2,9 млн маман қажет: Қазақстанда қандай мамандар тапшы

2,9 млн маман қажет: Қазақстанда қандай мамандар тапшы

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ жұмысшы, техникалық және инженерлік мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Әсіресе денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде ең көп маман жетіспейтін салалардың бірі – денсаулық сақтау жүйесі.

Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме түскен. Ал педиатрларға ұсынылған 448 орынға 139 адам ғана үміткер болған. Анестезиолог-реаниматологтарға сұраныс та жоғары. Бұл мамандық бойынша 300 бос орынға 75 түйіндеме тіркелген.

Бұдан бөлек, елімізде онколог, неонатолог және эндокринолог дәрігерлер де жетіспейді.

Қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

Министрлік мәліметінше, жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс та азаймаған. Қазір жұмыс берушілер білікті электр мамандарын, механиктерді, слесарьларды, дәнекерлеушілерді, машинистерді, жабдық операторларын, құрылысшылар мен жүргізушілерді іздеп жатыр.

Сонымен қатар инженерлер мен өндірістік процестерді автоматтандыру саласының мамандары қажет.

Ведомство мұндай сұранысты өнеркәсіптің дамуы, жаңа нысандардың салынуы, кәсіпорындардың жаңғыртылуы, сондай-ақ көлік және энергетика инфрақұрылымының кеңеюімен байланыстырады.

Қазір жұмыс берушілер үшін маманның кәсіби білімімен қатар, заманауи технологияларды меңгеруі де маңызды.

IT мамандарына да сұраныс артып келеді

Еңбек нарығында бағдарламалық жасақтама әзірлеушілер, қосымша бағдарламашылары және басқа да IT мамандары сұранысқа ие.

Министрліктің түсіндіруінше, өндіріс орындарында автоматтандыру жүйелері мен жасанды интеллектінің енгізілуі цифрлық құралдарды пайдалана алатын қызметкерлерге деген қажеттілікті арттырып отыр.

Ұзақмерзімді болжам бойынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Оның жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

Осыған байланысты 2026 жылы сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілген. Оған инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы салаларындағы кәсіптер енгізілген.

Кадр тапшылығының басты себебі неде?

Министрлік еңбек нарығындағы негізгі мәселе жұмыс күшінің жалпы санының аздығында емес, мамандардың біліктілігі мен жұмыс берушілердің талаптары арасындағы сәйкессіздікте екенін атап өтті.

Яғни кейбір салаларда жұмыс іздеушілер көп болғанымен, олардың білімі мен тәжірибесі бос жұмыс орындарының талаптарына сай келмейді.

Сондықтан ведомство сұранысқа ие мамандарды даярлауға, олардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға және оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтуге басымдық беріп отыр.

Қазір кәсіпорындармен бірлесіп, дуальды оқыту жүйесі дамытылуда. Бұл тәсіл студенттерге теориялық білімді өндірістегі тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтар қысқамерзімді кәсіптік курстардан өтіп, жаңа мамандық меңгере алады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, еңбек нарығындағы сұранысты алдын ала болжау болашақта қажет болатын кәсіптерді анықтауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және азаматтарға мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

Оқи отырыңыз

{