76 жасында әлемді жаяу аралап жүр: Ulytaumen енді Американы бағындырмақ

76 жасында әлемді жаяу аралап жүр: Ulytaumen енді Американы бағындырмақ

Ажар Лаубаева
Фото: әлеуметтік желі

76 жастағы қазақстандық саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов әлемді жаяу аралауды мақсат еткен. Ол 70 жастан асқанда алғаш рет алыс сапарға шығып, Қазақстанды түгелге жуық жаяу аралаған. Кейін Азия мен Еуропаның бірнеше елін басып өтті. Енді саяхатшы АҚШ-ты жаяу кесіп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр.

Алғашқы сапарында 8 мың шақырым жүрген

Сәрсенбай Қотырашов – Ұлытау облысының тумасы. Ол бала кезінен ұсталық өнермен айналысып келеді. Темір соғып, ауыр еңбекке әбден үйренген қарияның бойындағы күш-қуаты мен төзімділігі алыс сапарларға шығуына да көмектескен.

Бір қызығы, Сәрсенбай ата 70 жасқа дейін алыс жерлерге саяхаттап көрмеген. Алайда жасы ұлғайған шақта көптен бері ойында жүрген арманын жүзеге асыруға бел буған.

Өмірімде ешқашан алысқа шыққан емеспін. Бірақ саяхаттауға ешқашан кеш емес. Бұл жерде жастың еш маңызы жоқ, – дейді ол.

Оның алғашқы үлкен сапары 2022 жылы басталды. Саяхатшы туған жері Ұлытаудан жолға шығып, Қазақстанды жаяу аралауға кіріскен. Алдымен еліміздің оңтүстік өңірлерін, кейін шығысы мен солтүстігін басып өткен. Сапарын батыста – Каспий теңізінің жағасындағы Ақтау қаласында аяқтаған.

Осылайша алты ай ішінде 8 мың шақырым жол жүрген. Бұл сапардан кейін қария өзінің бұдан да ұзақ қашықтықты бағындыра алатынына көз жеткізген.

Қазақстаннан Ыстамбұлға дейін жаяу жеткен

Ел ішіндегі саяхатынан кейін Сәрсенбай Қотырашов шетел аралау туралы шешім қабылдайды.

Ол Атыраудан жолға шығып, Ресей шекарасын кесіп өткен. Одан әрі Кавказ арқылы Түркияға жетіп, Ыстамбұл қаласына барған.

Сапар барысында түрлі ұлт өкілдерімен танысып, бұрын көрмеген жерлерді аралаған. Әр елдің тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен жақынырақ танысу оның саяхатқа деген қызығушылығын арттыра түскен.

Осы кезден бастап саяхатшы өзін әлеуметтік желіде Ulytaumen деген атпен таныта бастайды. Бұл атау оның туған жері Ұлытаумен байланысты.

Уақыт өте келе қалпақ киіп, өзі барған елдердің жапсырмаларымен безендірілген жол сөмкесін сүйреп жүретін қария көпшілікке таныла бастады. Жолда кездескен адамдар онымен суретке түсіп, бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде бөлісе бастаған.

Қытайға барып, Ұлы Қытай қорғанын көрді

Саяхатшының келесі бағыты Қытай болды. Ол Өскемен қаласынан шығып, Ресейдің Алтай өңірі мен Моңғолия арқылы Бейжіңге жеткен.

Бұл сапарында Қытайдың ең танымал тарихи орындарының бірі – Ұлы Қытай қорғанын көріп, естелік суретке түскен.

Ал 2026 жылы Сәрсенбай Қотырашов Еуропа елдерін аралауға мүмкіндік алды. Қаржылай қолдау тауып, Шенген визасын рәсімдеген соң бес елді қамтитын саяхатын бастаған.

Алғашқы аялдамасы Сербия астанасы Белград болды. Одан кейін Венгрия, Австрия және Германия арқылы Францияға жетіп, сапарын Парижде аяқтаған.

76 жастағы саяхатшы небәрі 53 күнде 3 мың шақырымға жуық жолды жаяу жүріп өткен.

«Үш жарым тәулік сусыз, тамақсыз қалдым»

Сәрсенбай Қотырашов үшін әр сапар жаңа әсер мен қызықты оқиғаларға толы. Дегенмен ұзақ жолда қиындықтар да аз кездеспеген.

Әсіресе иен далада бірнеше тәулік бойы сусыз, тамақсыз қалған сәті есінде ерекше сақталыпты.

Бірде далада үш жарым тәулік бойы су да, тамақ та ішпей қалдым. Сөйтсем, адам мұндай қиындыққа да шыдай алады екен. Өмір сүруге деген құлшынысың, алға қойған мақсатың болса, бәріне төзуге болады, – дейді саяхатшы.

Осындай қиындықтарға қарамастан, қария саяхатын жалғастыруға бел буған. Әр сапарынан кейін жаңа жерлерді көруге деген құлшынысы арта түседі.

Саяхатшының тағы бір ерекшелігі – үнемі киіп жүретін былғары қалпағы. Бұл қалпақ онымен бірге талай елді аралаған.

Осы қалпақпен Еуропаның бес елін жүріп өттім. Енді, Құдай қаласа, Американы да бағындырамын, – дейді ол.

Ендігі мақсат – Американы жаяу кесіп өту

Сәрсенбай Қотырашов 2027 жылы АҚШ-қа аттануды жоспарлап отыр. Ол Атлант мұхиты жағалауынан бастап Тынық мұхитына дейін жаяу жүріп, Американың сегіз штатын басып өтпек.

Алайда оның басты мақсаты мұнымен шектелмейді. Саяхатшы 75 жастан асқаннан кейін жаяу 40 мың шақырымнан астам жол жүріп, Гиннестің рекордтар кітабына енгісі келеді.

Қарияның айтуынша, жас ұлғайған сайын адамның арманы мен мүмкіндігі шектелмеуі керек. Ең бастысы – алға қойған мақсаттан бас тартпау.

Мен өзімді қарт сезінбеймін. Жоспарымды жүзеге асырып, Гиннестің рекордтар кітабына енбейінше, өзімді қартайдым деп есептемеймін, – дейді Сәрсенбай Қотырашов.

Осылайша өмірінің басым бөлігін ұсталыққа арнаған ұлытаулық қария бүгінде әлемді жаяу аралап жүр. Ол үшін әр сапар – жаңа елдерді көру ғана емес, адамның жасына қарамастан арманына жете алатынын дәлелдеудің бір жолы.

Оқи отырыңыз

{