83-ші Венеция халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

83-ші Венеция халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

Амангүл Тілейқызы
Фото: Vittorio Zunino Celotto/Getty Images

Италияның Лидо аралында 83-ші Венеция халықаралық кинофестивалі мәресіне жетті. Биыл фестивальдің бас жүлдесі – «Алтын арыстан» даниялық режиссер Мэй эль-Тукидің «Белгісіз әйел» фильміне бұйырды. Сондай-ақ үздік режиссер, актер мен актриса және қазылар алқасының Гран-при иегерлері анықталды.

«Алтын арыстан» – «Белгісіз әйел» фильміне

Биылғы негізгі байқауда 21 фильм бақ сынады. Олардың арасында әйел режиссер түсірген жалғыз туынды – Мэй эль-Тукидің «Белгісіз әйел» картинасы болды. Қазылар алқасы фестивальдің ең жоғары марапатын дәл осы фильмге табыстады.

«Белгісіз әйел» – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Копенгагенде өрбитін драма. Басты кейіпкер Мари – ауқатты жесірге тұрмысқа шығып, өткен өмірін артта қалдырып, жаңа өмір бастағысы келетін жас қызметші. Алайда оның неміс оккупациясы кезіндегі құпиясы ашылып, жағдай күрт өзгереді. Соғыс жылдарында Мари неміс сарбазымен қарым-қатынаста болған.

Сол кезеңде Данияда неміс жауынгерлерімен байланыста болған әйелдер қоғамдық қысымға ұшырап, коллаборационист ретінде айыпталған. Режиссер осы тарихи жағдай арқылы әйел тағдыры, қоғамдық айыптау, ұят пен адамның өмірін қайта бастауға деген талпынысын көрсетеді.

Фото: Vittorio Zunino Celotto/Getty Images

Басты рөлді сомдаған Матильда Арсель де марапатсыз қалған жоқ. Ол Венеция кинофестивалінің үздік актрисасы атанды.

Мэй эль-Туки марапатты қабылдау кезінде фильмді түсіру қаржылық, логистикалық және эмоциялық тұрғыдан өте күрделі болғанын айтты. Оның сөзінше, шығармашылық топты алға жетелеген басты мақсат – тарих тасасында қалған әйелдердің тағдырын көпшілікке таныту.

Біздің ортақ тарихымыздағы белгісіз әйелдерге назар аударып, оларды таныту қажеттілігі мені алға жетеледі. Бүгін кешке осы мақсатқа қол жеткізгендей сезінемін, – деді режиссер.

Ол сондай-ақ қазылар алқасының төрайымы Мэгги Джилленхолға әйел кинематографистер үшін тең мүмкіндіктердің әлі де жеткіліксіз екеніне назар аударғаны үшін алғыс білдірді.

Ли Чхан-дон Гран-при иеленді

Қазылар алқасының Гран-приі Оңтүстік Кореяның белгілі режиссері Ли Чхан-донға табысталды. Оның «Мүмкін махаббат» фильмі әлеуметтік жағдайы әртүрлі екі отбасының өмірін баяндайды.

Картинада адамдар арасындағы байланыстардың әлсіреуі, еңбек ұғымының өзгеруі және қоғамдағы әлеуметтік алшақтық мәселелері қозғалады.

Марапаттау рәсімінде режиссер фильм арқылы қазіргі заманда киноның қоғамдағы орны туралы сұрақ қойғысы келгенін жеткізді.

Еңбек жоғалып, адамдар арасындағы байланыс үзіліп жатқан кезеңде кино не істей алады және не істеуі керек деген сұраққа жауап іздедім. Бұл марапатты сол сұрақты әрі қарай қоюға берілген белгі деп қабылдаймын, – деді Ли Чхан-дон.

«Дау» фильмінің режиссері марапат алды

Үздік режиссерге берілетін «Күміс арыстан» Илья Хржановскийге бұйырды. Ол фестивальге «Дау» атты ауқымды драмасын ұсынды.

Фильм кеңестік дәуірдегі жүйе мен адам тағдырын зерттейтін үлкен киножобаның бір бөлігі ретінде ұсынылған. Шетелдік кино сыншылары картинаға негізінен оң баға беріп, оның ауқымы мен тарихи тақырыпты жеткізу тәсіліне назар аударды.

Фото: Vittorio Zunino Celotto/Getty Images

«NAZA» 25 минуттық қошеметке ие болды

Фестивальдегі ең көп талқыланған картиналардың бірі – Юваль Абрахам мен Рахель Шор түсірген «NAZA» деректі фильмі. Газа секторындағы нысандарды таңдау жүйесін зерттейтін туынды фестивальдің соңғы күндерінде көрсетілді.

Көрсетілім аяқталған соң көрермендер авторларды шамамен 25 минут бойы қол соғып қарсы алды. Бұл Венеция кинофестиваліндегі жаңа рекорд ретінде аталды. Бұған дейінгі көрсеткіш өткен жылы көрсетілген «Хинд Раджабтың дауысы» фильміне тиесілі болған – ол 23 минуттық қошеметке ие еді.

Қазылар алқасы «NAZA» авторларына арнайы жүлде табыстады.

Юваль Абрахам марапаттау сахнасында фильмді көрместен сынға алып, ондағы мәселелерді жоққа шығарып жатқандар бар екенін айтты. Оның пікірінше, қылмысты жоққа шығару оның жалғасуына жағдай жасайды.

Джон Малкович – үздік актер

Ерлер арасындағы үздік актер жүлдесін америкалық актер Джон Малкович иеленді. Ол «Жабайы жылқы» фильміндегі рөлі үшін марапатталды.

Ал әйелдер арасындағы басты актерлік жүлде «Белгісіз әйелдің» жұлдызы Матильда Арсельге табысталды. Осылайша Мэй эль-Тукидің картинасы фестивальдің бірден екі маңызды марапатына ие болды.

Бұл нәтиже ерекше назар аудартты. Себебі Венеция кинофестивалінің қалыптасқан ережесіне сәйкес, «Алтын арыстанды» жеңіп алған фильмге негізгі байқаудың басқа жүлдесін қатар беру қарастырылмайды. Алайда биыл «Белгісіз әйелге» қатысты ерекшелік жасалды.

Фото: Vittorio Zunino Celotto/Getty Images

Биылғы фестиваль несімен есте қалды?

83-ші Венеция кинофестивалінде әлеуметтік және саяси тақырыптағы фильмдер айрықша орын алды. Соғыс, қоғамдық теңсіздік, әйелдердің қоғамдағы орны, тарихи жарақаттар мен адамдар арасындағы байланыстың өзгеруі секілді мәселелер бірнеше конкурс туындысының өзегіне айналды.

Фестивальдің марапаттау рәсімін италиялық әнші Франческа Микьелин ашып, Бьорктің «It’s Oh So Quiet» әнін орындады. Ол киноны адамды өзге әлемге жетелейтін және көрерменге ғашық болумен тең эмоция сыйлайтын өнер ретінде сипаттады.

Дегенмен биыл Венецияда экрандағы «өзге әлем» шынайы өмірден алшақ болған жоқ. Фестиваль бағдарламасындағы көптеген фильм қазіргі қоғамдағы өткір мәселелерге тікелей үңілді. Ал режиссерлер мен актерлер баспасөз мәслихаттары мен марапаттау рәсімдерінде киноның тек өнер ғана емес, қоғамдағы күрделі тақырыптарды талқылайтын алаң екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Оқи отырыңыз

{