30 жылдан кейін қайта жанданды: Арқалық әуежайына жаңа код берілді

30 жылдан кейін қайта жанданды: Арқалық әуежайына жаңа код берілді

Ажар Лаубаева
Фото: Көлік министрлігі

Қостанай облысындағы Арқалық әуежайына AYK халықаралық коды берілді. Бұл әуежайды халықаралық әуе тасымалы жүйелеріне енгізуге мүмкіндік береді.

Арқалық әуежайына AYK коды берілді

Қазақстан Көлік министрлігінің мәліметінше, 12 тамызда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Арқалық әуежайына үш әріптен тұратын AYK кодын ресми түрде бекітті. Бұл код әуежайда бұған дейін де қолданылған, енді қайта қалпына келтіріліп отыр.

Аталған код бірегей болып табылады және Арқалық әуежайын әлемдік брондау және әуе билеттерін рәсімдеу жүйелеріне, рейстер кестесіне, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы басқа да жаһандық ақпараттық жүйелерге интеграциялауға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.

Әуежай 1998 жылдан бері пайдаланылмаған

Арқалық әуежайынан тұрақты жолаушылар рейстері 1992 жылы тоқтатылған. Ал 1998 жылдан бастап әуежай іс жүзінде пайдаланылмай қалды.

2025 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арқалық әуежайын қалпына келтіріп, жаңа әуевокзал кешенін салуды тапсырды. Сол жылдың шілдесінде құрылыс жұмыстары басталды. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Әуежайды қалпына келтіруге қайтарылған активтер есебінен қаржы бөлінген болатын.

Жаңа әуежай қандай болады?

Еске сала кетейік, 2025 жылы Қазақстан Үкіметі Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Жоба аясында жалпы ауданы 3 200 шаршы метр болатын екі қабатты жаңа әуевокзал кешенін салу жоспарланған. Оның өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыға дейін жетеді.

Сонымен қатар ұзындығы 2,5 мың метрлік ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы мен перрон жөнделеді. Аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтар сатып алу да жоспарланған.

Әуежай іске қосылғаннан кейін Арқалықтан Қостанай, Астана және Алматыға қолжетімді бағамен субсидияланатын әуе рейстерін ашу көзделіп отыр.

Әуежайды қайта іске қосу Арқалық пен оған іргелес аумақтардың көлік қолжетімділігін арттырып қана қоймай, өңірдегі туризмді дамытуға да мүмкіндік береді. 

Оқи отырыңыз

{