Бүгiн, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралдыШымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот процесі басталды. Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін жариялап, іс бойынша тергеу барысында анықталған мән-жайларды баяндады.
Айыпталушыға үш бап бойынша айып тағылды
Сот алдында 28 жастағы Ш.А. жауап берді. Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған:
Айыптау актісіне сәйкес, айыпталушы Нұраймен 2025 жылдың жазында танысқан. Сол жылдың қыркүйегінде оған сезімін білдіріп, отбасын құруды ұсынған. Алайда бойжеткен тұрмыс құруға әлі ерте екенін айтып, ұсыныстан бас тартқан.
Прокурордың айтуынша, 2025 жылдың қазан айында айыпталушы Шымкенттен Алматыға келіп, Нұрайдың жалдамалы пәтеріне барған. Алдау арқылы оны көлікке отырғызып, қаладан алып кеткен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Алматыдан шығып кеткенін түсінген Нұрай қарсылық білдірген кезде айыпталушы: «Қарсылық көрсетсең, екеуміз де жол апатына ұшыраймыз» деп қорқытқан.
Кейін қызды Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қасымбек датқа ауылындағы өз үйіне алып барған. Сол күні кешке туыстары болашақ келінді қарсы алуға дайындалып, Нұрайдың басына орамал жауып, шымылдыққа отырғызған.
Полиция шақырылғанымен, іс тіркелмеген
Айыптау материалдарына сәйкес, Нұрайдың ағалары Сұлтан мен Бауыржан оның ұрланғанын біліп, айыпталушының үйіне барған. Қыз олардан өзін алып кетуді сұраған.
Сұлтан Серікбай бірнеше рет 102 нөміріне хабарласып, полициядан көмек сұраған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, Нұрай мен күдіктіні Қаратау аудандық полиция басқармасына жеткізген.
Алайда түсініктемелер алынғанымен, материалдар іс жүргізусіз қалдырылған. Айыпталушы енді қызды мазаламайтынына уәде бергеннен кейін Нұрай туыстарымен бірге үйіне қайтқан. Тергеу бұл оқиғаны некеге тұруға мәжбүрлеу бабы бойынша саралаған.
1,5 сағатта 76 рет қоңырау шалған
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, қызды алып қашу оқиғасынан кейін де айыпталушы Нұрайды қудалауын тоқтатпаған.
2025 жылғы 7 қазанда сағат 11:55 пен 13:17 аралығында ол Нұрайға 76 рет телефон соққан. Келесі күні түнде тағы 8 рет хабарласқан. Қыз сөйлесуден бас тартқанына қарамастан, айыпталушы оның үйінің маңында бірнеше сағат бойы аңдып жүрген.
Тергеу мәліметінше, 10–11 қазан аралығында тағы 70 қоңырау шалынған. Қудалау Нұрай телефон нөмірін ауыстырғанға дейін жалғасқан. Бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы – сталкинг бойынша сараланды.
35 рет пышақтаған...
Айыптау нұсқасына сәйкес, бірнеше ай бойы жалғасқан қудалаудан кейін айыпталушы қызды өлтіруге шешім қабылдаған.
2026 жылғы 11 қаңтар күні кешке ол Нұрайдың Шымкенттегі үйінің маңына келіп, өзімен бірге әкелген пышақты қалтасына жасырып жүрген. Қыз сыртқа шыққан кезде сөйлесуді ұсынғанымен, Нұрай бас тартып, үйіне қарай бет алған.
Прокурордың айтуынша, сол сәтте айыпталушының бойында адам өлтіру ниеті пайда болып, көпқабатты үйлердің арасымен кетіп бара жатқан қызға алдымен 5-6 рет пышақ сұққан. Жараланған Нұрай қашуға тырысқанымен, бірнеше метрден кейін құлап қалған.
Айыптау актісіне сәйкес, айыпталушы оған қайта жақындап, барлығы 35 рет пышақтаған. Салдарынан Нұрай оқиға орнында көз жұмған.
Бұл эпизод аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бабы бойынша сараланып отыр.
Еске сала кетейік...
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда болды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда ер адамның қызды қуып жетіп, оған пышақпен шабуыл жасағаны көрінеді. 13 қаңтарда күдікті Шымкенттен шамамен 10 шақырым жерде ұсталды.
Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, күдікті Нұрайды 2025 жылдың жазынан бері қудалаған. Қыз оның ұсыныстарынан бірнеше рет бас тартқанымен, кейін ер адам оны Алматыдан күштеп алып кеткен.
Нұрайдың туыстары бұл оқиғадан кейін полиция мен прокуратураға үш рет арыз жазғандарын, алайда олардың тіркелмегенін мәлімдеді.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының әрекетіне баға беруді тапсырды.
Кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша арызды тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейін әлеуметтік желілерде Нұрайдың өз еркімен көлікке отырғанын және ер адамға ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан бейнежазба тарады. Марқұмның отбасы бұл жазбаның жариялануына байланысты тергеу құпиясының бұзылғанын айтып, ресми шағым түсірді. Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
Бүгiн, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды20 Шілде, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?