Кеше, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Астанада Қазақстан әйелдерінің X мерейтойлық UMAI ANA форумы басталды. Биылғы жиын еліміздің әр өңірінен келген 400-ге жуық кәсіпкер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдің басын қосты. Форумның күн тәртібінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, экономикалық мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету, еңбек нарығына бейімделу және бизнесте жаңа технологияларды қолдану мәселелері бар.
Биылғы форумның басты тақырыбы – «UMAI әйелінің 2027 жылға арналған өмірлік стратегиясы». Ұйымдастырушылар қатысушылардың жиыннан жаңа білім алып қана қоймай, алдағы жылға арналған нақты мақсаттары мен бизнес-жоспарларын айқындап қайтуына басымдық беріп отыр.
Төрт жылда 8 мыңға жуық әйел қамтылған
UMAI ANA әйелдер кәсіпкерлік қауымдастығы мен республикалық форумының негізін қалаушы, қазақстандық кәсіпкер Жәмила Эрназарованың айтуынша, төрт жыл ішінде қор ұйымдастырған форумдар мен түрлі іс-шараларға 8 мыңға жуық әйел қамтылған.
Биыл форумды оныншы рет өткізіп отырмыз. Біздің мақсатымыз – әйелдердің бүгінгі жиыннан жеке өмірі мен кәсібіне қатысты нақты шешімдер қабылдап қайтуы. Олар 2027 жылы бизнесінің қандай деңгейде болғанын қалайтынын, өзі қандай бағытта дамуы керектігін түсінсе дейміз. Дәстүр бойынша форумда еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін қолдап жүрген түрлі сала көшбасшылары тәжірибелерімен бөліседі, – деді Жәмила Ерназарова.
Кәсіпкер әйелдерге не кедергі?
Қауымдастық негізін қалаушының пікірінше, Қазақстанда шағын бизнесті дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан. Алайда әйелдердің кәсіп бастауына немесе оны одан әрі дамытуына көбіне ішкі кедергілер әсер етеді.
Әйелдер кәсіп ашу немесе оны дамыту барысында отбасы, денсаулық және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауда қиындықтарға тап болып жатады. Бұған қоса, санада қалыптасқан түрлі түсініктер мен қорқыныш та олардың алға жылжуына кедергі келтіруі мүмкін, – деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекет, ұлттық компаниялар мен ірі бизнес өкілдері тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған көптеген бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ кәсіп жүргізуге қажетті ақпараттың ашық әрі қолжетімді бола түсуі әйелдерге жаңа мүмкіндіктер беріп отыр.
Қазір әйелдер заңгер немесе бухгалтердің көмегіне жүгінбей-ақ, ашық дереккөздерден қажетті ақпаратты тауып, өз бетінше зерттей алады. Алған білімін жеке дамуына да, кәсібін өркендетуге де пайдалануына мүмкіндік бар. Қазақстандық әйелдердің әлеуеті өте жоғары. Кейде олардың үлкен жетістікке жетуі үшін аз ғана қолдау жеткілікті, – деді Жәмила Ерназарова.
45 жастан кейін кәсіби өмірді қалай жалғастыруға болады?
Форумда орта жастағы әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктері де сөз болды. Сериялық кәсіпкер, Astana Hub серіктесі және MedHub HAQ компаниясының бас директоры Тоғжан Қожалы 45 жастан асқан әйелдердің кәсіби дамуы мен жаңа мамандық игеруінің маңыздылығына тоқталды.
Оның пікірінше, өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол әйелдердің заманауи еңбек нарығына бейімделуі үшін жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасау қажет. Бұл ретте жұмыс берушілердің де рөлі маңызды.
Біз 45 жасқа келгенде өміріміздің келесі кезеңіне дайындалу керектігі туралы көп ойлана бермейміз. Ал бұл кезеңге алдын ала дайындалған жөн. Жаңа мамандық меңгеруге, бұрынғы кәсібіңізге қайта оралуға немесе жасанды интеллект құралдарын үйренуге болады. Ең бастысы – өзіңізге нақты мақсат қою, – деді Тоғжан Қожалы.
Кәсіпкер әйелдерге күнделікті жетістіктерін жазып, арнайы күнделік жүргізуге кеңес берді. Оның айтуынша, адам өзінің шағын жетістіктерін бағалауды үйренгенде, кәсіби мүмкіндіктерін де жақсырақ тани бастайды.
Жұмыс өтілін емес, жетістігіңізді көрсетіңіз
Тоғжан Қожалы бала күтіміне байланысты немесе отбасылық жағдайларға орай ұзақ уақыт жұмыс істемеген әйелдердің еңбек нарығына қайта оралу кезінде кездесетін қиындықтарына да назар аударды.
Оның сөзінше, жұмыс іздеу барысында еңбек өтілін тізіп шығудан гөрі, сол жылдар ішінде қол жеткізген нақты нәтижелерді көрсету әлдеқайда тиімді.
Жұмыс берушіге бухгалтер болып 20 жыл немесе мұғалім болып 30 жыл еңбек еткеніңізді айтумен шектелмеу керек. Бухгалтер болсаңыз, компанияның қандай мәселесін шештіңіз? Мұғалім болсаңыз, қанша олимпиада жеңімпазын тәрбиеледіңіз? Аспаз болсаңыз, тұтынушылардың сұранысын арттырған қандай мәзір әзірледіңіз? Жұмыс берушіге еңбек еткен жылдарыңызды ғана емес, сол жылдардағы жетістіктеріңізді де көрсету маңызды, – деді кәсіпкер.
Тоғжан Қожалының айтуынша, жұмыс берушілер үшін жалпылама сипаттамалардан гөрі нақты көрсеткіштер мен деректер құнды. Сондықтан жұмыс іздеушілер өз дағдыларын таныстырғанда оның компанияға қандай пайда әкелетінін түсіндіре білуі қажет.
Әйелдер кәсіпкерлігінің жаңа мүмкіндіктері
Форум бағдарламасында жасанды интеллект арқылы клиент тарту, бәсекелестігі жоғары нарықта бизнес дамыту, отандық өндіріс, ана болу мен кәсіби дамуды қатар алып жүру, сондай-ақ тәуелсіздік пен пікір алуандығы мәселелері қамтылған.
Сонымен қатар іс-шара аясында «Анамның қолымен жасалған» көрмесі ұйымдастырылған. Оған 50 кәсіпкер әйел мен қолөнерші қатысады деп күтілуде. Көрме отандық өнімдерді таныстыруға, кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына және жаңа іскерлік байланыстар орнатуына мүмкіндік береді.
Мерейтойлық форум әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін арттырумен қатар, олардың жасына немесе өмірлік жағдайына қарамастан кәсіби дамуына, жаңа дағдыларды игеруіне және экономикалық дербестігін нығайтуына бағытталған.
Кеше, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Кеше, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік