45 миллион теңгеге төрт үй өртенді: «Соңыра» фильмінің белгісіз қырлары

45 миллион теңгеге төрт үй өртенді: «Соңыра» фильмінің белгісіз қырлары

Көктем Қарқын
Фото: фильмнің постері

Құтқарушы әйелдер, шынайы өрт, жарылған үйлер мен көліктер. Олжас Абай мен Дариға Бадықова продюсерлік еткен «Соңыра» фильмі көрерменге тосын тақырыбымен ғана емес, түсірілімге жұмсалған қаражатымен де ерекшеленеді. Киноның бюджеті шамамен 250 миллион теңге. Оның 45 миллионы үйді өртеу көріністеріне жұмсалған. 18 қарашада Астанада фильмнің тұсаукесері өтті.

«Соңыра» – өрт сөндірушілердің өмірі мен қызметін арқау еткен драмалық туынды. Фильмнің басты ерекшелігі – оқиға желісінде құтқарушы болып жұмыс істейтін әйелдердің тағдырына басымдық берілуі.

Фото: трейлерден скрин

Олжас Абайдың айтуынша, фильмнің идеясын продюсерлік топ сценаристке ұсынған. Сценарий 6 ай бойы жазылған. Ал негізгі түсірілім жұмыстары Өскемен қаласында бір айға созылған.

«Соңыра» фильмінде әйелдердің құтқарушы болып жұмыс істеуі – негізгі ерекшеліктердің бірі. Әлемде бұл кәсіпті әйелдер де атқарады. Алайда біздің елімізде өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандығын көбіне ер азаматтар таңдайды. Біз осы қырын көрсеткіміз келді. Халық киноны жақсы қабылдап жатыр. Бұл фильм тек өрт туралы емес, әр адамның ішіндегі дерті туралы, – дейді Олжас Абай.

Актердің сөзінше, шығармашылық топ бұған дейін көбіне комедиялық жанрдағы жобаларымен танылған. Сондықтан көрерменнің оларды белгілі бір жанрмен ғана байланыстыруы қалыптасқан.

Осы уақытқа дейін комедияда ойнап келдік. Елдің бәрі бізді комедия актерлері деп біледі. Бірақ комедияда ойнау да оңай емес. Бірінші фильмімізді түсіргенде оның миллиард теңге жинайтынын ойлаған жоқпыз. Ол өздігінен миллиард жинады. Одан кейін әр кино миллиард жинаса екен деген үрдіс басталды. Оның жаман ештеңесі жоқ, – дейді актер.

Фильм бюджеті – 250 миллион теңге

Туындының түсіріліміне қомақты қаражат жұмсалған. Олжас Абайдың айтуынша, фильмнің жалпы бюджеті шамамен 250 миллион теңгені құрайды. Соның ішінде төрт үйді өртеу көріністеріне 45 миллион теңге жұмсалған. Бұған қоса, түсірілім кезінде екі көлік жарылған.

Бас продюсер Дариға Бадықова да фильмдегі экшн көріністерінің басым бөлігі шынайы жағдайда түсірілгенін атап өтті. Оның айтуынша, шығармашылық топ компьютерлік графикаға көп жүгінбей, өрт пен жарылыс көріністерін табиғи түрде көрсетуге тырысқан.

Төрт үй жарылды. Бір үлкен үй жарылған кезде тіпті ауыл тұрғындары да қиналып қалды. Ауылдың дабыл жүйесі іске қосылды. Кинодағы өрт шынайы жасалды. Графиканы көп қоспадық. Өртке алғаш кіргенде қорқыныш болды, – дейді Дариға Бадықова.

«Өзі көмек таппаған адамдар туралы»

Дариға Бадықова фильмнің негізгі идеясын тек құтқарушылардың кәсіби қызметімен шектемейді. Оның пікірінше, туындының өзегінде – өзгеге көмектесуге дайын болғанымен, өз мәселесін шеше алмай жүрген адамдардың тағдыры жатыр.

Бұл фильм жақынына барынша көмектескісі келген, бірақ өзі көмек таппаған адамдар жайлы. Жалпы, мен жақсы ұстаздан білім алдым. Академияны бітіргеннен кейін жақсы мамандармен жұмыс істедім. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибем мен еңбегімнің нәтижесі деп түсінемін, – дейді бас продюсер.

Оның айтуынша, фильм түсіру – үлкен жауапкершілік. Кейде шығармашылық жұмыс барысында қиналып, ауырып, тіпті өз еңбегіне риза болатын сәттердің де кездесетінін жеткізді. Дегенмен қоғамға ой салатын дүние жасау – басты мақсаты.

Фото: трейлерден скрин

Комедия түсірсем де, қоғамға ой тастағым келеді. Бұл фильмде қоғамға қажет мәселе көтерілді. Оның деңгейі басқаша. Өсу бар. Мен үшін айтары бар дүние жасаған маңызды, – дейді ол.

«Соңыра» атауы нені білдіреді?

Фильмнің атауы да ерекше. «Соңыра» сөзі «кейін», «кейінірек» деген мағынаны білдіреді. Туынды көрерменді өз өміріндегі маңызды дүниелерді кейінге қалдырмауға шақырады.

Фото: трейлерден скрин

Адам кейде жұмысты, міндетті, өзгелердің мәселесін бірінші орынға қойып, өзінің ішкі жан дүниесін ұмытып кетеді. Ал көмекке мұқтаж болған кезде жанынан қолдау таба алмауы мүмкін. Фильм осы мәселені көтереді. «Соңыра» – құтқарушылардың ерлігі туралы ғана емес, адамның ішкі күйзелісі, отбасы, жақындарына деген жауапкершілігі мен өзіне уақыт бөлуі туралы туынды.

Айта кетейік, фильмнің түсірілімі Өскемен қаласында өткен. Сценарийді әзірлеуге алты ай, ал негізгі түсірілімге бір ай уақыт кеткен. 18 қарашада Астанада өткен премьерадан кейін туынды 19 қарашадан бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастады.

Оқи отырыңыз

{