«72 пәк қыз» туралы дау туғызған Баян Алагөзова кешірім сұрады

«72 пәк қыз» туралы дау туғызған Баян Алагөзова кешірім сұрады

Ажар Лаубаева
Фото: instagram.com/bayanmaxatkyzy

Продюсер Баян Алагөзованың Threads-та дін туралы жазған пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Оның сөзіне қатысты сын айтқандар да, қолдау білдіргендер де болды. Осыдан кейін продюсер Instagram парақшасында арнайы жазба жариялап, өз ұстанымын түсіндірді. Сондай-ақ сөзіне ренжіген діндарлардан кешірім сұрады.

«Әр адамға және әр дінге құрметпен қараймын»

Баян Алагөзова бұған дейінгі жазбасы көпшіліктің талқысына түсіп, кейбір діндарлардың көңіліне тигенін айтты.

Шын жүректен кешірім сұраймын. Өзгеге зияны тимесе, әр адамға және әр дінге құрметпен қараймын, – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Продюсер дінге қарсы емес екенін де атап өтті. Оның айтуынша, ол дінді күштеп таңуға және радикалды көзқарастарды насихаттауға қарсы.

Саралап ойлай алатын кез келген адам сырттан келген ықпалға көзсіз ерудің соңы неге апаратынын түсінеді. Мен әрдайым ұлттық мәдени кодымызды қолдадым және қолдай беремін. Мен үшін өз тамырымнан, ата-бабам мен дәстүрімнен биік ештеңе жоқ, – деді Алагөзова.

Ол жазбасында әйелдердің құқығына қатысты мәселелерге де тоқталды. Продюсер ерте некеге, әйелдердің білім алуына немесе медициналық көмек алуына шектеу қоюға, зорлық-зомбылыққа және олардың өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтіруге қарсы екенін айтты.

Дау неден шықты?

Бұған дейін Баян Алагөзова Threads-та дін және діни насихат туралы ойын ашық жазған еді. Ол соңғы уақытта дін тақырыбындағы насихаттан шаршағанын айтып, жұмақ пен тозақтың бар екеніне сенбейтінін жеткізді. Сондай-ақ «жұмақта 72 пәк қыз болады» деген түсінікке қатысты пікір білдірді.

Мені тозақпен қорқытудың қажеті жоқ, өйткені мен үшін ол жоқ. Әлемде ешкім жұмақты да, тозақты да өз көзімен көргенін айта алмайды. Бұл – анық нәрсе. Оған қоса 72 пәк қыз туралы да айтылады. Маған бір нәрсе қызық, сонда олар әлгі қыздарды пәктігінен қалай айырмақ? Мұны білетін біреу бар ма? – деп жазған еді продюсер.

Оның бұл жазбасы әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды. Кейбір қолданушылар Баян Алагөзованы дінге қатысты мұндай пікір айтқаны үшін сынға алса, енді бірі оның өз ойын ашық білдіруге құқығы бар екенін айтып, қолдау көрсетті.

Талқылауға әнші Мөлдір Әуелбекова да араласты. Ол «Ислам мен радикализмді ажырату үшін де білім керек» деп жазып, дін туралы пікір айту үшін діни сауат қажет екенін меңзеді. Әншінің сөзі де желіде қызу талқыланды.

Кейін Баян Алагөзова жағымсыз пікірлерден шаршағанын айтып, Threads қосымшасын өшіретінін мәлімдеді. Ал енді Instagram парақшасында осы жағдайға қайта тоқталып, сөзі діндарлардың көңіліне тигені үшін кешірім сұрады.

Оқи отырыңыз

{