35 жастан кейін ана болу қиындай ма? Ғалымдар жаңа дерек жариялады

35 жастан кейін ана болу қиындай ма? Ғалымдар жаңа дерек жариялады

07.07.2026 12:15
Көктем Қарқын
Фото: El.kz

Әлемде әйелдер арасындағы бедеулік мәселесі барған сайын ушығып барады. The Lancet журналында жарияланған жаңа зерттеу алдағы 10 жылда бұл көрсеткіштің айтарлықтай өсетінін болжайды.

Euronews мәліметінше, 2036 жылға қарай 35-49 жас аралығындағы әйелдер арасындағы бедеулік жағдайларының саны 80 миллионға жуықтайды. Бұл – 2023 жылғы шамамен 53,6 миллион жағдаймен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Ең үлкен өсім 35-39 жас аралығындағы әйелдер арасында болады деп күтілуде.

Зерттеу авторлары мұның басты себебі ретінде әйелдердің ана болуды кейінге қалдыру үрдісін атайды. Жас ұлғайған сайын аналық бездегі жұмыртқа жасушаларының қоры азайып, олардың сапасы мен ұрықтану қабілеті төмендейді. Соның салдарынан табиғи жолмен жүкті болу мүмкіндігі кемиді, түсік тастау қаупі артады және экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) сияқты қосалқы репродуктивті технологиялардың тиімділігі де төмендейді.

Ғалымдардың пікірінше, халықтың қартаюы мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қатар жүруі бұл мәселені қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды сын-қатерге айналдырып отыр. Ана болуды кейінге қалдыратын әйелдердің саны көбейген сайын, бедеулік қаупіне ұшырайтын адамдар да арта береді.

Зерттеу барысында қытайлық ғалымдар Global Burden of Disease 2023 жобасының 1990-2023 жылдар аралығында 204 ел мен аумақты қамтыған деректерін талдаған. Нәтижесінде бедеулік көрсеткішінің ең жоғары өсімі экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекеттерде тіркелгені анықталған.

Неліктен әйелдер бала сүюді кейінге қалдырады?

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде көптеген елде адамдар бұрынғыға қарағанда кешірек некеге тұрады және отбасын құруды ұзақ уақытқа шегереді. Әйелдердің жоғары білім алуы, мансапқа көңіл бөлуі, тұрғын үй мәселесі, қаржылық тұрақтылыққа ұмтылуы сияқты факторлар да алғашқы жүктіліктің жасын ұлғайтып отыр.

Сонымен қатар, 30-40 жастан кейін жүкті болуға ниетті әйелдердің саны көбейген. Репродуктивті денсаулық туралы ақпараттың кең таралуының арқасында бедеулік мәселесін ертерек анықтап, дәрігерге жүгінетін жұптар да артқан.

Алайда көптеген орташа табысты және дамушы мемлекеттерде бедеулікті анықтау мен емдеу қызметтері әлі де қымбат немесе жеткілікті деңгейде қолжетімді емес. Сондықтан мұндай медициналық қызметтерге сұраныс денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігінен әлдеқайда жылдам өсіп келеді.

Зерттеуге қатыспаған репродуктивті денсаулық жөніндегі биолог Росио Нуньес Калонхе бұл мәселені тек репродуктивті технологияларды дамыту арқылы шешу мүмкін емес екенін айтады.

Оның пікірінше, Испания сияқты елдерде әйелдердің ана болуды кейінге қалдыруына әсер ететін әлеуметтік себептерді де шешу қажет. Атап айтқанда, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ерте жаста ана атанатын әйелдерді мемлекет тарапынан қолдау маңызды.

Бедеулік – тек әйелдердің мәселесі емес

Мамандар бедеулікке тек әйелдер ғана жауапты деген түсініктің қате екенін еске салады. Дүниежүзілік бағалауларға сәйкес, әлемдегі әрбір алтыншы адам өмірінің белгілі бір кезеңінде бедеулік мәселесіне тап болады. Ал репродуктивті жастағы жұптардың 8-12 пайызы бала көтеруде қиындық көреді.

Сондықтан сарапшылар мәселені тек медициналық тұрғыдан емес, әлеуметтік саясат, еңбек нарығы, отбасы институтын қолдау және репродуктивті денсаулық туралы сауаттылықты арттыру бағыттарымен бірге қарастыру қажет деп есептейді. Ана болу жасын кейінге қалдыру үрдісі жалғаса берсе, алдағы жылдары бедеулік әлемдегі денсаулық сақтау жүйелері үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналуы мүмкін.

Біз бұған дейін 15 жаста ішкен энергетик 30 жаста бедеулікке апаруы мүмкін екенін жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз