Қазақстанда бірқатар блогерге қатысты салық тексерісі жалғасып жатыр. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы бір ай ішінде блогерлермен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бюджетке қосымша 9 миллиард теңге түскен. Бұл қаражат Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) хабарламаларынан кейін блогерлердің өз еркімен тапсырған жаңартылған декларацияларында көрсетілген.
Бір айдың ішінде бюджетке осындай сомалар түсті. Енді бірқатар блогерге қатысты тексеру шаралары басталады. Ал қойылған талаптармен келіспегендерге қатысты жұмыс жалғасып жатыр, – деді вице-министр Біржанов.
Жалпы, тексерулер басталғалы бері салық органдары 854 блогерге табысын төмендетіп көрсету дерегі бойынша 1 586 хабарлама жолдаған. Көрсетілген жалпы сома – 72 миллиард теңге.
Бүгінгі күнге дейін 622 блогер қосымша салық декларациясын тапсырды. Олар табысын 18,3 миллиард теңгеге ұлғайтып көрсетіп, 1 миллиард теңгеге дейін қосымша салық төледі. Сонымен қатар тағы шамамен 600 миллион теңге төлеу міндеттелді, – деді Ержан Біржанов Үкіметтегі брифингте.
Қазіргі таңда 7 блогерге қатысты толыққанды тексеру жүріп жатыр. Оларға қосымша есептелген салық көлемі 10 миллион теңгеден асады.
Қазір тексеру шаралары жүргізілуде. Егер осыдан кейін салық сомалары ерікті түрде төленбесе және көлемі айтарлықтай болса, материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі немесе процессуалдық шешімдер қабылданады, – деп атап өтті вице-министр.
Салық құпиясына байланысты шенеунік блогерлердің аты-жөнін жариялаған жоқ.
Еске салсақ, былтырғы ақпан айында қазақстандық блогерлерге миллиардтаған теңге көлеміндегі салық қарызы туралы жаппай хабарламалар келген еді. Сол кезде Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 594 адам табысын 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен.
Мамандардың айтуынша, салық органдары блогерлердің табысын түрлі дереккөздер арқылы салыстырып анықтайды. Яғни декларациядағы мәліметтер мен нақты табыс арасында айырмашылықтар табылған.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде кейбір блогерлер заңға қайшы әрекеттерге де барып жатыр.
Көптеген блогерлер лотереялар мен түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырып жүр. Еске саламын, бұл заңмен тыйым салынған, сондықтан оларға да санкциялар қолданылуы мүмкін. Барлығы заң аясында жұмыс істеуі тиіс, – деді ол.
Журналистер шенеунікке «блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін бе?» деген сұрақ та қойды.
Біз қылмыстық іс қозғамаймыз, біз салықты есептеп, қосымша өндіріп аламыз. Ал лотерея қызметіне қатысты заң бұзушылықтар болса, ол мәселемен Туризм және спорт министрлігінің уәкілетті органы айналысады. Әкімшілік жауапкершілік бар, ал сомалар ірі болса, материалдар құқық қорғау органдарына беріледі, – деді Біржанов.
Ол талаптармен келіспеген жағдайда, тексеру нәтижелері рәсімделіп, ары қарай іс құқық қорғау органдарына жолдануы мүмкін екенін атап өтті.
Егер блогер талаппен келіспесе, онда біз оны рәсімдейміз. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіліп, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, – деді вице-министр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, блогерлердің салық міндеттемелерін толық орындауын бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Тексеру барысында әртүрлі дереккөздерден алынған ақпарат декларациялармен салыстырылып, айырмашылықтар анықталған.
Нәтижесінде 594 тұлға бойынша 53,3 миллиард теңгеге сәйкессіздік тіркелген. Осыған байланысты биыл 13-14 ақпан аралығында табысты төмендету фактілері бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілген.
Блогерлерге 30 жұмыс күні ішінде қосымша есептілік тапсырып, салықты төлеу немесе негізделген түсініктеме беру міндеттелді.
Сондай-ақ МКК блогерлерге онлайн жарнамадан түсетін табысқа да салық төлеу қажеттігін еске салды. Бұл талаптар Қазақстанның Конституциясы мен Салық кодексінде нақты көрсетілген.
Кейін ведомство 93 блогерге жолданған 169 хабарламаның кері қайтарылғанын хабарлады. Бұған техникалық қате себеп болған.