Жаңалықтар

41 градус ыстықтың салдары: Еуропада 18 адам көз жұмды

23.06.2026 09:32
Көктем Қарқын
Фото: RG

Еуропада биылғы жаз әдеттегіден ерте басталып, бұрын-соңды болмаған аптап ыстықпен ерекшеленіп отыр. Соңғы күндері Франция, Испания және Ұлыбританияда температуралық рекордтар жаңарып, мамандар тұрғындарды сақ болуға шақыруда. Өкінішке қарай, аптап ыстық адам шығынына да әкелді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Франция билігінің мәліметінше, елде ыстыққа байланысты кемінде 18 адам көз жұмған. Олардың қатарында қызып кеткен көлікте қалып қойған екі және төрт жастағы балалар да бар. Қайғылы оқиға Францияның оңтүстік-шығысындағы Карпантра қаласында болған. Балаларды анасы үй маңында тұрған көліктен ес-түссіз күйде тапқанымен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Аптап ыстықтың тағы бір қауіпті салдары – суға кету оқиғаларының көбеюі. Францияда бір тәулік ішінде 13 адамның суға кеткені тіркелді. Мамандар мұны адамдардың ыстықтан қорғану үшін өзен-көлдер мен жағажайларға жиі баруымен байланыстырады. Өткен жылы елде аптап кезеңдерінде суға кету жағдайлары 172 пайызға артқан.

Фото: Reuters агенттігі

«Омега блогы» деген не?

Францияның батысындағы Бордо қаласында ауа температурасы 41,9 градусқа жетіп, бұрынғы рекорд жаңарды. Ал Пуатье қаласында сынап бағаны 41,2 градусқа көтеріліп, 1947 жылдан бері сақталған көрсеткіштен асты. Испанияның солтүстігіндегі Сан-Себастьян қаласында да температура 40 градусқа дейін жеткен.

Мамандар бұл құбылысты «Омега блогы» деп аталатын атмосфералық жүйемен байланыстырады. Оның әсерінен Солтүстік Африкадағы Сахара шөлінен келген ыстық ауа Еуропаға таралып, бірнеше күн бойы бір орында тұрақтап қалады. Соның салдарынан жел соқпайды, ал ауа температурасы үздіксіз жоғарылай береді.

Климаттың өзгеруі әсер етіп жатыр ма?

Ғалымдардың пікірінше, қазіргі экстремалды ыстық толқындары климаттың өзгеруімен тікелей байланысты. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның дерегіне сәйкес, Еуропа әлемдегі ең жылдам жылып жатқан өңірлердің бірі. Құрлықтағы температураның өсу қарқыны жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары.

Сарапшылардың айтуынша, климаттың өзгеруі тек аптап ыстықты ғана емес, сонымен қатар дауылдар мен нөсер жауындардың жиілеуіне де әсер етеді. Бұл өз кезегінде адам денсаулығына, ауыл шаруашылығына және қала инфрақұрылымына қосымша қауіп төндіреді.

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады?

Дәрігерлер күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге және балалар мен қарттарды көлікте немесе жабық кеңістікте қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ тек арнайы бақылаудағы жағажайларда шомылу маңызды.

Сарапшылардың пікірінше, Еуропадағы соңғы оқиғалар климаттың өзгеруі енді болашақтың емес, бүгінгі күннің мәселесіне айналғанын көрсетеді. Сондықтан табиғаттағы мұндай экстремалды құбылыстарға бейімделу мен алдын алу шараларын күшейту барған сайын өзекті болып отыр.

Оқи отырыңыз