7 миллион теңгеге дейін көмек: солтүстікке қоныс аудару талаптары өзгереді

7 миллион теңгеге дейін көмек: солтүстікке қоныс аудару талаптары өзгереді

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасының талаптары өзгереді. Мемлекеттік қолдау алу үшін азаматтар жаңа тұрғылықты жерінде кемінде бес жыл тұруға міндеттеледі, деп хабарлайды El.kz басылымы «Хабар» телеарнасына сілтеме жасап.

Жаңа талаптарға сәйкес, солтүстікке көшетін азаматтарға мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрі ұсынылады:

Бұдан былай мемлекеттік көмек кезең-кезеңімен төленеді. Ал жаңа мекенінде бес жыл тұрмай, басқа өңірге көшіп кеткен азаматтар мемлекеттен алған қаржысын толық қайтаруға міндетті болады.

Петропавл бағдарламадан шығарылды

Енгізілген өзгерістердің бірі – Петропавл қаласының қоныс аудару бағдарламасынан шығарылуы. Енді Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келетін мамандар тек ауылдық елді мекендерге орналастырылады.

Сондай-ақ қоныс аудару барысын цифрлық жүйе арқылы бақылау көзделген. Оның көмегімен азаматтардың мемлекеттік қолдау алуынан бастап жұмысқа орналасуы мен өңірде тұрақтап қалуына дейінгі кезеңдер қадағаланады.

Қоныс аударған әрбір жетінші адам кері көшкен

2017 жылдан бері жұмыс күші артық өңірлерден еліміздің солтүстігіне 75 мыңға жуық адам қоныс аударған. Бұл мақсатқа 27,5 миллиард теңге жұмсалған. Соған қарамастан 10 мыңнан астам адам, яғни қоныс аударғандардың шамамен әрбір жетіншісі бұрынғы тұрғылықты жеріне қайтып кеткен.

Солтүстік Қазақстан облысында халықтың басқа өңірлерге көшуі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ресми деректерге сәйкес, соңғы бес жылда облыстан 140 мыңнан астам тұрғын көшіп кеткен.

Биыл өңірден көшіп кеткендер мен көшіп келгендер санының айырмасы 47 пайызға қысқарған. Дегенмен облысқа келушілерден кетушілер әлі де көп.

Тұрғындар еліміз ішінде көбіне Астана қаласына, Ақмола және Түркістан облыстарына қоныс аударса, шетелге көшкендер арасында Ресей, Германия және Польшаны таңдағандар басым.

Бес жылда 45 ауыл елді мекендер тізімінен шығарылған

Халық санының азаюы өңірдегі ауылдардың әлеуметтік жағдайына да әсер етіп отыр. Тұрғындар азайған сайын мектептердегі оқушы саны кеміп, білім беру мекемелері жабылуда. Кейбір ауылдар елді мекен мәртебесінен айырылып жатыр.

Соңғы бес жылда Солтүстік Қазақстан облысының халқы 29 мың адамға азайған. Ал әкімшілік-аумақтық есептегі ауылдық елді мекендер саны 45-ке қысқарған.

Оқи отырыңыз

{