Бүгiн, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келедіКриштиану Роналду Португалия құрамасы сапында енді алаңға шықпайды. Футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында ұлттық командамен қоштасқанын жариялады.
Роналду Португалия құрамасы қатарында 234 матч өткізіп, 146 гол соққан. Ол ұлттық командамен бірге Еуропа чемпионатының алты және әлем чемпионатының алты турниріне қатысты.
Футболшы Португалия халқына арнаған жазбасында ұлттық құрамадағы 23 жылдық жолын қорытындылады.
Португалия халқына үн қатқым келеді. Бүгін ұлттық құрамамыздағы жетінші нөмірді босататын кез келді. Мен бұл нөмірді ешқашан өзіме ғана тиесілі деп санаған емеспін. Дегенмен 23 жыл бойы осы жейдемен әлемнің түкпір-түкпіріндегі стадиондарда өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Енді оны кейінгі буынға қалдыратын уақыт жетті.
Мұндай шешім қабылдау оңай болған жоқ. Өйткені кейбір шешімді ақылмен ғана емес, жүрекпен де қабылдайсың. 2003 жылғы тамызда басталған, өмірімді түбегейлі өзгерткен жолым енді аяқталып келеді.
Құрама сапында өткен жылдарға көз жүгіртсем, естеліктерім матчтар, голдар, рекордтар мен жүлделерден ғана тұрмайды екен. Ең алдымен, адамдарды еске аламын. Тоқсан минут болса да туған жеріне жақындай түскендей күй кешкен португалиялық эмигранттарды көремін. Өмірде жүздеспесем де, тағдырымның бір бөлшегіне айналған миллиондаған отандасымды ойлаймын. Өйткені футбол – жай ғана ойын емес. Футболдың өзегі – адамдар.
Ұлттық құрамадағы бүкіл мансабымда өзімнен үнемі биік нәтиже талап еттім. Жеңгім келді, үздік болуды, тарихта із қалдыруды армандадым. Өзіме әрдайым қатал болдым. Бұдан да көп жетістікке жетуге болатынына сендім. Португалияның жейдесі үшін барымды салдым.
Өмірімде ұмытылмайтын тамаша күндер мен кештер, жеңістер болды. Әлі күнге дейін еске алудың өзі ауыр тиетін жеңілістер де аз емес. Мен де сүріндім, қиналдым. Кейде отандастарым күткен нәтижені көрсете алмадым. Бірақ ешқашан берілмедім. Ең бастысы, Португалияның намысын қорғағанымды мақтан тұтудан бір сәт те қалған емеспін.
Осы жылдар ішінде бір нәрсені түсіндім: голдар соғылады, кубоктар музейлерде қалады, рекордтар ерте ме, кеш пе жаңарады. Бірақ уақыт өшіре алмайтын бір нәрсе бар. Ол – адамдардың жүрегінен алған орның. Егер мен бір кездері сіздерді қуанта алсам, голдарым біреуді жақынын құшақтауға, уайымын ұмытуға немесе өз елі үшін мақтануға себеп болса, онда осы жолдағы еңбегімнің бәрі ақталғаны. Португалиялық болудың мәні де осында шығар. Біз бірге қиналамыз, бірге еңсемізді көтереміз, қайтадан үміттенеміз, – деді Роналду.
Ол құрамаға ешкім бағындырмаған белестерді бағындыруға сенетін жаңа буын керек екенін, өйткені жаңа қаһармандарды тәрбиелей алатын ел өзіне деген сенімін ешқашан жоғалтпайтынын атап өтті.
Командадағы әріптестеріме де айрықша алғыс айтқым келеді. Бірге жүгірген әр сәтіміз, құшақтасқанымыз, әңгімелескеніміз, алаңға шығар алдындағы үнсіздігіміз үшін рақмет. Бірге тойлаған жеңісіміз бен бізді шыңдай түскен жеңілісіміз үшін алғыс айтамын. Сіздердің капитандарыңыз болу мен үшін үлкен мәртебе еді. Капитан кейде жалғыз қалғандай көрінгенімен, сіздердің әрқайсыңыз менің тарихымның бір бөлшегісіздер.
