60 жастан асқанда подиумды бағындырды: әжелер қазақы киімді әлемге танытып жүр

60 жастан асқанда подиумды бағындырды: әжелер қазақы киімді әлемге танытып жүр

Диана Орынбасар
Фото: AI көмігімен жасалған

Жасы 60-тан асқан олар сән көрсетілімдеріне биік өкшемен шығып, ұлттық киімді заманауи үлгіде таныстырады. Әжелердің айтуынша, шетелдік көрермендер қазақы киімге қызығып, оның «қай ұлттың мәдениеті?» деп сұрайды. El.kz тілшісі «Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» тобының мүшелерімен және олардың жаттықтырушысымен сөйлесті.

Топ мүшелері түрлі елдерде өткен сән көрсетілімдеріне қатысып, қазақы киім үлгілерін таныстырып жүр. Назкен Жирентаеваның сөзінше, көрермендер оларды тоқтатып, суретке түсіп, киімдері туралы сұрайды.

Фото: Диана Орынбасар

Шетелде тіпті жас балалар да келіп, «Мынау қандай ұлттың киімі?» деп сұрайды. Стамбұлда да бізді ерекше қарсы алды. Түркі халықтары – туысқан елдер ғой, сондықтан құрметі бөлек, — дейді ол.

Әжелер үшін подиумға шығу – сән көрсетіліміне қатысумен шектелмейді. Олар қазақ халқының мәдениетін, ұлттық киімін және әйелдерге тән сұлулықты танытуды мақсат етеді.

Биік өкшемен жүруіміздің өзі – бойымызды тік ұстап, халқымыздың мәдениеті мен көркемдігін танытудың бір жолы. Біз Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында дайындаламыз. Жаттықтырушымыз Томирис ханымның арқасында осылай әдемі жүріп, өзімізді сенімді ұстауды үйрендік, – дейді Назкен Жирентаева.

Фото: Диана Орынбасар

Топ мүшелері жасын жасырмайды: «60-тан асқанбыз» дейді. Ал 70 жастағы Оразкүл Дайрабаева бұл ортаға қосылғалы өмірге деген көзқарасы өзгергенін айтады.

Орталыққа келгелі әдемі қартаюды үйреніп, белсенді өмір сүріп жатырмыз. Ұзақ өмір сүру үшін өмірге және айналаңдағы адамдарға махаббатпен қарау керек. Қазір жастарға үлгі бола аламыз деп ойлаймын, – дейді ол.

Фото: Диана Орынбасар

«Немерелерге кім қарайды?» деген сауалға әжелер күліп жауап берді: немерелері есейген, енді шөбере күтіп жүр. Жақында да олардың бастамасын қолдайды.

Балаларымыз да, жолдастарымыз да қолдайды. Немерелеріміз бар, бірақ бәріне үлгереміз, — дейді Гүлнар Айтмұқанова.

Фото: Диана Орынбасар

Топтың жаттықтырушысы Томирис Батянова Қазақстанда жасы үлкен модельдерге арналған бағыт кейінгі жылдары дами бастағанын айтады. Оның сөзінше, алғашқы топтар 2021 жылы құрылған. Қазір бұл бағытқа қызығушылық артып келеді.

Әр әйел өмір жолынан өтіп, бала өсіріп, отбасына да, жұмысына да уақыт бөледі. Белгілі бір жасқа келгенде өзіне көңіл бөліп, жарқырап көрінгісі келеді. Біздің модельдер сахнаға шығып, өздерін танытуға мүмкіндік алып отыр, — дейді жаттықтырушы.

Фото: Диана Орынбасар

Батянованың айтуынша, модельдермен жұмыс істеу үшін тұрақты дайындық қажет.

Фото: Диана Орынбасар

Қимыл-қозғалысты, дене қалпын және жүріс мәнерін қалыптастыруға уақыт керек. Ал жасы үлкен модельдердің басты артықшылығы – тәртіптілігі мен жауапкершілігі.

Фото: Диана Орынбасар

Оқи отырыңыз

{