85 мың теңгеге өмір сүру. Кітапханашылардың жалақысы неге төмен?

31 Тамыз 2023, 18:15 4700

Атақты жазушы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен-кітапхана» деген болатын. Бірақ кітап оқымайтын кезеңде кітапханашының да жалақысы мәз болмай тұр. Жалпы, елімізде театр, музей, кітапхана қызметкерлері шынымен төмен жалақы алады. Бірақ біздің шенеуніктер 85 мың теңгеге өмір сүруге болатынын айтады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында Қазақстанда 11 мыңға жуық кітапхана бар деп айтқан. Мұнда 20 мың кітапханашы еңбек етеді.

Кітапханашылардың орташа еңбекақысы 70-80 мың теңге көлемінде. Ұлттық академиялық кітапхана деген мәртебесі болса да, айлыққа қосымша ештеме қосылмайды. Біздің кітапханашылардың тәжірибесі бар, басшылық қызметтегілердің өзі 120 мың теңге алады. Енді мұндай айлықпен «Отбасы» банктің бағдарламаларымен де баспана алуға айлығы жетпейді, – деді Ғазиза Нұрғалиева.

Жалпы елде 20 мың кітапханашы болса, оның 8300-і білім саласындағы кітапханаларда. Өткенде Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдар өкілдері білім саласындағы кітапханашылар жалақысы мәселесін талқылаған болатын. Олардың 85 000-130 000 теңге төңірегінде айлық алатыны белгілі болды.

2015-2021 жылдар аралығында тіптен халдері мүшкіл болатын. Өйткені мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығына қосылатын 1,72 үстеме коэффициент алынып қалды. Сосын қайта қосылды. Бірақ оның өзінде бәріне емес. Тек 8 пайызын қамтыды.

«Айқын» газетінің жазуынша, 4-5 жыл бұрын музей, мұрағат, кітапхана саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы 25-30 мың теңге ша­масында болған екен. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп келген әртістер филармо­нияға жұмысқа кіргенде 30-32 мың теңге жалақы алыпты. Одан бері 5 жыл өтті. Жалақы мөлшері азғана өзгеріп, 60-80 мың теңгеге көбейген. 

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысы жыл сайын көтерілгенде білім саласындағы кітапханашылар тыс қалады екен.

Жыл сайын мемлекет кітапханашылардың жалақысын өсіріп келеді. 2021 жылдан бері 30%-ға, 25%-ға, 15%-ға біртіндеп көтерілген. Бірақ бұл жұмыспен мектептегі кітапханашылар қамтылмаған. Қазір бұл мәдениет пен білім саласындағы кітапханашылар арасындағы теңсіздікке алып келіп отыр, - деді депутат.

Білім саласындағы академиялық кітапхана басшысы Әлия Шоратқызы да жалақының мәз емес екенін қайталап өтті.

Оқу-ағарту министрлігінде білім беру ұйымдарында қызмет ететін кітапханашылардың айлығы 25 жыл еңбек өтілімен 130 мың теңге алады. Ал қолына алатыны 110 мың теңге. Ең төменгі айлық - 85 мың теңге, - деді ол.

Мәжіліс депутаты Әбіл Еркін мектеп кітапханашыларының жалақысын көтеру үшін 3 жылға небәрі 5 миллиард теңге қажет деп отыр.


Ең қызығы, шенеуніктерде болып отыр. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев 85 мың теңгеге өмір сүруге болады деп қоғамда сынға қалды.

85 мың теңгеге өмір сүруге болады. Бірақ әр салада жалақы өсуі керек, қазір біз сол бойынша әдістемемен айналысып жатырмыз, - дейді вице-министр.

Оның әріптесі тағы бір вице-министр Назгүл Сағындықова болса, бұл жалақыны біліктілігі төмен мамандар алады санайды.

Менің ойымша, 85 мың теңге адамның сапалы өмір сүруі үшін жеткіліксіз. Сондықтан үкімет мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың табысын арттыру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді. Бірінші кезекте бюджет саласы қызметкерлерінің, оның ішінде дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын арттыруға баса назар аударылып отыр. Әрине, бізде осындай көлемде жалақы алатын адамдар бар екені рас. Бірақ бұл, ең алдымен, біліктілігі жоқ қызметкерлер мен жұмысшылар екенін естен шығармайық. Жұмысшының біліктілігі жоғары болған сайын жалақы көлемі де артады, - дейді Назгүл Сағындықова.

Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева кітапханашылардың жалақысын 20 пайызға көтергенімізбен, 890 теңге ғана қосылады деп отыр. Сондықтан жалақы мәселесін ойланатын кез келген тәрізді.

Алмас Абылай
Бөлісу: