7 Қазан, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?Қазақстанда ересектердің 56 пайызы артық салмақпен өмір сүрсе, балалардың 23 пайызы семіздікке шалдыққан. Денсаулық сақтау министрлігінің, фармацевтика өнеркәсібінің және Диабет, эндокриндік және метаболизмдік аурулар қауымдастығының сарапшылары баспасөз мәслихатында бұл мәселенің дәрігер бақылауында жүйелі емдеуді талап ететінін талқылады.
Obesity Atlas-тың 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ересектердің 56 пайызы артық салмақпен өмір сүреді, ал 20 пайызы клиникалық семіздікке шалдыққан. Артық салмақ жүрек-қан тамырлары аурулары, 2 типті қант диабеті, тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары және басқа да метаболизмдік асқынулардың даму қаупін арттырады.
Соған қарамастан, адамдардың бір бөлігі дәрігерге тек денсаулығында белгілі бір мәселе пайда болғанда ғана жүгінеді. Мамандардың айтуынша, семіздікті ерте анықтап, оның себептерін зерттеу және емдеуді уақытында бастау маңызды.
Диабет, эндокриндік және метаболизмдік аурулар қауымдастығының президенті Айгүл Дурманованың сөзінше, салмақ тастаудың өзі жеткіліксіз. Ең маңыздысы – қол жеткізілген нәтижені ұзақ уақыт сақтау.
Адам арықтағанда, оның май жасушалары тек көлемі жағынан кішірейеді, бірақ ешқайда жоғалмайды. Килограмм тастау – бастамасы ғана, басты міндет – қол жеткізілген нәтижені сақтап қалу. Бұл үшін дәрігердің бақылауымен тамақтануды, дене жүктемесін және пациенттің жалпы жағдайын үнемі қадағалап отыру қажет, – деді ол.
Маманның түсіндіруінше, дәрігерлер тек таразыдағы көрсеткішке қарап бағаламайды. Олар дене салмағының өзгеру динамикасын, май тінінің мөлшері мен таралуын, зертханалық талдауларды және қатар жүретін ауруларды ескереді.
Балалардың 23 пайызында артық салмақ бар
Балалар арасындағы семіздік те алаңдаушылық туғызады. Балалар эндокринологы, балалар диабеті орталығының жетекшісі Айдана Қырықбаева Қазақстандағы балалардың 23 пайызы артық салмақ пен семіздікке шалдыққанын айтты.
Семіздік – жай ғана эстетикалық мәселе емес. Егер отбасында артық салмағы бар бала болса, оның себебін анықтау үшін міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Өйткені семіздіктің себептері әртүрлі болуы мүмкін, – деді маман.
Оның айтуынша, балалар арасында жиі кездесетін себептердің бірі – тез сіңетін көмірсуларды шамадан тыс тұтыну. Оларға тәтті сусындар, кондитерлік өнімдер мен фастфуд жатады. Бұған қоса, қазіргі балалардың физикалық белсенділігі төмендеген.
Ата-аналар баласының интеллектуалдық дамуына көбірек көңіл бөлгенімен, оның күнделікті жеткілікті қимыл-қозғалыс жасауына әрдайым мән бере бермейді. Ал қозғалыстың аздығы мен дұрыс тамақтанбау артық салмақтың қалыптасуына ықпал етуі мүмкін.
Айдана Қырықбаеваның пікірінше, семіздікпен күрес ең алдымен отбасындағы өмір салтын өзгертуден басталады. Баланың тамақтану тәртібін реттеу, физикалық белсенділігін арттыру және пайдалы әдеттерді бүкіл отбасы болып қалыптастыру маңызды. Ешқандай препарат отбасындағы өмір салтын өздігінен өзгерте алмайды.
Көкөніс көп аймақта семіздік аз
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Жанар Қалмақова семіздік пен онымен байланысты метаболизмдік асқынулардың алдын алу үшін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті.
Алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдары аурудың белгілерін ерте анықтауда маңызды рөл атқарады. Емханаларда дәрігерлер зат алмасу бұзылыстарын уақытында байқап, пациентті тиісті маманға бағыттай алады. Алайда семіздікпен ел көлемінде жүйелі күресу үшін медициналық ұйымдардың жұмысымен шектелмей, профилактикаға, ғылыми зерттеулерге және халықтың хабардарлығын арттыруға да көңіл бөлу қажет, – дейді ол.
Маман семіздіктің ауыр салдарын азайту үшін адамдарға медициналық көмекке уақытында жүгінудің маңызын түсіндіру керектігін айтты. Артық салмағы бар адамдар эндокринолог, терапевт және басқа да бейінді мамандардың кеңесін алғаны жөн.
Көкөніс мол өсетін оңтүстік өңірлерде семіздікке шалдыққандар аздау болса, солтүстік аймақтарда бұл көрсеткіш жоғары. Бұған тамақтану ерекшелігі мен өмір салты әсер етуі мүмкін – дейді Жанар Қалмақова.
Семіздіктің себептері әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Оған тамақтану мен қозғалыс әдеттерінен бөлек, генетикалық, гормондық және басқа да медициналық факторлар әсер етуі ықтимал. Сондықтан емдеу тәсілі де адамның денсаулық жағдайына қарай таңдалуы керек.
Дәрі көмектесе ме?
Баспасөз мәслихатында семіздікті емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмек терапиясының мүмкіндіктері де талқыланды.
Novo Kazakhstan бас директоры Манвендра Сингх компанияның семаглутид негізіндегі Wegovy® препараты Қазақстанда тіркелгенін және артық салмақты бақылауға арналған емдеу тәсілдерінің бірі ретінде қолжетімді екенін мәлімдеді.
Біз үшін ғылыми жетістіктердің пациенттер үшін шынайы мүмкіндіктерге айналғаны маңызды. Novo компаниясы Wegovy® препаратының тіркеліп, бүгінгі таңда қазақстандықтарға артық салмақ мәселесін бақылау үшін қолжетімді, – деді ол.
Манвендра Сингхтің айтуынша, препараттың 2,4 миллиграмдық дозасы аптасына бір рет инъекция түрінде енгізіледі. Оның құрамындағы белсенді зат–– семаглутид. Компания басшысы препарат дәрігердің бақылауымен және өмір салтын өзгерту шараларымен бірге қолданылатынын атап өтті.
Ол препараттың көмегімен 30 килограмнан астам салмақ тастауға болатынын да айтты. Алайда нақты нәтиже әр адамның бастапқы салмағына, денсаулық жағдайына, емдеу ұзақтығына және ағзаның препаратқа реакциясына байланысты өзгереді. Сондықтан бұл көрсеткішті барлық пациентке ортақ нәтиже ретінде қарастыруға болмайды.
Компания өкілі қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, семаглутидтің әсері мен қауіпсіздігі балалар мен ересектер қатысқан зерттеулерде қарастырылған. Дегенмен препараттың ықтимал пайдасы мен жағымсыз әсерлерін дәрігер әр пациент үшін жеке бағалауы қажет.
Wegovy® препаратының тиімділігі мен қауіпсіздігі STEP клиникалық зерттеулер бағдарламасында, ал жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсері SELECT зерттеуінде қарастырылған. Компания ұсынған мәліметке сәйкес, препаратты АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) 2021 жылы, ал Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) 2022 жылы мақұлдаған.
Семаглутид кейбір көрсетілімдер бойынша 12 жастан асқан жасөспірімдерге де қолданылуы мүмкін. Бірақ бұл барлық балаға жарамды дегенді білдірмейді: емдеу туралы шешім жасөспірімнің медициналық көрсетілімдеріне, денсаулық жағдайына және препараттың ресми нұсқаулығына сәйкес қабылданады.
Салмақты сақтау маңызды
Мамандардың ортақ пікірі бойынша, семіздікті емдеу бір ғана дәріге немесе қысқа мерзімді диетаға негізделмеуі керек. Ұзақ мерзімді нәтиже үшін тамақтану әдеттерін өзгерту, тұрақты физикалық белсенділік, медициналық бақылау және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмек терапиясы өзара үйлесуі қажет.
Семіздікке қарсы препараттар өмір салтын өзгертудің орнына жүрмейді. Олар тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда кешенді емнің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Ал балаларға қатысты мәселе ерекше назарды талап етеді: артық салмақтың себебін анықтап, емдеу тәсілін маманмен бірге таңдаған жөн.
Осылайша, семіздікпен күрес тек жеке адамның жауапкершілігімен шектелмейді. Отбасының қолдауы, медициналық көмектің қолжетімділігі, профилактика және қоғамның хабардарлығы да маңызды. Негізгі мақсат – таразыдағы санды азайту ғана емес, адамның денсаулығын жақсартып, ұзақ мерзімді асқынулардың қаупін төмендету.
7 Қазан, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?1 Қазан, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін берді1 Қазан, 12:41
Азиаданың финалына шыққан Ажар Асхат туралы не білеміз?1 Қазан, 11:32
«Шындықты жайып саламын»: Роналду ұлттық құрамадан кетті ме?