Кеше, 16:14
Жазда шаш үлгісіне сән беретін ерекше әшекейлер32 жасында «Халық әртісі» атану – кез келген өнерпаздың маңдайына бұйыра бермейтін биік мәртебе. Ал Гүлжан Талпақова бұл атаққа жай ғана таланттың емес, бала күнінен сахнаны өміріне айналдырған табандылықтың, тынымсыз еңбектің және қазақ биіне деген шексіз махаббаттың арқасында жетті.
Ол сахнаға шыққанда би тек қимыл емес, мінезге, тағдырға, тұтас бір ұлттың болмысына айналатын. Әлемнің 52 елінде өнер көрсетіп, қазақтың би өнерін төрткүл дүниеге танытқан Гүлжан Талпақова – Шара Жиенқұлова мектебінің жарқын жалғасы, қазақ сахнасының ерке де қайсар қызы. Оның өмір жолы – үлкен сахнаның жарқылы ғана емес, адамдыққа адал қалудың, қиындыққа сынбаудың және өнер үшін өмір сүрудің әсерлі тарихы.
Балалық арманнан басталған жол
Гүлжан Ізімқызы 1948 жылдың 12 қыркүйегінде Атырау қаласында дүниеге келді. Қарапайым отбасында өскен қыздың жүрегінде өнерге деген махаббат ерте оянды. Ол небәрі алты жасынан бастап билей бастайды.
Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сахнаға ғашық болған Гүлжан болашақта міндетті түрде биші болуды армандайды. Алайда ата-анасы бұл шешімді бірден қолдай қойған жоқ. Өнер жолының қиындығын түсінген олар қыздарының тұрақты мамандық иесі болғанын қалады.
Бірақ бала күнгі арманына берік болған Гүлжан райынан қайтпайды. Кейін өзі еске алғандай, «қалайда биші боламын» деген мақсат оны өмір бойы алға жетелеп отырған.
1965 жылы ол Алматыдағы эстрада-цирк студиясына түсіп, қазақ би өнерінің негізін қалаған ұлы тұлға Шара Жиенқұлованың класында білім алады. Бұл кездесу оның тағдырын түбегейлі өзгертті.
Шара Жиенқұлованың шәкірті
Жас бишінің талантын алғаш байқағандардың бірі – Шара Жиенқұлова болатын.
Өнерін көргеннен кейін Шара:
Сенен жақсы биші шығады. Қолың өте әдемі, – деп баға берген екен.
Бұл сөздер ауылдан келген жас қыз үшін үлкен сенім болды. Кейін олар ұзақ жылдар бойы ұстаз бен шәкірт ретінде ғана емес, рухани жақын адамдар ретінде араласты. Гүлжан Талпақова Шара Жиенқұлованың қазақ биін дамыту жолындағы еңбегін әрдайым ерекше құрметпен айтып өтті.
Ол өз ұстазы туралы: «Қазақ биінің қимылдарын жасап, оны жүйелеген адам – Шара апа» деп жиі еске алады.
Әлемді мойындатқан кезі
Гүлжан Талпақованың шығармашылық тағдырындағы үлкен серпіліс 1968 жылы болды. Сол жылы Болгарияның астанасы София қаласында өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде қазақтың «Айжан қыз» биін орындап, лауреат атанып, күміс медаль жеңіп алды.
Бұл жеңіс оның есімін халықаралық деңгейде танытты. Содан кейін талантты биші Мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінің жетекші солисіне айналып, қазақ сахнасының шоқ жұлдызы ретінде жарқырай түсті.
Ол орындаған әр би – шағын спектакль секілді еді. Сахнада кейде ерке қыздың, кейде нәзік арудың, кейде дала қыранының бейнесін сомдап, көрерменді өз әлеміне жетелей алатын.
Сол кезеңде оның есімі кеңестік баспасөзде жиі жазылды. «Огонек», «Совет лайф», «Парасат» сияқты беделді басылымдардың мұқабасына шықты. Ал 1981 жылы АҚШ-тың тоғыз штатында гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін мұхиттың арғы бетіне таныстырды.
Гүлжан Талпақованың шығармашылық ғұмыры – әлемді аралаған қазақ өнерінің тарихы. Ол кәсіби мансабында дүниежүзінің 52 мемлекетінде өнер көрсетті. Америка, Азия, Африка және Еуропа құрлықтарында қазақ биінің сұлулығын паш етті.
Түрлі халықаралық фестивальдерге қатысып, көптеген марапатқа ие болды. Ең бастысы – қай жерде жүрсе де өзін қазақтың өнер өкілі ретінде танытты.
Бір сұхбатында:
Биге деген махаббат мен үшін бірінші орында. Өйткені би – менің кәсібім, ал сахна – менің өмірім, – деді.
Осы бір сөйлем оның бүкіл өмірлік ұстанымын айқын көрсетеді.
32 жасындағы тарихи марапат
Өнердегі қажырлы еңбек пен халықаралық жетістіктер елеусіз қалған жоқ. 1971 жылы небәрі 23 жасында Гүлжан Талпақова Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген әртісі атанды.
Ал тоғыз жылдан кейін 1980 жылы 32 жасында Қазақ КСР-інің Халық әртісі атағы берілді. Бұл – қазақ мәдениеті тарихындағы ең жас Халық әртістерінің бірі атанған кезеңдердің бірі еді.
Өнер жолындағы осы маңызды сәтті ол өмір бойы ерекше толқыныспен еске алады. Америкадағы сәтті гастрольден кейін елге оралғанда оны мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев қабылдап, Халық әртісі атағын беру туралы жарлыққа қол қойғанын айтқан.
Биші бұл жаңалықты естігенде қуаныштан көзіне жас алғанын талай сұхбатында айтып өтті.
Сахна сыртында қандай адам
Гүлжан Талпақованы көпшілік биші ретінде таниды. Бірақ оны жақындары ең алдымен адамгершілігі үшін құрметтейді.
Өмірінде ауыр сынақтар аз болған жоқ. Отбасылық қиындықтарды бастан өткерді, жалғыз өзі балаларын өсірді. Соған қарамастан өмірден ешқашан түңілген емес. Әсіресе оның бұрынғы қайын атасы мен енесіне көрсеткен қамқорлығы көпшілікті таңғалдырған оқиға ретінде айтылады.
Отбасылық жағдай өзгерсе де, ол өзін тәрбиелеп, өмірлік тәжірибе берген жандарды тастап кеткен жоқ. Қартайған шағында екеуіне де қарап, ақтық сапарға өзі шығарып салды. Бұл оның адамдық болмысының биіктігін көрсететін ерекше қасиет еді.
Балет әртісінің өмірі сырт көзге әдемі көрінгенімен, оның артында орасан еңбек жатыр.
Күн сайынғы жаттығу, қатаң тәртіп, диета, үздіксіз гастрольдер – мұның бәрі бишінің күнделікті өмірінің бір бөлігі болды. Гүлжан Талпақова да осы жолдан өтті.
Ол өнердің тек талантпен емес, төзім мен тәртіп арқылы келетінін дәлелдеді. Сондықтан болар, бүгінде жетпістен асса да сахна туралы сөз қозғалса көзіне жас алады. Өйткені би оның мамандығы ғана емес, тағдырына айналды.
Қазақ биінің мәңгілік символы
Бүгінде Гүлжан Талпақова жас бишілерге тәжірибесін үйретіп, шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Ол өзінен кейінгі буынның кәсіби деңгейінің жоғары болғанын қалайды.
Қазақ би өнерінің тарихында Шара Жиенқұлова негізін қалаған ұлы мектеп болса, сол мектептің әлемге танылған ең жарқын шәкірттерінің бірі – Гүлжан Талпақова.
Ол мың бұрала билеп қана қойған жоқ. Қазақтың ұлттық өнерін дүниежүзіне танытты, сахна мәдениетінің биік үлгісін қалыптастырды және өнер адамы қандай болуы керектігін өз өмірімен көрсетті.
Сондықтан да Гүлжан Талпақова есімі қазақ би өнерінің алтын қорында мәңгі сақталады. Ол – өнердегі табандылықтың, сұлулықтың, адамгершіліктің және ұлт мәдениетіне адал қызмет етудің символы.
Кеше, 16:14
Жазда шаш үлгісіне сән беретін ерекше әшекейлер18 Маусым, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?