600 мың теңгеден басталады: Қазақстан ЖОО-ларында оқу ақысы қанша тұрады?

600 мың теңгеден басталады: Қазақстан ЖОО-ларында оқу ақысы қанша тұрады?

Диана Орынбасар
Фото: AI көмегімен жасалды

Жаңа оқу жылының басталуына бір айға жуық уақыт қалды. Бір талапкер мемлекеттік грант нәтижесін күтіп жүрсе, енді бірі ақылы бөлімге құжат тапсыруға дайындалып жатыр. Мұндайда көпшілікті толғандыратын басты сұрақтың бірі – университетте оқу қанша тұрады?

Қазақстанда жоғары оқу орындары үшін бірыңғай оқу ақысы жоқ. Баға университетке ғана емес, таңдалған білім беру бағдарламасына да байланысты. Бір оқу орнында мамандықтар арасындағы айырмашылық бірнеше жүз мың теңге болса, кей жағдайда бірнеше миллион теңгеге дейін барады.

Кейбір университеттер жылдық тарифті бекітсе, енді бірі оқу ақысын кредит саны бойынша есептейді. Медициналық жоғары оқу орындарында төлем студенттің курсына қарай да өзгереді. Біз тамыз айының басында жоғары оқу орындары жариялаған ресми мәліметтерді салыстырып, күндізгі бөлімге жаңадан түсетін талапкерлер үшін оқу ақысы қанша екенін зерделедік.

ҚазҰУ мен ЕҰУ-де оқу қанша тұрады?

Фото: kaznu.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу ақысы жылына 1,1 миллион теңгеден 1,9 миллион теңгеге дейін өзгереді. Журналистика, тарих, география, химия және бірқатар техникалық мамандықтар бойынша оқу ақысы – 1,1 миллион теңге. Биология, шығыстану және филология бағыттары – 1,2 миллион теңге, денсаулық сақтау саласы – 1,3 миллион теңге. Ақпараттық қауіпсіздік – 1,4 миллион, есептеу инженериясы – 1,5 миллион теңге. Ал жалпы медицина, стоматология, Жоғары экономика және бизнес мектебінің бағдарламалары – 1,6 миллион, құқық мамандығы – 1,9 миллион теңге.

Фото: enu.kz

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқу ақысы білім беру бағытына қарай 1,6 миллионнан 1,9 миллион теңгеге дейін белгіленген. Ең төменгі тариф педагогикалық ғылымдарға тиесілі – 1,6 миллион теңге. Әлеуметтік ғылымдар, журналистика, жаратылыстану, математика, инженерлік және құрылыс бағыттары – 1,75 миллион теңге. Өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1,8 миллион, қызмет көрсету саласы – 1,85 миллион теңге. Халықаралық қатынастар, бизнес, құқық және IT бағдарламалары бойынша оқу ақысы 1,9 миллион теңгені құрайды.

Техникалық университеттердегі баға

Satbayev University-де оқу ақысы жылына 1 миллионнан 1,3 миллион теңгеге дейін өзгереді. Биология, жер ғылымдары, су ресурстары, менеджмент, экономика және қаржы бағыттары – 1 миллион теңге. Геология, тау-кен ісі, металлургия мен құрылыс – 1,2 миллион теңге. Ал IT, ақпараттық қауіпсіздік, автоматтандыру, коммуникациялық технологиялар және әуе көлігі бағдарламалары – 1,3 миллион теңге.

Фото: the-tech.kz

Astana IT University-де бакалавриаттың барлық бағдарламасына бірыңғай тариф белгіленген. Жылдық оқу ақысы – 2,5 миллион теңге. Бұл баға бағдарламалық инженерия, компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, медиатехнологиялар, цифрлық журналистика және басқа да IT бағыттарына қолданылады.

Университеттің мәліметінше, бакалавриатта оқу мерзімі – үш жыл. Сонымен қатар келісімшарт жасалғаннан кейін оқу ақысы өзгермейді.

Педагогикалық мамандықтардағы оқу ақысы

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу ақысы 990 мың теңгеден 1,25 миллион теңгеге дейін. Педагогикалық бағыттағы көптеген мамандықтың құны – 990 мың теңге. Дене шынықтыру, қазақ тілі мен әдебиеті, психология, құқық, халықаралық қатынастар, туризм және жаратылыстану ғылымдары – 1,045 миллион теңге. Кейбір тіл мамандықтары – 1,1 миллион теңге. Ал IT, дизайн, хореография, тарих, аударма ісі және филология бағдарламалары – 1,243 миллион теңге.

Фото: kaznmu.edu.kz

Медициналық білімнің бағасы қандай?

С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқу ақысы 600 мың теңгеден 2,1 миллион теңгеге дейін жетеді. Ең төменгі баға «Мейіргер ісі» бағдарламасына тиесілі – 600 мың теңге. Менеджмент – 905,8 мың теңге, фармацевтикалық өндіріс технологиясы – 1,11 миллион теңге, клиникалық психология – 1,23 миллион теңге.

Қоғамдық денсаулық сақтау мен медициналық-профилактикалық іс – 1,25 миллион теңге, фармация – 1,45 миллион теңге, педиатрия – 1,6 миллион теңге, жалпы медицина – 1,9 миллион теңге. Ең қымбат мамандық – стоматология. Бір оқу жылының құны 2,1 миллион теңге.

Қарағанды медицина университетінде бірінші курс студенттері үшін оқу ақысы 820 мың теңгеден 1,84 миллион теңгеге дейін белгіленген.

Биомедицина мен IT-медицина – 820 мың теңге, педиатрия, фармация және қоғамдық денсаулық сақтау – 1,4 миллион теңге, медициналық-профилактикалық іс – 1,5 миллион теңге, жалпы медицина – 1,55 миллион теңге. Стоматологияның бірінші курсындағы оқу ақысы 1,84 миллион теңге болса, жоғары курстарда біртіндеп төмендейді.

Жекеменшік университеттердегі жағдай

Narxoz University оқу ақысын кредит жүйесі бойынша есептейді. Бір кредиттің құны 45 700 теңгеден 52 555 теңгеге дейін. Орташа есеппен бір оқу жылы 2,8-3,7 миллион теңге аралығында болады.

Maqsut Narikbayev University-де бір кредиттің құны 55 мың теңге, жылдық оқу жүктемесі – 60 кредит. Осыған сәйкес оқу ақысы шамамен 3,3 миллион теңге. Ал «Халықаралық қатынастар» бағдарламасында бір кредит 65 мың теңге болғандықтан, бір оқу жылының есептік құны 3,9 миллион теңгеге жетеді.

Miras University бакалавриаттың барлық бағдарламасына бірыңғай тариф енгізген. Жылдық оқу ақысы – 600 мың теңге. Бұл баға педагогика, журналистика, құқық, бизнес, IT және басқа да барлық бакалавриат бағдарламасына қолданылады.

Фото: turkystan.kz

Сарапшы: Оқу ақысының қымбаттауы – заңдылық

Білім беру жүйесінің құрметті қызметкері Қадырбек Бөрібековтің айтуынша, оқу ақысының жылдан жылға өсуі күтпеген жағдай емес.

Жалпылама айтқанда, ақшаның құны өзгеріп жатыр. Сондықтан оқу ақысының да өсуі заңды құбылыс. Оның үстіне жыл сайын мемлекеттік білім гранттарының саны артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл оқу ақысының қымбаттауы – заңдылық, – дейді Қадырбек Бөрібеков.

Оның сөзінше, университеттердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, оқытушылардың жалақысы, зертханаларды жабдықтау және инфляция секілді факторлар да оқу құнының қалыптасуына тікелей әсер етеді.

Қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

Соңғы жылдары талапкерлер арасында ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, инженерия, медицина және педагогика бағыттарына қызығушылық айтарлықтай артты. Бұл үрдіс еңбек нарығындағы сұраныспен де байланысты. Ғылым және жоғары білім министрлігі алдағы жылдары ел экономикасына инженерлер, IT-мамандар, педагогтер мен медицина қызметкерлері көбірек қажет болатынын бірнеше рет мәлімдеген. Осыған сәйкес мемлекеттік білім гранттарының басым бөлігі де дәл осы бағыттарға бөлініп келеді.

Сарапшылар талапкерлерге мамандық таңдағанда тек оқу ақысына емес, еңбек нарығындағы сұранысқа, болашақтағы жұмыс мүмкіндігіне және өз қызығушылығына назар аударуға кеңес береді.

Оқи отырыңыз

{