Көптен күткен «Алдар. Махаббат туралы аңыз» фильмі экранға шықты. Жаңа туынды бірден көрермен назарын аударып, әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Тарихи бағыттағы фильмді ұнатқандар да, арасында көңілі толмай, Алдардың бұрынғы бейнесін сағынғандар да бар. Осы орайда El.kz тілшісі фильм актерімен, картинаны тамашалаған өнер иелерімен және киносыншымен тілдесіп көрді.
Алдар Көсе экранға қалай оралды?
Алдар Көсе – қазақ ертегілеріндегі ең танымал кейіпкерлердің бірі. Халық оны айлакер, тапқыр, сөзге шешен, байлардың сараңдығы мен әділетсіздігін әшкерелейтін қарапайым адам ретінде жақсы біледі. Ол күшпен емес, ақылымен жеңетін, күлкі арқылы шындықты жеткізетін кейіпкер ретінде жұртқа жақын.
Бұл образ теледидарда бірнеше рет көрініс тапқан. Соның ішінде ең белгілісі – Шәкен Айманов түсірген 1964 жылғы «Алдар Көсе» фильмі. Режиссердің өзі сомдаған Алдар бейнесі қазақ киносының классикалық образдарының біріне айналды.
Кейін бұл кейіпкер туралы мультфильмдер мен телехикая да шықты. 1975 жылы Қазақфильм студиясында Алдар Көсе туралы кеңестік қуыршақ мультфильмі түсірілді.
2009-2011 жылдары «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» мультсериалы көрсетілсе, 2011 жылы режиссер Дин Махаметдинов түсірген «Алдар Көсе» телехикаясы жарық көрді. Бұл сериал жеңіл әрі қарапайым форматымен көрерменге жақын болды. Сонымен қатар, дәл осы жоба арқылы Дәурен Серғазин мен Санұржан Сүлеймен кеңінен танылды. Ал саундтрегін Батырхан Шүкенов орындағаны да көптің есінде.
Араға жылдар салып, Дәурен Серғазин Алдар бейнесіне қайта оралды. Бұл жолы ол тек актер ретінде ғана емес, фильмнің продюсері ретінде де еңбек етті. Картинаның режиссері – Дин Махаматдинов. Фильмде Әділ Ахмет, Асан Мәжит, Мұхтар Тұрсынбай, Ариан Худаштиан, Мухамедсаид Бағашаров және Атай Өмірбеков сынды өнер иелері де бой көрсетті.
Ашық дереккөзге сүйенсек, жаңа фильмнің бюджеті шамамен 600 миллион теңгені құрайды. Бұл – мемлекеттік қолдаусыз түсірілген тарихи жоба үшін ауқымды көрсеткіш.
«Бұл рөл менің көптен күткен арманым еді»
Фильмде Қадыр ханның ұлы Едігені сомдаған Музыкалық жас көрермен театрының актері Мухамедсаид Бағашаров үшін бұл жобаның орны ерекше.
Бұл – менің тарихи жобадағы алғашқы үлкен тәжірибелерімнің бірі. Фильмде рөл ойнау бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Дәурен Серғазин, Әділ Ахметов, Асан Мәжит сияқты елімізге белгілі актерлермен бір кадрда жұмыс істеу – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Мухамедсаид Бағашаров.
Актердің айтуынша, фильм түсірілетіні туралы әлеуметтік желіде хабарландыру шыққан сәттен бастап, оның ішінде осы жобаға қатыссам деген үміт болған. Бірақ сол үміт кастингтен өтіп, рөлге нақты бекітілгеннен кейін ғана сенімге айналған.
Әр актердің жақсы фильмде ойнасам деген ішкі арманы болады ғой. Бұл фильм туралы хабарландыруды көргеннен кейін іштей «осы жобаға түссем екен» деп жүрдім. Кастингке қатысу үшін видеомды ерекше етіп түсіріп жіберуге тырыстым. Театрдағы киімдерімді, қылыш пен керек-жарақтарды пайдаланып, барынша толық дайындадым. Кейін тағы 10-15 күннен соң екінші рет видео түсіріп жібердім. Содан кейін режиссер Дин Махаматдинов мені Қадыр ханның ұлы Едіге рөліне бекітті, – дейді ол.
Түсірілімге дейін дайындық та аз болмаған. Актер мәтін жаттап қана қоймай, атқа міну, қылыш сермеу, садақ ату сияқты дағдыларын жетілдірген. Оның айтуынша, тарихи жобаға түсу арманы бұрыннан болған.
Асанәлі Әшімов атамыз тірі кезінде театрымызға келіп, спектакльдерімізді көретін. Бізге «күнделік жазыңдар» деп ақыл айтатын. Менің күнделік жазып жүргеніме үш жыл болды. Жақында сол жазбаларымды ашып қарасам, тарихи жобада ойнасам деген ойым жиі жазылыпты, – дейді актер.
«Халық Дәурен Серғазиннің Алдарын сағынды»
Мухамедсаид Бағашаров бала кезінде «Алдар Көсе» телехикаясын сүйіп көргенін айтады.
Бұрын «Алдар Көсе» телехикаясы шыққанда қатты жақсы көріп қарадым. Әр сериясында не болатынын, қандай аңыз айтылатынын жатқа білетінмін, – дейді ол.
Актер әлеуметтік желідегі пікірлерді де оқып жүргенін айтады. Оның ойынша, фильмге көңілі толмаған көрерменнің ренішін түсінуге болады.
Қазір халықтың пікірі екіге бөлініп жатыр. Бірі «осындай тарихи жобаларды қолдауымыз керек» десе, енді бірінің көңілі толмай жатыр. Меніңше, көңілі толмаған көрерменді де түсінуге болады. Өйткені көпшілік Дәурен Серғазин сомдаған Алдарды бұрынғы сериалдан бері жақсы көреді. Халық сол Алдарды сағынды, – дейді Мухамедсаид.
Оның сөзінше, көрерменнің негізгі реніші фильмнің жалпы сапасына ғана емес, Алдар бейнесінің аз көрінуіне де қатысты болуы мүмкін.
Көрермен фильмнен Алдар Көсенің образын көбірек көреміз деп күтті, «неге Алдарға аз эпизод берілген?» деп те айтып жатыр. Мен бұл пікірмен келісемін. Дәурен аға кезінде Алдар бейнесіне көрерменді сендіріп қойған. Сондықтан халық сол актерлік ойынды тағы көргісі келді. Егер Алдардың рөлі ұзағырақ, кеңірек ашылғанда, бәлкім көрерменнің де көңілі көбірек толар ма еді, – дейді актер.
Бұл жоба кімдерге жол ашты?
Мухамедсаид Бағашаров фильмде жаңа актерлерге мүмкіндік берілгенін айтады. Оның пікірінше, Дәурен Серғазин бұл жобада жастарды экранға шығаруға күш салған.
Дәурен ағаның фильмдегі көрегендігін айтқым келеді. Бұл картинада көптеген жаңа есімдер ашылды. Соның бірі мен болсам, Қадыр ханның кенже ұлы Тайманды сомдаған Мұхтар Тұрсынбай мен Дэвэлэ рөліндегі Ариан Худаштиан да дебютанттар, – деп атап өтті ол.
Актердің сөзінше, қазіргі қазақ киносына әртүрлі жанр керек. Комедияның да өз орны бар, бірақ көрермен тарихи, фольклорлық, шытырман оқиғаға негізделген фильмдерді де көруі тиіс.
Қазір комедия жанрындағы фильмдер көп. Оның болғаны да дұрыс. Бірақ бізге әртүрлі жанрдағы фильмдер ауадай қажет. Соның бірі – тарихи жоба. Шетелде батыр кейіпкерлерді ойдан құрап шығарады. Ал қазақ даласында шын өмірде болған батырларымыз, ақын-жырауларымыз, күйшілеріміз, билеріміз, көсемдеріміз көп. Соларды экранға шығаруымыз керек, – дейді Мухамедсаид Бағашаров.
Ол фильмде тек Алдар оқиғасы емес, қазақы орта, әдемі табиғаты, киім үлгісі, сөйлеу мәнері де ерекше көрсетілгенін атап өтті.
Визуал бар, бірақ оқиға әлсіз – киносыншы
Ал киносыншы Жанкелді Өміралиев фильмге сыни көзқарас білдірді. Оның айтуынша, картина сыртқы көрінісі жағынан тартымды болғанымен, сценарий мен режиссердің жұмысында әлсіз тұсы байқалған.
Фильмді көрдім, бірақ көңілімнен шықпады. Сценарий әлсіз, режиссура да жетісіп тұрған жоқ. Соның салдарынан Алдардың болмысы толық ашылмаған. Динамика жоқ, іш пыстыратын сахналар көп, жаңашылдық та байқалмайды, – дейді ол.
«Бұрынғы Алдар жоқ, ал жаңа Алдар ешкімге ұнамады»
Киносыншы бұрынғы «Алдар Көсе» телехикаясының да мінсіз болмағанын айтады. Дегенмен ол өз кезеңінде көрерменге жол тапқан жоба болғанын атап өтті.
Телехикаяның бірнеше бөлімін көргенмін. Ол да аса мықты туынды емес. Бірақ сол кезде қазақ сериалдары аз еді, сондықтан оның өз орны болды. Көп актерге танылуға мүмкіндік берді. Дәурен Серғазин мен Санұржан Сүлеймен сол жобадан кейін танымал болды. Саундтрегін Батырхан Шүкенов жазғаны да есте қалды, – дейді киносыншы.
Ал жаңа туындыға қатысты ол сыни көзқарасын жасырмайды.
Фильм назар аудартты. Бірақ қызығушылықты соңына дейін ұстай алмады. Көп адамдар киноға барып, көңілдерінен шықпаған соң ренжіп жатыр. Бұрынғы Алдар жоқ, ал жаңа Алдар ешкімге ұнамады, – дейді ол.
«Актерлік құрамға сын жоқ»
Жанкелді Өміралиев актерлік құрамның дұрыс жинақталғанын алға тартты. Оның пікірінше, фильмге кәсіби әрі мықты актерлер жиналғанымен, олардың мүмкіндігі толық ашылмаған.
Актерлік құрамға сын жоқ. Бәрі тамаша актерлер – олармен жұмыс істеп, дұрыс тапсырма қоя білу режиссерге байланысты. Екінші планда Асан Мәжит, Әшім Ахмет, Әсет Иманғали секілді керемет актерлер бар, тек олардың әлеуеті толық ашылмаған, – дейді ол.
Сыншы кастингтегі ең сәтті таңдаулардың бірі ретінде ойрат ханшайымын сомдаған жас талант Ариан Худаштианды атады.
Ариан Худаштиан алдағы уақытта қазақ киносының жаңа жұлдызына айналуы мүмкін, – дейді ол.
Көрермен не күтті, не көрді?
Фильмнің жарнамасы, трейлері және тарихи блокбастер ретінде ұсынылуы көрермен үмітін күшейткен.
Трейлерден кейін бәріміз жаңа леп күттік. Тіпті Голливуд деңгейіндегі жоба болады деп ойладық. Бірақ ол үміт ақталмады. Жеке қаражатқа түсірілгенімен, фильм мемлекеттік тапсырыспен түсірілетін тарихи картиналардан қатты ерекшеленбейді, – дейді киносыншы.
«Көрініс бар, бірақ оқиға жетіспейді»
Жанкелді Өмірәлиев фильмнің визуалдық жағын жоққа шығармайды. Табиғат көріністері мен тілдің қолданылуын жақсы бағалайды.
Иә, фильм визуалды жағынан жақсы түсірілген. Табиғат әдемі көрсетілген, қазақ тілі таза. Бірақ сюжет, шиеленіс, толыққанды кейіпкерлер болмаса, бұл жеткіліксіз. Алдарға жеткілікті көңіл бөлінбеген, – дейді ол.
Сонымен қатар кейбір эпизодтардың оқиғаға әсері аз екенін атап өтті.
Қажетсіз көрінетін сахналар бар. Олар фильмнің қарқынын бәсеңдетеді, – дейді Жанкелді Өміралиев.
Киносыншы сценарийдің сапасы шешуші рөл атқаратынын еске салды.
Бұл жоба мемлекеттік қолдауға ұсынылды ма, жоқ па – нақты білмеймін. Бірақ бізде мұндай конкурстарда ең алдымен сценарийге мән беріледі. Ал бұл фильмнің ең әлсіз тұсы – сценарий, – дейді ол.
Үлкен бюджет – үлкен тәуекел
Жанкелді Өміралиев тарихи фильмдердің коммерциялық тұрғыдан тәуекелі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалардың өзін-өзі ақтауы қиын.
Комедиялар көбіне 100-150 миллион теңгеге түсіріледі, сондықтан шығынын қайтаруы жеңілдеу. Ал 600 миллион теңгелік фильм өзін ақтау үшін кемінде 1,5 миллиард теңге жинауы керек, – дейді ол.
Алғашқы көрсеткіштерге сүйенсек, фильмнің кассалық табысы бұл межеге жетпей қалуы мүмкін.
Алғашқы аптада шамамен 137 миллион теңге жинады. Меніңше, жалпы кассасы 500-600 миллион теңге төңірегінде тоқтауы мүмкін, – дейді киносыншы.
«Киноға сынау үшін емес, әсер алу үшін бардық»
«Музыкалық жас көрермен театрының» актері Асылхан Төлепов те фильмді көргеннен кейін өз әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, картина жалпы көңілінен шыққан.
Фильм өзіме ұнады. Актерлік құрам өте жақсы таңдалған. Киімі, гримі, жалпы көрінісі басқа фильмдерге ұқсамайды. Өзіндік стилі бар. Маған әсіресе қазақтың жерін, табиғатын әдемі көрсеткені ұнады, – дейді Асылхан Төлепов.
Актер өзін бұл фильмге кәсіби сын айтатын адам ретінде емес, әріптес ретінде қарайтынын жеткізді. Оның сөзінше, мұндай үлкен жобаны жеке қаражатпен түсіру оңай емес.
Мен Дәурен Серғазин ағамызға, Әділ Ахметов ағамызға баға қоятындай актер емеспін, сыншы емеспін. Олар бізге сын айтса жарасады, біз қабылдаймыз. Ал әріптес ретінде фильмді қолдаймын. Қалтадан жеке қаражат шығарып, фильм түсіру оңай емес. Әсіресе тарихи фильм түсіру – қиынның қиыны, – дейді ол.
Асылхан Төлепов фильм авторларының еңбегін бағалау керек деп есептейді. Оның айтуынша, мұндай жоба қазақ киноқоржынын толықтыру ниетімен жасалған.
Мемлекет ақша бөліп түсірсе, бір бөлек. Ал жеке қаражатпен осындай дүние жасау оңай емес. Сондықтан ең алдымен ұжымға алғыс айту керек деп ойлаймын. Алдар туралы кино жарыққа шығып, халыққа жақсы көңіл күй сыйласақ, қазақ киноқоржынын тағы бір жобамен толықтырсақ деген ниет болғаны көрінеді, – дейді актер.
Ол премьераға фильмнен мін іздеу үшін емес, жақсы әсер алу үшін барғанын айтты.
Біз премьераға жақсы көңіл күймен, әсер алу үшін бардық. Сынау үшін барған жоқпыз. Әрине, арнайы сын іздеп баратындар, мін табатындар болуы мүмкін. Бірақ қандай фильм шықса да, пікір екіжақты болады. Ешбір туынды бәріне 100 пайыз ұнамайды, – дейді Асылхан Төлепов.
«Біткен іске сыншы көп, бірақ қолдау да керек»
Актердің пікірінше, кез келген жаңа бастаманың кемшілігі болуы мүмкін. Бірақ ол кемшіліктер жобаның жалпы еңбегін жоққа шығармауы керек.
Біткен іске сыншы көп. Бірақ біз тек сынай бермей, осындай жобаларды қолдауымыз керек деп ойлаймын. Дәурен ағамыз бастаған ұжымды шын жүректен құттықтаймын. Осындай фильмді жарыққа шығарғанына алғыс айтамын және мұнымен тоқтамай, жаңа туындыларды шығара берсе екен деймін, – дейді ол.
«Бұл – Алдардың есейген бейнесі»
Ал «Жастар» театрының актері Нұрбек Әлібек те жаңа фильмді көрген. Оның айтуынша, картина қазіргі қазақ киносындағы жеңіл жанрлардың арасында өзгеше көрінді.
Фильм менің көңілімнен шықты. Қазір комедия, басқа да жеңіл бағыттағы фильмдерді көп көріп жүрміз. Солардың арасында бұл – үлкен әрі өзгеше жоба. Дәурен Серғазин халыққа Алдардың образын жеткізе алды деп ойлаймын. Бұл жолы Алдар басқа қырынан көрсетілген. Біз байды, елді талағандарды алдап күн көрген Алдардың өзгергенін, өскенін көргендей болдық, – дейді Нұрбек Әлібек.
Оның ойынша, фильмнің әлеуметтік желіде қызу талқылануы – туындының көрерменді бейжай қалдырмағанын көрсетеді.
Бұл фильм үлкен резонанс тудырды. Біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Бірақ соңғы кезде әлеуметтік желіде көп талқыланып, назар аудартты. Бұл да оның көрерменге әсер еткенін білдіреді, – дейді актер.
«Театр актерлерінің ойнағаны ұтымды болды»
Нұрбек Әлібек актерлік құрамға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, фильмде кәсіби театр актерлерінің көптеп көрінуі туындының ұтымды тұстарының бірі.
Актерлік құрамға ешқандай сөз айта алмаймын. Бұған дейін кейбір фильмдерде арнайы актерлік білімі жоқ адамдардың экраннан көрінгенін көрдік. Әрине, бәріне топырақ шашуға болмайды. Бірақ «Алдар. Махаббат туралы аңыз» фильмінде театрда қызмет етіп жүрген актерлердің ойнағаны ұтымды болды, – дейді ол.
Актердің пікірінше, жас орындаушылардың үлкен экрандағы алғашқы рөлдері де табиғи шыққан.
Басты кейіпкерлердің кейбірі үшін бұл үлкен сахнадағы, үлкен экрандағы алғашқы тәжірибе болды. Солардың рөлге деген сенімі, аңғалдығы әдемі көрінді. Ең бастысы, режиссердің қойған талабы мен Дәурен ағаның ойындағы кейіпкерлерді актерлер көрсете алды деп ойлаймын, – дейді Нұрбек Әлібек.
«Әр фильм – тәуекел»
Нұрбек Әлібек көрерменнің әр туындыны салыстырып қарайтынын түсінеді. Бірақ тарихи фильмнен бірден үлкен коммерциялық нәтиже күту қиын дейді.
Біз әрқашан салыстырып айтамыз. «Былай болуы керек еді, олай болуы керек еді» дейміз. Бірақ тарихи туындыдан міндетті түрде үлкен резонанс күтудің қажеті жоқ сияқты. Алдарды біз осы уақытқа дейін ертегі, балалар әдебиетіндегі кейіпкер ретінде қабылдадық. Ал бүгінгі Алдар – есейген, толған, тұлға болып қалыптасқан бейне, – дейді актер.
Ол кино өндірісін тәуекелі көп салаға теңейді.
Әрбір жоба, кино, спектакль – бір жағынан бинго сияқты. Оның миллиард жинайтынын, бүкіл әлемге таралатынын ешкім алдын ала айта алмайды. Бұл – көзсіз ерлік. Өзеннің тереңдігін білмей, суға түскендей жағдай. Қай жаға жақын болса, соған жүзесің. Бұл кино өз шығынын ақтай ма, миллиард жинай ма – ешкім кепілдік бере алмайды. Бірақ лайым солай болсын. Мүмкін, бұл Дәурен Серғазинге тағы фильм түсіруге үміт сыйлайтын шығар, – дейді Нұрбек Әлібек.
Айта кетейік, «Алдар. Махаббат туралы аңыз» көркем фильмі 23 сәуірден бастап прокатқа шығып, барлық кинотеатрларда көрсетіле бастады. Ал сіз бұл фильмге қандай баға берер едіңіз, жаңа Алдар көңіліңізден шықты ма?