematic студиясы, қосымша эффектілерге Silent Studios қатысқан.

Ғарыш пен ғаламшарлар бейнеленген күрделі көріністерді жасауға миниатюралармен жұмыс істейтін мамандар мен 3D-графика суретшілері де атсалысқан.

Айсұлтан Сейітов пен A$AP Rocky-дің бұрынғы жобалары

Shroom Clouds – қазақстандық режиссер мен америкалық рэпердің бірлескен жұмыстарының бірі. Бұған дейін, 2021 жылы, Сейітов A$AP Rocky-дің PacSun киім брендіне арналған жарнамалық жобасын жасауға қатысқан.

Режиссер бұған дейін әлеуметтік желіде рэпердің қолына қазақтың ұлттық аспабы – домбыра ұстаған суретін де бөліскен. Бұл жазба көпшіліктің назарын аударған еді.

Сейітов сол жобаның мәні туралы пікір білдіріп, өнер арқылы өзінің туған жері мен мәдениетінің бір бөлшегін әлемге таныту маңызды екенін айтқан.

Мұнда менің де, мәдениетімнің де, туған жерімнің де бір бөлшегі бар. Мен үшін бұл сурет – бәрі мүмкін екенін және арманымыздың шегі жоқ екенін білдіретін белгі, – деп жазған режиссер. Ол сенім білдіргені үшін рэперге алғыс та айтқан.

Айсұлтан Сейітов көпшілікке шетелдік орындаушылардың бейнебаяндарын түсіріп танылған. Ол 21 Savage және J. Cole секілді әртістермен жұмыс істеген. Қазақстанда режиссер 2022 жылы жарық көрген «Қаш» тарихи драмасы арқылы да белгілі.

Shroom Clouds клипінде қазақстандық колорист Ерлан Танай да жұмыс істеген. Ол бейненің түсін өңдеуге жауап берген. Алматыда туып-өскен Танай кейін Лос-Анджелеске қоныс аударып, Company 3 постөндірістік студиясымен жұмыс істеп келеді.

Ал A$AP Rocky лақапатымен танылған Раким Майерс – «Грэмми» сыйлығына бірнеше рет ұсынылған америкалық рэпер. Оның Shroom Clouds әні 16 қазанда жарық көрген. Композицияны жазуға америкалық орындаушылар Jeremih пен Reggie де қатысқан. Ән рэпердің Don't Be Dumb альбомының екінші бөліміне дейінгі алғашқы сингл ретінде ұсынылған.

Оқи отырыңыз

{