Бүгiн, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыТүркияның Ыстамбұл қаласында нөсер жаңбыр соңы алапат тасқынға ұласты. Қала көшелерін су басып, көліктер су астында қалды, тұрғын үйлер мен кәсіпорындарға зиян келді.
Табиғи апат салдарынан екі адам қаза тапқан. Билік мектептердегі сабақты тоқтатып, тұрғындарды сақ болуға шақырды.
14 қазанда Ыстамбұлда жауын-шашын мөлшері кей жерлерде 242 миллиметрге дейін жеткен. Түркиялық NTV телеарнасының мәліметінше, бұл – 1985 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Толассыз жауған жаңбыр қаланың бірнеше ауданында су тасқынына, көшкінге және электр қуатының үзілуіне себеп болды. Көшелер өзенге айналып, ондаған көлік су астында қалған.
Екі адам қаза тапты
Түркиялық БАҚ мәліметінше, табиғи апат салдарынан екі адам көз жұмған.
Қаза тапқандардың бірі – 14 жастағы жасөспірім. Ол саябақтағы су жиналған жерді басып өтіп бара жатқанда тоқ соғып, мерт болған.
Екінші қайғылы оқиға Деребою көшесінде тіркелген. 34 жастағы ер адам жолдан өтіп бара жатып тайып құлап, басын тротуарға соққан. Ауыр жарақат алған ол кейін ауруханада қайтыс болды.
Қалада құтқару қызметтері күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр.
14 қазан күні таңғы сағат 06:00-ден кешкі 20:00-ге дейін Түркияның Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар басқармасы (AFAD) мен 112 шұғыл қызметіне 2 518 хабарлама түскен.
Оның ішінде 1 277 хабарлама су басу жағдайына, 15-і көшкінге қатысты болған. Сондай-ақ 47 адамның қауіпті жағдайда қалып қойғаны, 13 ағаштың құлағаны және екі ғимараттың шатыры ұшқаны хабарланған.
Ал қалалық қызметтерге су басу, кәріз жүйесінің толып кетуі, жол жабынының опырылуы және басқа да төтенше жағдайларға байланысты 8 мыңнан астам өтініш түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, 808 тұрғын үйді, 280 кәсіпорынды және 76 автокөлікті су басқан.
Көшелерді су басып, адамдар көліктерінде қамалып қалды
Нөсерден әсіресе Бейкоз, Сарыер, Эюпсултан, Арнавуткөй, Башакшехир, Сұлтанғази және Бүйүкчекмедже аудандары қатты зардап шеккен.
Кей көшелерде су деңгейі көтеріліп, көлік қозғалысы қиындаған. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалардан автокөліктердің су мен лайдың астында қалғанын көруге болады.
Сарыер ауданында түсірілген видеолардың бірінде ер адамның су басқан көшеден жүзіп шығуға тырысқаны байқалады.
Ал Есенюрт ауданында қатты ағын әйел адамды ағызып әкеткен.
Оқиғаны көрген тұрғындар дереу көмекке ұмтылып, оны судан аман алып шыққан.
Тасқыннан түсірілім алаңдары да зардап шекті. Түркиялық БАҚ мәліметінше, Phoenix Studios студиясына су кіріп, электр қуаты толық ажыратылған.
Актриса Демет Өздемир мен әнші Мұрат Боз су басқан аумақтан шыға алмай қалғандарын хабарлаған.
Өздемирдің айтуынша, түсірілім тобының жүздеген қызметкері де сол жерде болған.
Алты өңірде мектептер жабылды
Қолайсыз ауа райына байланысты Түркия билігі бірқатар шектеу енгізді.
15 қазанда Ыстамбұл, Коджаэли, Сакария, Ялова, Дүзже және Зонгулдак провинцияларындағы мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында сабақ бір күнге тоқтатылды.
Мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметкерлерге және кішкентай балалары бар қызметкерлердің бір бөлігіне әкімшілік демалыс берілетіні хабарланды.
Билік тұрғындарға аса қажет болмаса, үйден шықпауға кеңес берді. Әсіресе ғимараттардың жертөлесі мен төменгі қабаттарында тұратын азаматтарға түнді қауіпсіз жерде өткізу ұсынылды.
Қауіпсіздік мақсатында мотоциклдердің жолға шығуына да уақытша тыйым салынған.
Жауын-шашын тағы бірнеше күн жалғасуы мүмкін
Мамандар Ыстамбұлдағы алапат нөсерді Исландия циклонының ықпалымен байланыстырып отыр.
Измир өңірлік метеорология басқармасының бұрынғы директоры Мұрат Шахиннің айтуынша, циклон аймаққа мол ылғал әкеліп, қысқа уақыт ішінде жауын-шашын мөлшерінің күрт артуына себеп болған.
Ол алдағы екі-үш күнде жаңбырлы ауа райы сақталуы мүмкін екенін ескертті. Әсіресе бейсенбі мен жұма күндері жаңа атмосфералық фронттың келуі жағдайды қиындатуы ықтимал.
Егер жауған жаңбырға тағы 100 миллиметр жауын-шашын қосылса, қалада аса қауіпті су тасқыны болуы мүмкін. Адам өміріне қауіп төніп тұр. Сондықтан барынша сақ болу қажет, – деді маман.
Синоптиктердің болжамынша, Ыстамбұлда қолайсыз ауа райы 17 қазанның екінші жартысына дейін сақталуы мүмкін.
Қазір қалада су басқан аумақтарды тазарту, тұрғындарға көмек көрсету және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Бүгiн, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыБүгiн, 11:03
Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленедіКеше, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады13 Қазан, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады