871 матч және 215 шайба: Қазақстан хоккейінің аңызы мансабын аяқтады

871 матч және 215 шайба: Қазақстан хоккейінің аңызы мансабын аяқтады

Аян Қайырбаев
Фото: instagram.com/starchenko_48

«Барыс» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Роман Старченко кәсіби хоккейдегі мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.

40 жастағы хоккейші әлеуметтік желідегі парақшасында бұл күннің өзі үшін ерекше екенін айтып, хоккей өмірінің ажырамас бөлігі болып қала беретінін жеткізді.

Бүгін мен үшін ерекше күн. Кәсіби ойыншылық мансабымды аяқтайтынымды ресми түрде жариялайтын уақыт келді. Бұл өмірімдегі ең керемет кезеңдердің бірі болды, көптеген жарқын сәттерді сыйлады. Ең алдымен ата-анама және отбасыма алғыс айтқым келеді. Сіздер әрдайым қолдау көрсетіп, уақытыңызды арнап, жеңілістерде бірге уайымдап, жеңістерде бірге қуандыңыздар. Сіздердің қолдауларыңыз болмаса, бұл жолды жүріп өту мүмкін болмас еді. Сондай-ақ мұз айдынында бірге ойнаған әріптестеріме, бірге жұмыс істеген жаттықтырушыларыма, клуб басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Ешбір жеңіс жеке адамның еңбегі емес, әрбір жетістіктің артында үлкен команданың еңбегі тұрады. Жанкүйерлерге ерекше рақмет! Сіздер ең жарқын сәттерде де, ең қиын кезеңдерде де жанымнан табылдыңыздар. Сіздер үшін ойнау мен үшін үлкен мәртебе болды. Хоккей менің өмірімнің бір бөлігі болып қала береді. Алда жаңа белестер, жаңа мақсаттар мен жаңа сынақтар күтіп тұрғанына сенімдімін», – деп жазды Старченко.

Фото: instagram.com/starchenko_48

Қазақстан хоккейінің аңызы

Роман Старченко «Барыс» сапында 17 маусым өткізіп, Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бір команда құрамында ең көп матч өткізген ойыншы атанды. Ол «Барыс» сапында 819 матчқа қатысып, лига тарихындағы рекордты жаңартты.

Жалпы ҚХЛ-да 871 матч өткізіп, 215 шайба соғып, 209 нәтижелі пас берді. Мансабының бір бөлігінде Мәскеудің «Спартак» клубында да өнер көрсетті.

Қазақстан құрамасы сапында Старченко 18 әлем чемпионатына қатысты. Оның 10-ы элиталық дивизионда өтті. Сондай-ақ ол екі мәрте Азия ойындарының чемпионы атанып, Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

Бұған дейін Қазақстан құрамасының хоккейшісі «бізді ешкім естімейді» деп үндеу жасаған еді.

Оқи отырыңыз

{