Осы жылдар бойы менімен бірге жұмыс істеген барлық бапкерге, менеджерге, дәрігерге, физиотерапевтке, жаттықтырушылар штабына және өзге де мамандарға рақмет. Көпшілігіңіз суреттерде көрінбесеңіздер де, сіздердің еңбектеріңіз болмаса, сол суреттердің ешқайсысы да болмас еді, – деп командаластарына да алғысын жеткізді.
Бұдан бөлек отбасы мен Португалия халқына да ризашылығын білдірді.
Осы арманымды бірге бөліскен отбасымa алғыс айтамын. Бүгінгі деңгейге жетуіме әрдайым жанымнан табылғандарыңыз себеп болды.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі португалиялықтарға айтар соңғы сөзім бар. Мемлекеттік әнұран шырқалған сәтте көз алдыма бір көрініс келеді. Айналама қараймын: жанымда әріптестерім, трибунада жанкүйерлер, балалар, аналар, әкелер, ата-әжелер. Тек сол сәттің куәсі болу үшін алыстан арнайы келген отандастарымды көремін. Осындай кезде бәріміздің арамыздағы айырмашылық жойылады. Клуб та, терінің түсі де, мамандық пен көзқарас та маңызды болмай қалады. Бәрімізді біріктіретін бір ғана сезім бар. Ол – Португалияға деген сүйіспеншілік. Бұл сезімді өмір бойы жүрегімде сақтаймын.
Бүгін ұлттық құрамадағы мансабымды аяқтап, басымды тік ұстап кетіп барамын. Артыма мақтанышпен қараймын және Португалия үшін барымды салғанымды білемін. Португалияның әр жеңісіне сіздермен бірге қуанып, әр жеңілісіне бірге алаңдаймын, – деп жазды Криштиану.
Мансабының аяқталуына күздегі жанжал әсер етті ме?
Роналдудың ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауына бас бапкер Жорже Жезушпен арадағы түсініспеушілік те түрткі болуы мүмкін. Екеуі бұған дейін Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында бірге жұмыс істеп, ел чемпионатын жеңіп алған. Кейін Жезуш Португалия құрамасының тізгінін ұстады.
Роналду бастапқыда 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін құрамадан кетуді жоспарлаған. Алайда Жезушпен сөйлескеннен кейін шешімін өзгертіп, Ұлттар лигасының алғашқы матчтарына шақырту алды. Уэльске қарсы кездесуде 67 минут ойнады, ал Норвегиямен матчқа қатысқан жоқ.
Даниямен ойын алдындағы баспасөз мәслихатында Жезуш Роналду алаңға командаға қажет болған жағдайда ғана шығатынын айтты. Осыдан кейін футболшы ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетіп қалды. Әлеуметтік желіде бапкердің Норвегияға қарсы матчта оған 30 минут ойнауға уәде бергенін, кейін уәдесінен тайғанын жазды. Ал Даниямен кездесу алдындағы баспасөз мәслихатында Жезушпен арадағы келіспеушілікті реттеуге келіскенін мәлімдеді.
Роналду бапкерден көпшілік алдында кешірім сұрауды талап еткен. Оның талабына сәйкес, Жезуш: «Пеле немесе Марадона деңгейіндегі ойыншыны алаңға шығармай, тек жаттығуға жібергенім қате болды. Қазір мұндай шешім қабылдамас едім», – деген сыңайдағы сөз айтуы керек болған.
Сөйте тұра Жезуш Роналдудың құрамаға қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармады. Футбол инсайдері Фабрицио Романо да мұндай ықтималдық бар екенін хабарлаған.
Кейін Португалия футбол федерациясы Роналдуға 255 еуро айыппұл салды. Сонымен қатар футболшыны 30 күнге ұлттық құрамадан шеттетті. Бұл сома оның «Әл-Насрдағы» келісімшарты бойынша шамамен 38 секундта табатын жалақысына тең екені де айтылды.
Жаза мерзімі қазан айында аяқталатындықтан, Роналду қарашадағы матчтарға қатыса алар еді. Алайда футболшы басқаша шешім қабылдап, ұлттық құрамадағы мансабын біржола аяқтады.
Осылайша, Португалия құрамасы қараша айында Дания мен Уэльске қарсы өтетін Ұлттар лигасының матчтарын Роналдусыз өткізеді.
Бүгiн, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келедіБүгiн, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар2 Қараша, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожелі2 Қараша, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік