22.04.2026
09:02
260

«50 жылқыдан 70 мың теңгеге дейін»: қазақы тазы неге арзандап кетті?

Жыл сайын 3 қыркүйек енді ресми түрде қазақ тазысы мен төбеті күні болып белгіленді. Тиісті қаулы 2026 жылғы 28 сәуірден бастап күшіне енеді. Бұл – ұлттық тұқымдарға деген ерекше бетбұрыс болғанымен, тазы төңірегіндегі түйткілдер әлі де өзекті. Тазыны асырау, баптау және тұқым тазалығын сақтауда қандай мәселелер барын білу үшін біз тазы асырап жүрген 21 жастағы баянауылдық студентті сөзге тарттық.

Тазыны қалай баптап жүр?

Жеті қазынаның бірі саналатын тазыға қызығатын жастар бар болғанымен, оны шынайы баптап, ұстап, аңшылық дәстүрді жалғастырып жүргендер аз. Баянауылда тұратын 21 жастағы студент Бекжан Омар – бала кезінен саятшылық өнерге әуес болып, бүгінде тазы асыраумен айналысып жүр.

Студенттің айтуынша, уақыт өте келе бұл тек хобби емес, қазақ халқының терең тамырлы мәдениеті мен ұлттық құндылығын сақтаудың бір жолы екенін түсінген. Ол қазақы құмай тазыны баптап, ұлттық мұраны дәріптеуді өзіне мақсат етіп қойған. Десе де, бұл тек әуестік емес, бірқатар қиындығы бар жауапкершілік екенін айтады.

жеке мұрағат

Қазіргі уақытта қолымда бір тазы бар. Оны үй жағдайында ұстап отырмын. Қыста және көктем-жаз мезгілінде ол көбіне үй маңында болады. Есік алдындағы кеңістікте еркін жүреді, ешқандай зиян келтірмейді. Малға, құсқа тиіспейді, тек өзіне тән тыныш тіршілігін жасайды, – дейді Бекжан.  

Кешкі уақытта өзі тазыны жүгіртіп, жаттықтырады. Кей кездері ит өз бетімен серуендеп, қайта оралып отырады.

Жаз бойы тазыға аса қатты аңшылық жүктеме берілмейді, керісінше табиғи қалыпта ұсталады. Ал аңшылық маусымы жақындаған кезде арнайы баптау басталады: тамағы азайтылып, жүгіруге дайындау жұмыстары жүргізіледі, – дейді.

Бекжанның айтуынша, семіз тазы жақсы жүгірмейді, ал тым арық болса күші аз болады. Сондықтан арнайы баптау – оның төзімділігін арттыру үшін маңызды кезең. Ол өз тазысының ерекшелігіне де тоқталды. Кейбір жағдайларда иттің аңшылық қабілеті байқалған.

Бұрын борсық алды. Қоян ізіне түсіп, еріп кеткен кездері болды. Кейде иіске түсіп, атпен жүргенде аңды қуған сәттер болды. Тазының жылдамдығы ғана емес, иіс арқылы жұмыс істеу қабілеті өте жақсы дамыған. Кейде ол басқа тазы, «серігі» саналатын итпен бірге жұп болып жүгіріп, аң аулайды, – дейді.

Бекжанның тазыға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Оның атасы – аңшылықпен айналысқан адам. Сол ортада өсіп, ит баптаудың қыр-сырын үйренген. Ағалары мен туыстары да тазы ұстаған, кейбірі тіпті өңірлік басылымдарда жарық көрген тәжірибелі аңшылар болған.

жеке мұрағат 

Ол бұған дейін де бірнеше тазы асыраған, бірақ көршілермен келіспеушілік және күтім жағдайына байланысты кейбірін басқа адамдарға бергенін айтады. Қазір қолындағы тазы – оның ерекше ықыласымен ұстап отырған жануары.

Оның айтуынша, қазіргі таңда кейбір тазылардың қаны толық таза емес, яғни әке-шешесінің, аталық-аналық желісінің (линиясының) тазалығы сақталмаған жағдайлар кездеседі.

Бұл мәселе болашақта тұқым сапасына әсер етуі әбден мүмкін. Сондай-ақ асыл тұқымды тазыны ұстауға барлық жерде бірдей жағдай жасала бермейді. Мәселен кей өңірлерде қолайсыздықтар бар, – дейді саятшы жігіт.

Осыған қарамастан, тазыны сақтап қалуға ниетті жастар көбейіп келеді. Дегенмен дәл осы жолдың өзінде жүйелі қолдау мен нақты механизмдердің жетіспеуі байқалады.

Нарықтағы құны қандай?

Тегі расталған төбеттің күшігі шамамен 300 мың теңге тұрады. Салыстыру үшін айтсақ, Ресейдегі дәл осындай деңгейдегі кавказ овчаркасы 250 мыңнан 550 мың теңгеге дейін бағаланады. Ортаазиялық овчарка да осы шамалас бағада. Ал әлемдегі ең қымбат бағаланатын бағушы ит – тибет мастифі. Орта деңгейдегі питомниктерде оның бағасы 3-5 мың доллардан басталады.

Осы тұрғыдан алғанда, қазақы төбет қымбат емес, керісінше төмен бағаланып отыр деуге болады. Тазының иммунитеті өте мықты. Қазіргі селекционерлердің айтуынша, ол сирек ауырады және еуропалық тазы тұқымдары көтере алмайтын салмаққа шыдай алады.

сурет: shutterstock

Тегі бар тазының бағасы бүгінде 70 мыңнан 90 мың теңгеге дейін. Бұл – жеке талқылауды қажет ететін мәселе. Еуропадағы питомниктерде орыс тазысы 1500-3000 еуро аралығында сатылады. Сарапшылардың пікірінше, болашақта қазақы тазының күшігі де 1,5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ауған тазысы, грейхаунд, салюки секілді тұқымдардың күшіктері Еуропа мен АҚШ-та мың доллардан жоғары бағаланады. Осыған қарағанда, қазақы тазы қазір өте арзан бағамен беріліп жатыр.

Неліктен тазы арзандап кетті?

XIX ғасырдың өзінде тазы қазақ даласында 50 жылқыға бағаланған. Бұл – әсірелеу емес, сол кезеңдегі орыс этнографтары тіркеген нақты дерек. 50 жылқыға бірнеше киіз үй мен бүкіл мүлкін сатып алуға болатын. Демек, аңшылық ит бірнеше жылдық табыстан да қымбат тұрған.

Өкінішке қарай, тазы өзінің аңшылық қызметінен айырылды. Қызметімен бірге құны да төмендеді. Жұмыс құралы ретінде қажет болмай қалған ит жай ғана итке айналды.

Ал батыстың аңшы иттері басқа жолмен дамыды. Грейхаунд ипподромдардың жұлдызына айналды, ауған тазысы көрме тұқымы болып қалыптасты. Олардың артында ондаған жылдық бренд қалыптастыру жұмысы, халықаралық клубтар мен қымбат инфрақұрылым тұр. Ал тазыда мұндай жүйе болмады.

©ИИ (grok)

3 қыркүйектің ресми түрде қазақ тазысы мен төбеті күні болып белгіленуі – ұлттық мұраны жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Дегенмен, тазы тұқымын сақтау ісінде әлі де шешімін күткен мәселелер көп. Тұқым тазалығын сақтау, баптау мәдениетін дамыту, жастарды қызықтыру және жүйелі қолдау көрсету қажет.

Бекжан секілді жастардың қызығушылығы қазақы тазыға деген үмітті арттырады. Егер ұлттық тұқымдарға дұрыс көңіл бөлініп, кәсіби селекция мен насихат күшейсе, қазақы тазының беделі мен нарықтағы құны да қайта өсері анық.